Пікір • 07 Қыркүйек, 2022

Міндет айқын, бағдар нақты

382 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың биылғы Жолдауын еліміздің әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси дамуы жолындағы қордаланып қалған кешенді проблемаларға терең талдау жасаған үлкен бағдарлама деп айтуға болады. Президент Әділетті Қазақстан құру жолындағы бес үлкен бағытқа жан-жақты тоқталды. Олар: жаңа экономикалық саясат, нақты секторды дамыту, ел болашағына арналған стратегиялық инвестиция, мемлекеттік басқару ісін қайта жаңғырту, заң және тәртіп.

Міндет айқын, бағдар нақты

Жолдауда айтылған міндеттердің ауқымы мен реформа бағыттары кең, жан-жақты және терең. Жолдаудың тағы бір ерекшелігі, оның бүкіл мазмұны мен орындау бағыттары тек әділеттілік, барлығына бірдей мүмкіндік беру, бәсекелестікті барынша дамыту арқылы шешу көзделген. Бұл заң­ды да. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Пре­зидент болып сайланғаннан бастап өзі­нің басты ұстанымы әділеттілік екенін, он­сыз қоғам ешқашан дамымайтынын ай­тып келеді. Əділеттілік салтанат құр­ма­ған қоғамда тек қайшылық, қиын­дық пен құлдырау үстемдік етеді. Қоғам­дағы барлық келеңсіз жағдайлар: сыбайлас жемқорлық, ұлттық байлықтың теңдей жəне əділ бөлінбеуі, азаматтардың құқық­тары­ның қорғалмауы, заңдардың толық­қанды орын­далмауы биліктің жүргізген саясаты­ның әділеттілігіне байланысты екені белгілі.

Мемлекет басшысы Жолдауда халқы­мыз жалпыұлттық конституциялық референдумда, еліміздегі саяси жаңғыру бағдарламасын қолдағанын, ендігі кезекте оның экономикалық өзгерістерге ұласуы керек екенін айтты. Ол сондай-ақ, мемлекет экономикалық еркіндікті қолдап, барлығына бірдей мүмкіндік беретінін, жағдайы төмен азаматтарға барынша қолдау көрсететінін айта келе, ел экономикасындағы қордаланып қалған мәселелерге талдау жасап, одан шығудың нақты жолдарын көрсетті. Президент негізгі басымдықтың бірі жеке кәсіпкерлікті жүйелі түрде қолдау арқылы бәсекелестікті барынша дамыту, ұлттық табысты әділ бөлу екеніне тоқталды. Мемлекеттік қолдау кезіндегі кәсіпкерлерге қойылатын негізгі талап еңбекақы қоры, салық төлемдерін көбейту, атқарылған жұмыс пен қызметтің сапалылығы екеніне баса назар аударды.

Мемлекет басшысы экономиканы реформалауды тездету үшін мемлекеттік басқару жүйесін түбегейлі жаңарту қажет екендігіне тоқталып, үкімет пен жергілікті атқарушы органдар алдына өткір, өзекті, халықтың көкейінде жүрген мәселелерді шешу туралы тапсырмалар берді. Алайда орындаушы­лық тәртіптің төмендігінен, кейбір басшы қызметкерлердің жауапсыздығынан, мәселенің шешілуі созылып, сөзбұйдаға салынып кетеді. Бұл әрине, халықтың наразылығын тудырады. Сондықтан Үкімет, министрліктер мен əкімдіктер уақыт пен қаражатты шығындайтын қажет­сіз рəсімдерді, келісімдер мен кеңестер­ді барынша азайтып, ауқымды өзгеріс­терді ашықтық, əділдік жəне өзара сенім арқы­лы жүзеге асырып, электронды үкімет бағдар­ламасына, цифрландыруға өткендері жөн. Атқарушы орган басшылары елді мекендерде халықпен жиі кездесіп, атқарылып жатқан жұмыстарға есеп беріп, алда тұрған міндеттер туралы хабарлап отыру­лары керек. Мұндай кездесулер мен қабыл­дауларда күнделікті тіршіліктегі түйткілді мәселелерге байланысты ашық ой-пікірлер, ұсыныс-өтініштер айтылады. Оларды есепке алып, орындауын бақылап, келесі кездесулерде қалай орындалып жатқаны баяндалып отырса, халық айтылған ұсыныстардың жерде қалмайтынын түсініп, қоғамдық жұмысқа белсене араласатын болады.

