Қоғам • 06 Қыркүйек, 2022

Қиындықты бірге еңсереміз

234 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қостанайдағы ағайынның басына түскен қиын жағдайды, әсіресе Арыс қаласы мен Мақтаарал ауданының жұртшылығы ауыр күйзеліспен қабылдады. Олай дейтініміз, бірінде оқ-дәрі қоймасы жарылып, екіншісінде су тасқыны болғанда тұрғындар төтенше жағдайды бастан кешкен-ді.

Қиындықты бірге еңсереміз

Арыс қаласында 2019 жылы болған техногендік сипаттағы төтенше жағдайда қаланы қал­пына келтіруде қол ұшын созған қостанайлық ағайынның игі ісін ұмытпаған арыстықтар зардап шеккен тұрғындарға көмек көрсету мақсатында ақшалай, азық-түлік, киім және ең қажетті заттар жинауда. Олардың қатарында қарапайым азаматтар да, шағын бизнес өкілдері де бар.

Арыс халқы бір күнде 3 тонна ұн, 100 адамға лайықталған төсек жабдықтары, 1 тонна макарон, 500 литрге жуық өсімдік майы, 10 тонна ауыз су, тонна картоп жә­не 1 тонна сәбіз, 3 тонна пияз, 1 ауыр жүк көлік қауын, жарты тонна орамжапырақ секілді тез бұзылмайтын азық-түлік өнімдері, гигиена құралдары және бірінші кезектегі қажетті заттарды Қостанай облысына жөнелтті. Сондай-ақ Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асановтың бастамасымен мақтааралдықтар бір түннің ішінде өрттен зардап шеккен қостанайлықтар үшін жинаған 23 тоннадан астам гума­ни­тарлық көмек тиеген үлкен жүк көлігі алыс жолға аттан­ды. Аз уақыттың ішінде қостанай­лық­тардың сұранысына сай ең бі­рінші қажетті азық-түлік өнімдерін, гигиеналық заттар мен төсек-орын жабдықтары жинал­ған. «Мақтааралдықтар тасқын судан зардап шеккенде бүкіл Қазақстан халқының, оның ішінде қостанайлықтардың көмегін ұмытқанымыз жоқ. Міне, бүгін қостанайлық бауырларымыздың басына түскен қайғы-қасіретті бөлісу үшін ең алғашқылардың бірі болып гуманитарлық көмекті жіберіп отырмыз. Біздің күшіміз – бірлікте. Біріксек қана бұл қиындықты да жеңе аламыз», дейді мақтааралдықтар.

Қостанай облысындағы өрттен жапа шеккен тұрғын­дарға көмектесу ниетінде облыс әкімдігінің мемлекеттік қыз­мет­шілері 1 күндік жалақыларын аударса, кәсіпкерлер де қаржылай көмектерін көрсетуде. Алғашқы күні 70 млн теңге Қостанай облы­сына көмек ретінде жиналды. Облыста бірнеше гумани­та­р­лық көмек қабылдау пункттері ашылған. Қазақстан халқы Ассамблеясының аудан-қаладағы филиалдары да көмек көрсетуде белсенділік танытуда. Сондай-ақ 17 аудан, қалалық «Жастар ре­сурстық орталықтары» ғима­рат­тарында гуманитарлық көмек жинақталуда. Гуманитарлық көмектің алғашқы легі жөнелтіліп үлгерген. Жуық арада қосымша тағы да 20 тонналық 2-3 жүк көлігі Қостанай облысына жібе­ріледі.

 

Түркістан облысы