Ә.Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінің директоры Гүлайым Жұмабекова Қытай өнері көрмесінің Қазақ елінде ұйымдастырылуының өзіндік себебі бар екенін атап өтті. Қытай Халық Республикасы 30 жыл бұрын Қазақстан Республикасымен дипломатиялық қарым-қатынас орнатқан алғашқы елдердің бірі. Осы атаулы күнге орай Қытай ұлттық мұнай корпорациясы Ә.Қастеев атындағы өнер музейімен серіктестік орнатып, музей коллекциясында жинақталған жәдігерлерден «Қытай өнері» ғылыми каталогын басып шығаруға демеуші болды. Музей директорының айтуынша, өзі басқарып отырған өнер ордасында қытай мәдениетінен хабар беретін жәдігерлерді жинақтау 1935 жылдан басталған және мұнда стилі, жасалу техникасы әртүрлі мыңға жуық жәдігер сақтаулы тұр. 1936 жылы Мәскеу мен Ленинградтың музейлері галерея қорына жүздеген экспонат өткізген. Олардың арасында XVI ғасырға тән белгісіз суретшінің жібекке түрлі-түсті тушпен салған «Екі ханымның портреті» туындысы стиль тазалығымен, жарқын образымен, көркем құндылығымен ерекшеленеді.
Әр жәдігер көне тарих хабаршысы әрі бай мазмұнды қытай философиясына тұнып тұр. Өнер де дін сияқты, құпия шындыққа қызығушылық танытады. Қытай даналығына сәйкес суретші аспанның, жердің және адамзаттың мәнін ұғынбаса, қытай халқының мәдени дәстүрін де, өнерін де түсіне алмайды. «Өнер халықтың рухы туралы ашық әрі нақты куәлік болып есептеледі. Қытай өнерінің бірегейлігі неде? Ханзу мемлекетіндегі екі ілім, яғни конфуцизм мен даосизм қытай өнерін дамытуға әсер еткен мәдени ахуал қалыптастырды. Даосизм мен конфуцийлік ілімнің сабақтаса дамуы және өзіндік үйлесім тауып, бірігуі қытай өнерінің формасы мен мазмұнын жасады. Қытайлар барлық болмыстың бастауында тұратын, бір-бірін толықтыратын, бір-біріне арқа сүйейтін қарама-қарсы бірліктер «ян-инь» мәнінің идеясын басшылыққа алады. Олардың болжамына сәйкес суретші классик те, романтик те болмауы мүмкін. Бірақ ол міндетті түрде «ян» яки «инь» болуы керек. Бұл шығармашылықта натуралистік және идеалистік сапа үйлесуге тиіс. Ал стилінде жалпыламалық та, тұлғалық та, дәстүр де, бірегейлік те көрініс табуы қажет» дейді көрме жетекшісі әрі «Қытай өнері» каталогын құрастырушы Мария Копелиович.
Көрме жетекшісі келген қонақтардың назарын император шапанына аударды. XVIII ғасырдың соңында жасалған «Алтын айдаһар бейнеленген император халаты» осыдан қырық жыл бұрын жеке адамның жинағынан алынған екен. Онда бейнеленген бесбасты айдаһар қытай билігінің символикалық белгісі іспетті. Әдетте, ел билеуші императордың киімі сары түсті болса, бұл шапан көктүсті. Шапанды император жылына тек бір рет, аспан күшіне табынатын жоралғысын жасау үшін ғибадатханаға келгенде ғана киген. Сондай-ақ ваза сыртына салынған суреттер де тарих қойнауында қалған шежіреден көп сыр шертеді. Вазалардың біріндегі суретте туған күнін мың жылда бір рет, тек мәңгі солмайтын шабдалы гүлдегенде ғана атап өтетін батыс құдайы Сиван Му бейнеленген.
Қытайдың әлемдік мәдениетке қосқан сүбелі үлесі – көркем қола мен фарфордан жасалған бұйымдары. Көрмеден ата-бабаларына құрбандық шалуға арналған дәстүрлі металл ыдыстарды көруге болады. Сондай-ақ экспозицияда Будданың мүсіндері де жиі көзге шалынады. Шеберлердің әр детальді мұқият, дәл өңдегені, материалды барынша сезінгені байқалады. Қытай ежелден көркемдігі жоғары кестеленген туындылардың отаны ретінде де белгілі. Қолданбалы өнердің бұл түрін кейде «инемен кескіндеу» деп те атайды. Сондай-ақ көрмеде төрт мың жылдық тарихы бар көркемдеп ойылған тастар да алыстан менмұндалайды. Бұл өнердің жасалу жолы мен тәсілін шеберлер құпия сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа аманаттап отырған. Көрмеге қойылған XVI –XXI ғасырлардағы суретшілердің графикалық туындылары, қыш, фарфор, металл мүсіндер мен бұйымдар тұсауы кесілген жаңа каталог жинағында толықтай топтастырылған.
АЛМАТЫ