Қаржы • 05 Қыркүйек, 2022

Кәмелеттік жасқа дейін қаржы аудару Ұлттық қордың ашықтығын арттыра ма?

546 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

2024 жылдан бастап елімізде дүниеге келген әр сәбидің есепшотына Ұлттық қордан қаржы аударылып тұратын болды. Мұндай бастаманы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында мәлімдеді. «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы аясында қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызы бала 18 жасқа толғанша аударылып тұрмақ.

Кәмелеттік жасқа дейін қаржы аудару Ұлттық қордың ашықтығын арттыра ма?

Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «EQ»

«Қаржы әр бала 18 жасқа толғанға дейін аударылып тұрады, оны мер­зі­мі­нен бұрын есепшоттан шығарып алуға болмайды. Жинақталған қаржы балалар кәмелет жасына толғаннан кейін олардың баспана немесе білім алуына жұмсалады. Бұл қаражат өске­лең ұрпақтың үлкен өмірге қадам ба­суына мүмкіндік береді. Қор, шын мә­нінде, ұлттық мәртебеге ие болып, халқымыздың игілігіне қызмет етеді. Бастаманы мұқият әзірлеу қажеттігін ескере отырып, жобаны 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап іске қосуды тапсырамын», деді Мемлекет басшысы.

Президент сөзінен кейін бұл баста­ма­ға әрқилы көзқарас білдіргендер де, кәсіби баға бергендер де, бұлдыр жорамалмен шектелгендер де көп болды. Әрине, бұл ретте кәсіби қар­жыгерлердің пікіріне сүйенген абзал. «Ұлттық қор – балаларға» бағ­дарламасының нақты жарғы-тәрті­бі жоқ әзірге, сондықтан бас­та­маға қаржы мамандарының көзімен қа­рай­мыз. Мәселен, мұнай-газ сала­сы­ның сарапшысы Нұрлан Жұма­ғұ­ловтың есептеуінше, бағдар­лама аясында жыл сайын әр баланың шотына 74 мың теңгеден кем қаражат түспейді.

«Ұлттық статистика бюросының дерегінше 0-17 жас аралығындағы бала саны – 6 млн 300 мың. Шілденің аяғындағы жағдай бойынша Ұлттық қордың активі 29,5 трлн теңгені құрады. Құрылғаннан қазірге дейін қордың жылдық орташа кірістілігі 3,17 пайыз болды. Соңғы 5 және 10 жылда – жылдық мәнде 1,70 және 1,67 пайызды құрады. Ұлттық қордың жылдық орташа инвестициялық та­быс­­тылығы 935 млрд теңгені құ­рауы мүмкін. Осылайша, оның 50 пайызын балаларға берген жағдайда әр бала жыл сайын 74 241 теңге алады», дейді.

Бұл ретте ол қор активі 90 пайы­зы­ның шетелдік валютада сақта­ла­тынын және түсім долларға қатысты теңге курсына тікелей тәуелді екенін айтады. Ұлттық қорға доллар көп түс­кен сайын, инвестициялық табыс та мол болады.

«Бірақ алдымен Ұлттық қордың заңды мәртебесін бекіту керек. Қазір ол Үкіметтің шетелдегі есепшоты болып саналады», дейді Н.Жұмағұлов.

Nomad Life Insurance директорлар кеңесі төрағасының кеңесшісі Нұрғали Нұрмахамбетов Президент бастамасын «келешекке бағытталған инвестиция» дейді және біршама оптимисті пікір білдіреді.

«Ұлттық қордан балалар шотына ақша аударып отыру – тамаша идея. Үздік сценарий жағдайында қазір өмірге келген бала 18-ге толғанда 40 мың доллар алады, ал нашар сценарий бойынша 20 мың доллар алады. Тиісінше, бұл біздің Ұлттық қордың ең керемет инвестициясы болмақ. Доллар құлауы, мұнай таусылуы, ставкалар құлдырауы мүмкін, ал келер ұрпақ игерген жаңа білім ел қазынасына нағыз табыс әке­ле­ді. Өзіміз ойланып көрейікші, әлем­де білімнен асқан инвестиция бар ма?! Қазір әлем бойынша мөл­шер­ле­мені орналастыру құны өсіп жатыр. Америкалық трежер бойынша базалық ставкадағы 0,5 пайызбен Ұлттық қор 3,5 пайыз табыс табады. Сонда 4 пайызбен (қазір екі жылдық америкалық облигациялар солай сау­да­ланады) біз алдағы 5-10 жылда Ұлт­тық қордың 8-9 пайыз кіріс­ті­лі­гі­не ие боламыз», дейді инвестиция маманы.

Оның сөзіне қарағанда, бұл екінші жағынан елде бала келешегін ерте бастан ойлау дағдысын да қалып­тас­тырады.

