Қазақстан • 07 Қыркүйек, 2022

Ана тілінің абыройын көтергендер марапатталды

298 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ғылым және жоғары білім министрлігінің Тіл саясаты комитеті Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығымен бірлесе отырып ұйымдастырған «Мемлекеттік тіл және БАҚ» республикалық байқауы қорытындыланды.

Ана тілінің абыройын көтергендер марапатталды

Құттықтау сөз алған Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов: «Биылғы тіл мерекесінің халқымыздың жазу мәдениетінің жаңа деңгейге көтерген, қазақ әліпбиінің негізін салушы, ұлт ұстазы, еліміздің азаттығы үшін күрескен Алаш кө­се­мі, Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойы аясында өтуі ұлт рухын көтеретін рухани серпіліс болды. Себебі кезінде кемеңгер Мұхтар Әуезов: «Оқыған азаматтың тұңғышы, алғашқы шыққан көсемі» деп бағалаған Ахмет Байтұрсынұлының сан салалы асыл мұрасы ғылымның сара жолын ашып, мәдениетімізді жаңа биіктерге көтерсе, сіздер бүгін сол Алаш зия­лылары бастаған ұлт баспасөзінің дәс­түрін сәтті жалғастырып, рухани мә­дениетіміздің ажырамас бөлігі – мем­лекеттік тілімізді насихаттауға, оның қолданыс аясын кеңейтуге үл­кен үлес қосып келесіздер», деді.

Биыл 75 қатысушыдан 153 материал ұсынылды. Бір ерекшелігі, еліміздегі және шетелдердегі ақ­па­ратт­ық кеңістіктегі бұқаралық ақпарат құ­ралдарында жарияланған мемле­кет­тік тілдің қолданыс аясын кеңейту мақсатында Ахмет Байтұрсынұлының шығармашылық мұрасына байланыс­ты мемлекеттік және орыс, ағылшын тілдерінде жазылған материалдарды қабылдау енгізілгені, алдыңғы жыл­дармен салыстырғанда қазақ тіліне қатысты мәселелерге қалам тербейтін журналистер қатарын кө­бейт­ті. Солардың ішінен жеңімпаз бен жүлдегерлерді анықтауға Мәжіліс депутаттары, Дархан Мыңбай мен Жанарбек Әшімжан, қарымды қалам­гер, белгілі журналист Қайнар Олжай, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Намазалы Омашев, Л.Н.Гумилев атындағы Еу­ра­зия ұлттық университеті «Теле­радио және қоғаммен байланыс» кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Серікзат Дүйсенғазин қазылық етті. Олар жүзден озған жүйрікті таңдау оңайға түспегенін жеткізді. Қызу талқылау, терең талдаудың нәти­­жесі бойынша Бас жүлдені Жам­был облыстық «Ар-Ай» жастар га­зе­­ті­нің тілшісі Әбдір Шапағат жеңіп алып, оған 1 000 000 теңгенің сертификаты табыс етілді.

«Үздік мақала» номинациясы бо­йынша: І орын республикалық «Жас Алаш» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі Бифат Елтаеваға, ІІ орын «Egemen Qazaqstan» газетінің аға тілшісі Айдана Шотбайқызына, ІІІ орын «Төлеби туы» қоғамдық-саяси газеті редакциясының бөлім мең­ге­ру­шісі Төлеген Ахметовке бұйырды.

«Үздік теле және радиобағдарлама» номинациясы бойынша: І орынды «Жетісу радиосының» бас редакторы Мұхит Тоқтасын, ІІ орынды Қазақ радиосының шолушы редакторы Шәкім Жанболат, ІІІ орынды «Qyzylorda» телеарнасының шеф-редакторы Толқын Қабылша жеңіп алды.

«Үздік сайт» номинациясы бо­йынша нәтиже мынадай болып шық­ты:

І орын – республикалық «Айқын» газетінің тілшісі Қарқын Көктем, ІІ орын – халықаралық «Түркістан» газетінің штаттан тыс тілшісі Ахмер Біржан, ІІІ орын – Қазақстан ұлттық құрамасының баспасөз хатшысы Ермұхамед Мәулен иеленді.

Бұл үш номинация бойынша да бірінші орын иегеріне – 500 000 теңге; екінші орынға – 400 000 теңге; үшінші орынға – 300 000 теңге ақшалай сыйлық табыс етілді. Ынталандыру сыйлығына 12 қатысушы ие болды. Олардың әрқайсысына 100 мың теңге табысталады.

Осылайша, дәстүрлі байқау өз мәресіне жетіп, нағыз жүйріктер топ жарып шықты. Ұлт ұстазы өзінің 1913 жылғы «Білім жарысы» деген мақа­ласында: «Неше түрлі ғылым, өнер – бәрі де тіршіліктің ауырлығын азайту үшін, рақатын молайту үшін шығарған нәрселер. Ғылым, өнер артылған сайын, дүнияда бейнет кемімекші. Осыған ақылы жетіп, есі енген жұрттар ғылым мен өнерді бірден-бірге асыруға тырысады. Асы­ру үшін әртүрлі істер істейді. Сол іс­тердің бірі – білім жарысы», деп жаз­ған екен.

Сол айтқандайын, Ахаңның аяулы есімін ұлықтап, ана тіліміздің абыро­йын асқақтатуда бұл жолғы бай­қау­дың рөлі айрықша болды.