Қоғам • 07 Қыркүйек, 2022

«Қазақтелекомның» көмегі

318 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстанның ірі телеком-операторы Қостанай облысында орман өртінен зардап шеккендерді қолдауға арналған кешенді шаралар жоспарын бекітті. Нақтырақ айтқанда, Әулиекөл ауданының тұрғындары үшін жыл соңына дейін абоненттік төлемнен толық көлемде босатуға және телекоммуникациялық қызметтерді тегін ұсынуға шешім қабылдады.

«Қазақтелекомның» көмегі

Сонымен қатар тілсіз жау­дан көбірек жапа шеккен үш ауылдың тұрғындарының телекоммуникация қызметіне қатысты берешегі мен өсімпұлы кешірілетін болды.

– Зардап шеккендерге мүмкіндігінше тезірек қалыпты өмірге оралуына көмектесу үшін қолымыздан келгеннің бәрін жасауға дайынбыз. Осыған байланысты компания басшылығы осы жылдың соңына дейін байланыс қызметтері үшін төлемдерді тоқтата тұру және абоненттердің қарыздары мен қызметтерді уақтылы төлемегені үшін салынатын өсімпұлды жою туралы шешім қабылдады, – дейді «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Қуанышбек Есекеев.

Бұл жерде орман өртінен зардап шеккен Әулиекөл ауданының үш ауылы – Озерное (8 үй зардап шеккен), Лесное (1 үй жанып кеткен) және Аманқарағай (98 үй отқа оранған) ауылдарының тұрғындарына жеңілдіктер қарастыру туралы сөз болып отыр. Бұл ретте абоненттердің телекоммуникация қызметіне берешегі мен өсімпұлы толықтай кешіріледі. Сондай-ақ өрт салдарынан зақымданған барлық клиенттік жабдықтар есептен шығарылады және қажет болған жағдайда компанияның есебінен осы елді мекендердің абоненттеріне өтеусіз ауыс­тырылады. Сонымен қатар «Қазақтелеком» мамандары осы үш елді мекендегі байланыс желілерін қалпына келтіру мәселесімен айналысуда. Себебі тілсіз жаудан желілер жүретін тіректер де зардап шеккен.

– Аманқарағай және Озерное ауылында өрт салдарынан тұрғын үйлердің жанында орналасқан 50-ге жуық байланыс желілерінің тіректері жанып кеткен. Жалын 3 шақырымға жуық сыйымдылығы әртүрлі кабельдерді жарамсыз еткен. «Қазақтелеком» АҚ қызметкерлері құтқару жұмыстарына тікелей қатысты және орман өрттерінен зардап шеккен елді мекендерді жалпы қалпына келтіру шаралары басталған кезде байланыс желілерін жөндеу жұмыстарын жүргізуге дайын. Қостанай облысында әлі де орман өрттері жалғасып жатқанын түсіну керек. Сондықтан біз әзірге өрт тоқтатылған елді-мекендердегі шы­ғын­дарды ғана бағалай аламыз. Байланыс желілерін қалпы­на келтіру бойынша жұмыстар өңірде бұдан да ауқымды болуы мүмкін, – дейді «Қазақтелеком» АҚ «Желі» дивизионы бір­лес­тігінің сапа жөніндегі директоры Шыңғыс Құсқамбасов.