– Жалпы, бізде баланың болаша­ғын оның кішкентай кезінен бастап ойлай бермейді ғой. Оның келе­ше­гі үшін деп ақша жинау да сирек кез­де­седі. Ал мемлекеттің өзі жинап берсе, бұл тәуір мүмкіндік. Ұлттық қор­дың түсімі мұнай бағасына байланысты. Қазір баррелі 100 доллардың айналасында. Кемі жақын жиырма жылдықта мұнайға деген қажеттілік жоғала қоймайды. Сондықтан Ұлттық қор түсімі молаяды деген сенім басым. Тек ол қордан алатын трансферттерді азайтуымыз керек. Оны Президенттің өзі де атап өтті. Мұнай бағасы өзінің жоғары тұрақтылығын сақтап тұрса, онда балалар шотына түсетін ақша да мол әрі тұрақты болады. Нәтижесінде, ертеңгі күні бала кәмелет жасына толғанда не баспана алатын, не білім алатын мүмкіндігі болады. Сондықтан Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл бас­тамасын келешекке бағытталып отыр­ған инвестиция деп қарауымыз керек, – дейді Н.Нұрмахамбетов.

Телеграмдағы Tengenomika ка­на­­­лының сарапшылары ақшаны ба­ла­ларға берудің соңы алдағы 5 жылда 3,6 млрд доллар сомасындағы ин­вес­ти­циялық табыстан айырылуға әкеліп соғады деп алаңдайды.

«Қор жинақтаушы және тұрақ­тан­ды­рушы функциясын атқарады. Яғни форс-мажор жағдайлар – кешегі пандемия, экономикалық дағдарыс немесе мұнай дәуірінің аяқталуы секілді кезеңдерде мұндай қор экономикаға тиетін соққыны әлсіретеді және қиын­дықтан жедел өтіп кетуге көмек­те­седі. Инвестициялық табыс­тың тең жар­ты­сы­ның алынуы қорға кері әсер ете­ді. Ал Үкімет түрлі жаңа бастамаға сілтеме жасай отыра Ұлттық қордан трансферт алуды жалғастыра береді. Жалпы, елімізде проблеманың түп-төркініне үңіле бермейді. Одан да білім­ге бөлініп жатқан қаржыны бас­қаруды жетілдірсе дұрыс болар еді. Білім сапасын арттыру және адами капиталды инклюзивті дамыту – болашақта білімді ұлттың, оның ішінде әлемдік деңгейде бәсекеге қа­білетті өскелең ұрпақтың нақты кепілі», дейді сарапшылар.

Бұл ретте қаржыгер Андрей Чебо­таревтың пайымы басқаша.

«Біздіңше, бұл бастама әлдеқайда қызықты. Президент Ұлттық қорға тиіспеу туралы бірнеше рет ескертті. Бірақ Үкімет бас тарта алмай отыр. Нәтижесінде, биыл трансфер сомасы 2 трлн теңгенің орнына 5 трлн теңгені құрады. Ұлттық қор қазір бөлек қор және компания ретінде бөлінбейді. Бұл – Ұлттық банктің қалаған кезінде есеп бере алатын есепшоттарының жиынтығы. Дәл сол БЖЗҚ қор ретінде құрылғандықтан өте ашық – ай сайын зейнетақы қорының толық құрылымы әрбір нақты құралға дейін қолжетімді. Ұлттық қордың мәліметі бойынша, тек шамамен портфель белгілі, оның өзінде Ұлттық банктің мейірбандығы арқылы олар ресми түрде ол туралы ешқандай ақпаратпен бөлісуге міндетті емес», дейді ол.

Сарапшының айтуынша, Пре­зидент тапсырмасының арқасын­да Ұлттық қордың жұмысы мұқият қадағаланып, балаларға ақша аударуға байланысты қор ең үлкен қоғамдық бақылаудың біріне ие болады.

«Осылайша, Президент Үкіметтің Ұлттық қордан жаңа трансферттерді алуын қиындатып, сонымен бірге Ұлттық қордың инвестиция мәселесін жаңа деңгейге көтерді. Жақын арада біз қор ребрендингін көріп қалуымыз мүмкін. Ол ашық инвестициялық сая­саты бар, төрағасы мен қоғамдық кеңесі бар жеке корпоративтік құры­лымға бөлінеді», деп болжам айтады А.Чеботарев.

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров балалардың шо­тын­да жиналған сома олардың үй алуы­на немесе ипотеканың алғашқы жарнасын төлеуіне жеткілікті болады дейді.

«Республикадағы үй бағасы әр­түрлі. Баға өңірлерге байланысты. Егер бағасы 1,5-2 млн теңге болса, кей елді мекендерде жиналған сома­ға үй сатып алуға болады. Қала жағ­­дайында ақшаны ипотеканың ал­­ғашқы жарнасы ретінде төлеуге мүмкіндік бар. Инвестициялық табысты бөлістіру механизмі бойынша тиісті ұсынысты Президент Әкім­шілігі алдағы екі айда жасайды. Жаңа­шылдықтың енгізілуіне байланысты Ұлттық қор активі азаймайды, бірақ жыл сайынғы инвестициялық кіріс әртүрлі болуы мүмкін. Бұл Ұлттық қор қаржысы инвестицияланатын шетелдік нарықтардың жағдайына байланысты болады», деп түсіндірді министр.

Ұлттық банк дерегінше, 2021 жыл­дың соңында Ұлттық қордың активі 55,3 млрд долларға жетті. 2020 жылы Ұлттық қордан – 4,8 трлн, 2021 жылы 4,5 трлн теңге алынған. Биыл Үкімет 4,6 трлн теңге сұраған.