Қоғам • 06 Қыркүйек, 2022

Қостанайлықтарды қолдайды

276 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мал қайғы емес қазір жан қайғы. Барша отандастар қос­та­най­лықтарды қолдайды. Алғашқылардың бірі болып Amanat партиясының әр өңірдегі өкілдері гуманитарлық көмек ұйым­дастыруды қолға алды. Екі күннің өзінде 807 тонна қажетті заттар жиналып, апат болған аймаққа жөнелтілуде.

Қостанайлықтарды қолдайды

Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Amanat партиясының мү­ше­лері Қостанай жұртшылығын қол­дау мақсатында атқарылып жат­қан жұмыстарға тоқталды. Пар­тия хатшысы Дәулет Кәрібек ел ба­сына күн туғанда бірлігімізді таны­тудың маңызы зор екенін айтты.

– Қостанайдағы жағдайға барша отандастар алаңдап отыр. Еліміздің түкпір-түкпірінен хабарласып, қол ұшын созуға ниет білдіргендер көп. Әулиекөл ауданына қарасты Әулиекөл ауылындағы «Болашақ» стадионында орналасқан гуманитарлық көмекті қабылдау пунктіне Amanat-тың алғашқы гуманитарлық көмегі жетті. Азық-түлік өнімдері, дәрі-дәрмек, жеке гигиеналық заттармен қатар, құрылыс материалдары да бар. Партия хатшысы Ринат Кертаев бастаған депутаттар апат болған аймаққа арнайы барып, тұрғындармен кездесіп, проблемаларды шешуге кірісіп кетті. «Жастар Рухы» жастар қанатының әр аймақтағы мүшелерінен құ­рал­ған 1000-нан астам волонтер гу­ма­нитарлық көмекті ұйымдастыруға жұмылдырылды. Оның ішінде 300 жас зардап шеккендерге көмек көрсету және қалпына келтіру жұмыстарына қатысу үшін Қостанай облысында жүр. Партия өкілдері әр тұрғын өз үйіне кіріп, қалыпты өмірге оралғанша тиісті көмек көрсетуді жалғастыратын болады, – деді Дәулет Кәрібек.

Партия хатшысы Ринат Кертаев отандастардың қолдауын көзбен көріп, сезініп, патриот азаматтардың көп екеніне қуанғанын жеткізді. «Сын сағатта қостанайлықтарға көмектесу – парызымыз. Партия Төрағасы Ерлан Қошановтың бастамасымен барлық өңірлік филиалдарда пункттер аштық. Барлық партиялықтар қолдау көрсетті. Әулиекөл ауылындағы «Болашақ» стадионында орналасқан гуманитарлық көмекті қабылдау пункті екі күннің ішінде толды. Қостанай жұрты қолдау көрсетіп жатқан отандастарына алғысын білдіруде. Біз өз тарапымыздан зардап шеккен отбасылардың мектеп табалдырығын аттаған 34 оқушысына қажетті оқу құралдарын, киім-кешектерді сыйламақпыз. Өзге де көмектер үздіксіз көрсетіледі», деді ол.

Парламент Мәжілісінің депутаты, Amanat партиясы фрак­ция­сының мүшесі Аманжол Әлтаев жергілікті тұрғындар да бір жа­ғадан бас, бір жеңнен қол шыға­рып, татулықтарын танытып жат­қанын айтты. Мәселен, Темір Хамитұлы деген азамат өртен­ген көліктегі ауылдасын құтқа­рамын деп денесінің 9 пайызын күйік шалған. «Тілсіз жауды ауыз­дықтауда кәсіби шеберлік­терін көрсеткен төтенше жағдай­лар қызметінің мамандарына, сар­баздарға алғысымызды білді­ре­міз», деді А.Әлтаев.

Партияның Қостанай облыстық филиалының атқарушы хатшысы Бибігүл Аққожина бүгінде 21 гуманитарлық көмекті қабылдау бекеті жұмыс істеп тұрғанын айтты. Тәулік бойы қабылдайтын пункт те бар. Ол өз кезегінде барша қостанайлықтардың атынан қиын кезеңде қолдау көрсетіп жатқан қазақстандықтарға ризашылығын білдірді.

Аmanat партиясы Орталық аппаратының ұжымы Қостанай облысындағы табиғи өрттерден зардап шеккен тұрғындарға көмек көрсету қорына бір күндік жалақысын аударатынын жеткізді.