Қаржы • 06 Қыркүйек, 2022

S&P: Кіріске кедергі көп

4517 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

S&P Global Ratings Қазақстанның тәуелсіз несие рейтингі бойынша болжамды қайта қарап, оны (рейтингті – ред) «Тұрақтыдан» «Жағымсызға» ауыстырды. Негізгі себеп – Қазақстан мұнайының 80 пайыз экспортын қамтамасыз етіп отырған Каспий құбыр консорциумы (КТК) бойынша туындап отырған тәуекелдерге байланысты. Аналитиктер Украинадағы соғыс салдарынан туындаған геосаяси қысым КТК құбыр желісі жұмысының қайта-қайта тоқтап қалуына себеп болып жатыр деп есептейді.

S&P: Кіріске кедергі көп

«Біздің көзқарасымыз бойынша, Ресей түсініксіз геосаяси ахуал кезінде Қазақстанға немесе Украинаны қолдап отырған Еуропа елдеріне әсер ету тетігіне ие болу үшін, не болмаса қазақстандық мұнай активтерінде үлесі бар батыс компанияларына (Қазақстандағы мұнай құбыры мен мұнай кен орындарының акционерлеріне Chevron, ExxonMobil, Shell және TotalEnergies кіреді) зиян келтіру үшін құбыр желісі бойынша мұнай жеткізуді тоқтатып тастауы ық­тимал. Бұл жағдайда құбырдың жұ­мы­сындағы үзілістер Ресей мен Қа­зақстан арасындағы қарым-қатынасқа бай­ланысты болмауы мүмкін, бірақ соған қа­рамастан, оған зиян келтіруі мүмкін», делінеді агенттік хабарламасында.

Сондай-ақ олар соғыс кесірінен инфляция жоғары деңгейге жететінін, ал бюджеттік шоғырландыру қарқыны бәсеңдейтінін айтады.

«Қарыз алудың өсуіне байланысты 2022 жылдан бастап Үкіметтің борыштық міндеттемелері оның өтімді активтерінен сәл асып кетеді.

«Сонымен бірге пайыздық мөлшер­ле­ме­лердің өсуі және ішкі қарыз эмиссиясына тәуелділік жағдайында мемлекеттік қарыз алу құны өседі. Біздің болжамдарымыз бойынша, 2022-2025 жылдары қарызға қызмет көрсетуге жұмсалған шығыстардың үлесі бюджет кірістерінің орташа есеппен 9,8 пайызын құрайды», дейді агенттік сарапшылары.

Қазақстан қарыз өсімін бәсеңдетсе, орта мерзімді фискалды болжам жақ­сарса, борышқа қызмет көрсету және өтеу шығындары төмендесе, Үкі­мет шикі­заттық емес кірістер базасын айтар­лық­тай ұлғайтса немесе шығын­дар­ды қысқартса ғана агенттік еліміздің дербес рейтингін қайтадан «Тұрақтыға» ауыстыруы мүмкін.

«Базалық мөлшерлеменің шамадан тыс өсуіне байланысты бюджет тапшылығын қаржыландыру үшін қарыз алу құны да өсті. Бұл туралы біз және Қаржы министрлігі көктемде айтқан болатынбыз. Нәтижесінде, біз инфляцияны төмендетудің орнына несиелік рейтингтің нашарлауына ие болдық. Бұл қарыз алу құнының одан да көп өсуіне, инвесторлардың қашуына және теңгенің құлдырауына әкелуі мүмкін және бұл инфляция өсіміне әсер етеді. Осылайша, базалық мөлшерлеменің өсуі инфляцияны төмендетпей, керісінше өсірді», дейді қаржыгер Андрей Чеботарев.

Телеграмдағы RiskTakersKZ каналы «S&P анықтаған тәуекелдерге сүйене отырып, бұл Қазақстанның экономикасын әртараптандыру мен экспортының сәтсіздігінің, сондай-ақ ресурстарды тым шебер пайдалана алмауының тағы бір көрінісі деп қорытынды жасауға болады», деп жазады.

