Әлем • 05 Қыркүйек, 2022

Төрткүл дүние тілсіз жаумен күресіп жатыр

377 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Биыл АҚШ, Еуропаның бірқатар елінде тіркелген орман өрттерінің саны өткен жылдармен салыстырғанда едәуір артқан. Апаттың басты себебі – құрғақшылық. Демалыс күндері Қостанай облысы орманнан шыққан қызыл жалынмен күрессе, АҚШ-тың Солтүстік Калифорния штаты да екі орманнан шыққан тілсіз жауды ауыздықтады.

Төрткүл дүние тілсіз жаумен күресіп жатыр

АҚШ телеарналары хабарла­ған­дай, орманға жақын ауыл тұрғын­дары бірден қауіпсіз жерге көшіріл­ген. Сискию ауданының штат губе­рнаторы Гэвин Ньюом ауыл­дық округте төтенше жағдай жариялап, өрт салдарынан бірнеше тұрғынның зардап шеккенін мәлімдеді. «Олар қазір жақын маңдағы ауруханада ем-дом қабылдап жатыр», деді штат басшысы. Тілсіз жау 4 мың гектарға жуық аумақты қызыл жалынға ораған. Сенбі күні өрт 20 пайызға эвакуацияланған. Қауіпсіздік қызметкерлері қажетті іс-шаралар жалғасып жатқанын айтады.

Euronews телеарнасының мәліме­тінше, биыл Еуроодақ елдерін­дегі орман өрттері рекорд­тық көрсеткішке жеткен – 700 мың гектар аумақ. Еуропалық орман өртінің ақпараттық жүйесінің (EFFIS) деректері бойынша Испания орман өртінен ең қатты зардап шеккен, елдің 283 000 гектардан астам жері өртеніп кеткен. Одан кейін Румыния (150 735), Португалия (86 631), Франция (62 102) және Италия (42 835) тұр.

Мамандар соңғы жылдары әлемдегі өрт саны күрт өскенін айтады. Мәселен, тамыз айының ортасында дүние жүзінде 2 300-ден астам өрт тіркелген, бұл 2006-2021 жылдарда тіркелген 1 349 өрт оқиғасының орташа көрсеткішінен біршама жоғары.

«Ауа температурасының жо­ғарылауы, климаттың өзгеруі, құр­ғақшылық жайлап, жауын-шашынның аз түсуі орман өрт­терінің басты себебі болып тұр», дейді мамандар. Еуропалық Комиссияның Бірлескен зерттеу орталығы бұл соңғы 500 жыл­дағы өрттің ең жоғарғы көрсет­кіші екенін мәлімдеді.