Экономика • 06 Қыркүйек, 2022

Жанар-жағармай нарығындағы ахуал қандай?

4631 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Ішкі нарықты мұнай өнімдерінің қажетті көлемімен қамтамасыз ету мақсатында биыл мұнай өңдеу көлемі және жанар-жағармай өндірісі ұлғайтылған еді. Осылайша, мұнай өнімдерін өндірудің 2022 жылға арналған болжамы 13,72 млн тоннаны құрады. Бұл өткен жылға қарағанда 1,04 млн тоннаға жоғары.

Жанар-жағармай нарығындағы ахуал қандай?

Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»

Энергетика министрі Болат Ақшолақовтың мәлі­метін­ше, осы жылдың 8 айы­ның қорытындысы бойынша дизель отынын өндіру 3,53 млн тоннаны құраған. Бұл өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 259 мың тоннаға немесе 10,5 пайызға артық. 2020 жылды қоспағанда, жалпы дизель отынын өндіру жылдан-жылға қарқынды өсіп келеді. Дизель отыны өндірісінің 2022 жылға арналған болжамы 5,2 млн тоннаны құраған. Бұл 2021 жылға қарағанда 300 мың тоннаға, ал 2020 жылмен салыстырғанда 640 мың тоннаға артық.

– Өндірістің өсуін, сон­дай-ақ дизель отынына қатыс­ты экспорттық шектеуді еске­ре отырып, Павлодар мұнай-хи­мия зауытында жөндеу бас­талғанға дейін 402 мың тонна көлемінде қор қа­лып­тастырылды. Жоспарланатын өндірісті ескере отырып, 2022 жылдың қыркүйек айының соңында мұнай базаларындағы қалдықтар 153 мың тонна, жиынтық көлемі 275 мың тонна деңгейінде болады деп болжануда, – деді Б.Ақшолақов.

Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге шілде­де 106,6 мың тонна, тамызда 145,6 мың тонна дизель отыны тиеп-жөнелтілген. Министрдің айтуынша, ауыл шаруашылығы тауарын өн­дірушілерге тиеп-жөнелтуге ерекше басымдық беріледі және тұрақты бақылауда болады. Ауыл шаруашылығы та­уарын өндірушілерге барлығы 423,5 мың тонна дизель отынын тиеп-жөнелту жоспарланып отыр.

Б.Ақшолақовтың айтуынша, 2022 жылға арналған дизель отынын тұтыну болжамы 5,472 млн тоннаны құрап отыр. Бұл 2020 жылға қарағанда 500 мың тоннаға және 2021 жылмен салыстырғанда 90 мың тоннаға артық.

– Ел аумағынан бензин, дизель отынын және мұ­най өнімдерінің жекеле­ген түрлерін автомобиль көлі­гі­мен әкетуге тыйым салу жөнінде бірлескен бұй­рық қабылданды. Жанар-жағармай стансаларында сараланған бағалар енгізілді. Дизель отынының лимиттелген көлемін босату бо­йынша бақылауды іске асыру мақсатында толықтырулар енгізіледі. Вагон-цистер­наларды беру саны ұлғайды. Мұнай өнімдерінің басқа түрлерін тек елдегі мұнай өңдеу зауыттарынан ғана экспорттауға рұқсат етілген. Дизель отынының қалдықтары бойынша жағдайы ең қиын өңірлерге басымдықпен жө­нел­ту жүзеге асырылады. «Самұрық-Қазына» қоры мен «ҚазМұнайГаз» компаниясы Үкімет тапсырмасы шеңберінде қыркүйек-қазан айларында дизель отынының қажетті көлемін импорттауға арналған келісімшартқа қол қойды. Жанар-жағармай бағасын негізсіз көтеру және сатудан бас тарту мәселелері бо­йынша азаматтардың өті­ніш­теріне жедел ден қою үшін Энергетика министр­лігін­де және ірі жанар-жағар­май құю стансалары желі­лерінде «колл-орталықтар» құрылды, – деп нақтылады министр.

«ҚазМұнайГаз» ұлт­тық компаниясының басқар­­ма төрағасы Мағзұм Мыр­заға­лиевтың айтуынша, жаңғыртудан кейін компания тобындағы үш мұнай өңдеу зауытының ортақ қуаты 3 млн тоннаға артып, жылына 17,2 млн тоннаға жетті. Нақтырақ айтсақ, бензин өндіру қуаты 70 пайызға (2,9 млн тоннадан 5,1 млн тоннаға дейін), дизель отыны 30 пайызға (4 млн тоннадан 5,2 млн тоннаға дейін) артты. Ал авиаотын өндіру қуаты 2 есе (0,3 млн тоннадан 0,67 млн тоннаға дейін) өсті. Ұлттық компания бензин бойынша елдегі қажеттілікті толығымен жауып отыр.