Тыңдай білсең халық – дана. Пікірлесу, ақылдасу, тыңдау барысында айтылған ой-пікірлердің ішінен талай інжу-маржанды теріп алуға болады. Халық жай әңгіменің өзінде саған талай ақыл айтады, талап қоя­ды, міндет артады. Көптеген түйінді мәсе­лелер көпшілік талқысына түскенде өз-өзі­нен шешімін тауып кетуі де мүмкін. Неме­се мұндай кездесулердің алдағы жұмыс­тарға бағыт-бағдар беруі де ғажап емес. Ең бас­тысы, жұмыстың осындай бағыты билік­ті ха­лықпен жақындастырады, халық­тың би­лік­ке деген сенімін ұлғайтады, елдің бірлігін нығайтады.

Біз биыл елімізде конституциялық реформа өткізіп, Әділетті Қазақстанды құру жолына түстік. Мемлекет басшысы Жолдауда Əділетті Қазақстанды құру жолында түбегейлі жəне жан-жақты реформаларды табысты жүзеге асыру үшін халықтың жаңа сенім мандаты қажет екеніне ерекше тоқталды. Сондықтан да, ол өзінің өкілеттік мерзімін қысқартуға жəне кезектен тыс Президент сайлауына баруға дайын екенін айта келе, Президент мандатын ұзақтығы 7 жылдық бір мерзіммен шектеуді ұсынды. Мен бұл бастаманы қолдаймын. Біріншіден, біз бүгінгі геосаяси жағдайда мемлекетіміздің қауіпсіздігін нығайтып, реформаларды тез әрі тиянақты іске асыруымыз қажет. Екіншіден, 7 жыл – кез келген ауқымды бағдарламаны жүзеге асыру үшін жеткілікті мерзім. Үшіншіден, әлемдегі кейбір елдерде мемлекет басшысының өкілеттігін ұзарту мәселелері көтеріліп жатқан тұста, Қ.Тоқаевтың Президент өкілеттігін қайта сайлану құқығынсыз 7 жылдық бір мерзіммен шектеу туралы ұсынысы Мемлекет басшысының елді демократияландыру бағытын берік ұстанғанын көрсетеді. Төртіншіден, бұл – еліміздің суперпрезиденттік жүйеден түбегейлі кеткенінің айғағы. Бесіншіден, бұл жағдайда Президент мемлекетіміздің стратегиялық дамуына байланысты міндеттерін шешуге барынша жұмыла кіріседі. Сонымен бірге, біз ескі жүйеде ұзақ жылдар жұмыс істеп, бүгінде шеттеп қалған саяси күш өкілдерінің де билікке ұмтылып отырғандарын ұмытпауымыз керек. Президенттің бұл ұсыныстары мемлекетіміздің қауіпсіздігі мен елдегі саяси тұрақтылықты қамтамасыз етіп, қоғамымыздың алға дамуына үлкен серпін береді.

Мемлекет басшысы Мəжілістің жəне барлық деңгейдегі мəслихаттардың сайлауы келесі жылдың бірінші жартысында өтетінін айта келе, конституциялық реформада көзделген өзгерістердің бəрін: саяси Партияларды тіркеу рəсімін жеңілдету, парламент пен мəслихаттарды партиялық тізім жəне бір мандатты округ бойынша жасақтауды жыл соңына дейін заңмен бекітіп, іске қосу қажеттігіне тоқталды. Бұл өзгерістер саяси бəсекені күшейтіп, саяси партиялардың санын арттырады, депутаттардың жаңа легі пайда болып, мəслихаттар мен Парламент жұмысының тиімділігін арттырады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев алда тұрған міндеттерді айқын­дап, атқарылатын жұмыстардың басым бағыттарын нақтылады. Президент бастама­лары ең алдымен экономиканы дамы­туға, халқымыздың әлеуметтік жағд­айын жақсартуға бағытталған. Әрбір қазақстан­дық, әрбір мекеме, кәсіпорын, мемле­кет­тік қызметкер Президент Жолдауы­на сай өз орнын таба білуге тиіс. Бәріміз Әді­летті Қазақстан құру жолында еселі еңбек пен тынымсыз тірліктің үлгісін көр­сетіп, аянбай тер төгейік, ел бірлігін, ынты­мағын нығайтып, өз үлесімізді қосайық.

 

Қуаныш АЙТАХАНОВ,

қоғам қайраткері