Спорт • 06 Қыркүйек, 2022

Сурдлимпиада ойындарының жүлдегерлеріне қанша қаражат төленеді?

213 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мәдениет және спорт министрлігі резервтен қаражат бөлу туралы Үкімет қаулысының жобасын әзірледі, деп хабарлайды Egemen.kz.

Сурдлимпиада ойындарының жүлдегерлеріне қанша қаражат төленеді?

«Мәдениет және спорт министрлігіне 2022 жылға арналған республикалық бюджетте шұғыл шығындарға көзделген Үкімет резервінен Бразилияның Кашиас-ду-Сул қаласында 2022 жылғы XXIV жазғы Сурдлимпиада ойындарында жоғары нәтижелерге қол жеткізген спортшыларға және олардың жаттықтырушыларына біржолғы төлемдерді жүзеге асыру үшін 3 610 586 265 теңге мөлшерінде ақшалай қаражат бөлінсін», делінген құжатта.

Тізімге барлығы 80 спортшы, сондай-ақ олардың жаттықтырушылары да кірді.

Дзюдошылар Әлдібек Нұрмұхаммед пен Анна Краморова 66 957 000 теңгеден төлем алады. Олардың жеке жаттықтырушылары 53 565 600 теңгеден және алғашқы жаттықтырушылары 6 695 700 теңгеден алады.

60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде күміс медальға ие болған Әлдібек Нұрмұхаммед командалық жарысқа қатысқаны үшін 33 123 000 теңге алады.

Анна Краморова 78 келі салмақ дәрежесінде күміс медаль жеңіп алған еді.

100 келі салмақ дәрежесінде қола медаль алған Сабыржан Хапизов 33 478 500 теңге, ал оның жаттықтырушылары тиісінше 26 782 800 және 3 347 850 теңге сыйақы алады. Спортшы екінші марапат үшін қосымша 33 123 000 теңге алады.

Жеңіл атлет Ольга Хижнякова бірден бірнеше төлем алады, себебі ол бірнеше марапатқа ие болды. Оған күміс және қола медальдар үшін 65 170 500, 32 585 250 және 12 835 200 теңге төленеді.

Алтын медальдарға қол жеткізген Шонку Хайратхаан (грек-рим күресі) мен Фархад Қыстаубаев (жеңіл атлетика) 108 617 500 және 110 652 500 теңгеден ең үлкен төлемдер алады. Сонымен қатар, спортшылар жарыстағы басқа жетістіктері үшін қосымша сыйлықтармен де марапатталды.

Спортшылар мен тиесілі төлемдердің барлық тізімі 20-шы қыркүйекке дейін «Ашық НҚА» сайтында орналастырылған.