– Ал дизель отынын тұты­ну 30 пайызға (5,2 млн тон­на­дан 6 млн тоннаға дейін) айтарлықтай өскені байқалады. Бұған ең алдымен көрші елдерге кетіп жатқан «көлеңкелі экспорт» себеп болып отыр. Жағдайды тұрақтандыру үшін «ҚазМұнайГаз» бірқатар шұғыл шаралар қабылдады. Атап айтқанда, Шымкент және Атырау мұнай өңдеу зауыттарындағы жоспарлы жөндеу жұмыстарын ауыстыру туралы шешім қабылданды. Бұл нарықты қосымша 150 мың тоннаға дейін дизель отынымен қамтамасыз етеді. Ал «Қазақстан темір жолының» қажеттілігін жабу үшін 100 мың тоннаға дейін дизель отыны импортталады, – дейді М.Мырзағалиев.

Ұлттық компания бас­шы­сының пікіріне сүйенсек, жол бойынан алыс орна­лас­қан жанар-жағармай бекеттеріндегі сатылым көр­сет­кіші өңірлердегі жағ­дай­дың тұрақты екенін және ө­нім­нің сыртқа кетіп жатпа­ға­нын көрсетеді. Бекеттердегі өнім көлемі өзгеріссіз.

– Ал шекара маңындағы жанар-жағармай бекет­терінде жазғы-күзгі кезең­де сұраныс күрт өсіп, бекет­тердегі жанармай көлемі азай­ғаны байқалады. Бұл отан­дық өнімді шетелдік авто­кө­лік­тердің әкетіп жат­қанын көрсетеді. Шекара маңын­дағы аймақтардағы бекеттерде өнімнің аздығынан трассадағы жанармай бекет­терінде де тапшылық бар. Шекаралас мемлекеттермен дизель отынына бөлшек сауда бағасындағы айырмашы­лық Қазақстан бекеттеріндегі жанармайға әсер ететіні анық. Мәселен, 2022 жылы наурыз айында Ресей Федерациясын­да дизель отынына бөлшек сауда бағасы Қазақстандағы бағаның деңгейіне дейін төмендеді. Осыған байланыс­ты көктемде Қазақстанның шекара маңындағы және трассадағы бекеттерінде жанармай көлемі ұлғайды (сатылым төмендеді), еліміздегі жанармай бекеттерінен жаппай дизель отынын әкету­ге қызығушылық болмады. Шекаралас елдерде дизель бағасының өсуіне байланысты жазда және күзде Қазақстан бекеттерінде жанармай азай­ды. Бұл өз кезегінде шетел­дік автокөліктердің дизель отынын бізден көбірек құя бас­тағанын көрсетеді, – деп нақтылады ұлттық компа­нияның басшысы.

М.Мырзағалиевтің мәлі­метін­ше, Қазақстанда дизель отынының күн сайынғы қоры 14 күнге, АИ-92 бензині 16 күнге, АИ-95 14 күнге дейін же­те­ді. Осылайша, өндірілген жанар-жағармай көлемі (мұнай базалары мен жолдағы) өнімнің жеткілікті екенін көрсетеді.

– Авиаотын мен битум бойынша тұтыну көлемі бір­қатар факторға байланысты артқаны байқалады. Бірінші кезекте, авиаотын бойынша Қазақстан мұнай өңдеу зауыттарын жаңғырту барысында ішкі авиатасымалдардың қажеттілігін қанағаттандыру міндеті қойылғанын атап өткен жөн. Қазір авиаотын тұтынудың екі есе ұлғаюына, әлемдегі геосаяси ахуалды қоса алғанда, транзиттік шетелдік авиатасымалдаушылардың жанармай құю көлемінің артуы әсер етті. Осыған байланысты еселенген авиаотынға сұраныс импорт есебінен өтеліп жатыр, – дейді ол.

Еске сала кетейік, Қазақ­стан мұнай өңдеу зауыт­тары­ның өндірістік қуаты жылына 14,2 млн тоннадан 17,2 млн тоннаға дейін ұлғайтылды.