«Біздің болжамымызша, S&P келесі жылы жаңа фискалдық ережені енгізуге күмән келтіреді, бұл Үкіметтің төмен фискалдық тәртібін тағы бір рет растайды. Қазақстан «алыпсатарлық» рейтингке барынша жақын. Бұл Үкіметтің қате шараларды жалғастырып жатқанын білдіреді. Президент рейтингтің нашарлауына баға беріп, министрлер кабинетімен фискалдық тәртіптің маңыздылығы мен нақты реформалардың қажеттілігі туралы профилактикалық әңгіме жүргізеді деп сенеміз», деп жазады канал сарапшылары.

ENERGY_MONITOR каналы болса, ел билігі КТК бойынша қазақстандық мұнай транзитінің ставкасын қайта қа­рауы керек деп санайды.

«S&P рейтингтің төмендеуін экс­порттың 80 пайызын көтеріп отырған КТК құбыр желісімен байланыстырады және аталған құбырдың осал қызмет етіп отырғанын атап өтеді. Ел экономикасы қазірдің өзінде осы мұнай құбырынан зардап шегіп отырғандықтан, мемлекеттің Қазақстан мұнайын КТК арқылы транзиттеу тарифтерін қайта қарастыратын кезі келді», дейді канал авторы.

Каналдың жазуынша, қазір транзит ставкасы тоннасына 38 долларды құрайды. Транзит үшін қазақстандық компаниялар жылына орта есеппен 2 млрд доллар төлейді.

«2020 жылы КТК компаниясы акционерлер алдындағы барлық қарызын төледі және алғаш рет дивиденд берді. 2,1 млрд доллар кірістілік жағдайында КТК-ның орташа таза табысы 750 млн доллардан асады, ол акционерлер арасында бөлістіріледі («ҚазМұнайГаз» үлесі – 21 пайыз). КТК операторы салық төлемінің төрттен бірі ғана (85 млн доллар) Қазақстанда қалады, қалғаны (3/4) Ресей Федерациясының бюджетіне кетеді. Егер ставка көлемі 10 пайызға төмендесе қазақстандық жүк жіберушілер 200 млн доллар үнемдеуші еді. Ал жүк жіберушілер шығынының төмендеуі мемлекеттік қазынаға жыл сайын 50 млн доллар түсіруге көмектеседі», деп жазады канал.

Қаржы сарапшысы Айбар Олжай жағдайды былай түсіндіреді. «S&P аналитиктері 2024 жылдан бастап мұ­най бағасының төмендеуі бюджет кі­рі­сіне қысым жасауы мүмкін деп болжайды. Онда дефицит артып, қарыз алу көлемі ұлғайса, бізге жалғыз жол – бюджет шығындарын қысқарту ғана қалады. Ол кезде халық наразылығы артып, әлеуметтік толқулар басталса, Президент пен атқарушы биліктің позициясы мықты болуға тиіс. Сондықтан бұған жеткізбеген жөн және оған қазірден бастап дайындала беру керек. Өзіне тым көп әлеуметтік жүктеме артып алған мемлекет жан-жақтан қарыз алып кеткені және оны қайтару бюджетке салмақ түсіре бастағаны байқалады», дейді ол.

Сарапшының айтуынша, 2021 жылы біз қарызды қайтаруға 1,1 трлн теңге жұмсадық. Инфляциямен күрес үшін базалық ставка 14,5 пайызға көтерілгелі, Үкіметке ішкі нарықтан қарыз алу құны айтарлықтай қымбаттап кетті.

«Қазір жылдық купоны 15%-дан аспаса, мемлекеттік облигациялар ешкімге қызық емес. Сонда болжам бойынша, 2022-2025 жылдары қарызды жабуға кететін шығын үлесі бюджет түсімдерінің орташа 9,8 пайызын құрамақ. S&P Global Ratings өз сөзін айтты. Енді Fitch не дер екен? Fitch біздің суверенді рейтингті шамамен қазан-қараша айларында жаңалайды. Қазір BBB Тұрақтымыз. Fitch те болжамды түсіретін болса, онда барлық квазикомпанияның рейтингі құлдырайды. Бәрімізге сырттан қарыз алу қымбаттайды және инвестор бізге келер алдында ұзағырақ ойланатын болады», деді сарапшы.