Қоғам • 06 Қыркүйек, 2022

100 шаршы метрден баспана береді

8991 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қостанай облысындағы өрттің салдарынан баспанасынан айырылған тұрғындар үшін жаңа тұрғын үйлер салынады. Бұл туралы Индустрия және инфра­құ­рылымдық даму вице-министрі Еркебұлан Дауылбаев айтты.

100 шаршы метрден баспана береді

Тілсіз жалыннан ең көп зардап шеккен елді мекеннің бірі – Аманқарағай ауылы. Жалпы алғанда, Қостанай облысындағы өрт 108 нысанды шарпыды. Оның 91-і – тұрғын үй. Соның ішінде Аманқарағай ауылында – 85, Озерное ауылында 6 баспана зақымдалған.  

Техникалық зерделеу қоры­тын­дысы бойынша тұрғын үйлер толықтай жанып кеткендіктен қай­та қалпына келтіруге жатпайды. Қазір тұрғын үй құрылысын жүр­гізу үшін Әулиекөл ауылынан 2 гектар жер телімі бөлінді. Он­дағы әр 8 сотық жерге жалпы аумағы 100 шаршы метрді құрай­тын бір қа­батты баспаналар салын­бақ. Осы орайда айта кетер­лігі, Әу­лие­­көл ауылы аудан ор­талығы бол­­ған­дықтан елді мекен­де инфра­құ­­­рылым толықтай жүр­гі­зілген. Ау­ыл­­да әлеуметтік-тұр­мыстық мақ­­саттағы нысандардың барлығы бар.

«Жергілікті мердігер ұйым­дарды тарту арқылы құрылыс-монтаждау жұмыстары басталады. Құрылыс жұмыс­тары­на тек қана жергілікті өндірушілердің өнімдері қолданылады. Жедел түрде жұмысты бастау туралы тапсырма қойы­лып отыр. Индустрия және ин­фрақұрылымдық даму министрлігі екі ай ішінде құрылыс жұмыстарын толықтай аяқтауды мақсат етеді. Бұл үшін барлық тиісті шаралар қа­был­дануда. Аталған мәселе минис­трлік басшысының тікелей бақылауында», деп атап өтті вице-министр.

 «Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институты» АҚ мен ИИДМ Құ­ры­лыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің «Мемсараптама» РМК өздерінің жеке қайтарымсыз қаражаты есебінен инженерлік жүйе­лердің жобасын даярлау жұмыс­тарын бастады. Мемлекеттік сарап­тама да институттардың қар­жысы есебінен жүргізіледі деп күтілуде.

Айта кетейік, Мемлекет басшы­сының тапсырмасы бойынша төтенше жағдайдын салдарын жою мақсатында қажетті қаражат бөлінді. Премьер-Министр өткіз­ген отырыста Қостанай облы­сында өрттен зардап шеккен тұр­ғындар үшін жедел арада бас­пана салу бойынша тапсырма бе­рілді. Қазіргі күнде ИИДМ көлік қатынасын қалпына келтіру бойынша жұмыстар жүргізіп, барлық инфрақұрылымдық нысанның үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету бойынша тиісті шараларды іске асыруда.