Биыл диспансердің онкохирургиялық бөлімшесінде онкопластикалық резекциялар жасау басталды. Бөлімшеге науқастар өңеш пен асқазанның, ұйқы безінің, бауырдың, тікішек пен сүт безінің, әйел мен ер адамдардың жыныс мүшелерінің, сондай-ақ қимыл-тірек аппаратының ісігімен түседі. Биылғы сәуірде 59 жастағы ер адам қою тамақ ішкенде өзін жайсыз сезінген. Тіпті әлсіздік байқалған.
Диспансер дәрігерлері науқасқа фиброгастроскопия жүргізіп, өңештің ортакөкірек тұсында ісік барын анықтаған. Гистологиялық қорытынды – өңештің аденокарциномасы. Науқасқа «Өңештің ортакөкірек бөлігінің қатерлі ісігі» диагнозы қойылған. Сол себептен науқасқа аралас тораколапаротомия операциясын жасауға шешім қабылданды. Бұл – оң жақ плевралық қуыста лимфодиссекциямен ішкі кеуделік эзофагастроанастомозды құра отырып, асқазан пластикасы бар өңештің субтотальды дистальды резекциясы. Көкбауырдың төсегін, ішек асты кеңістігін, оң жақ плевралық қуысты дренаждау. Төрт сағатқа созылған операцияны хирург Мақсат Шәмшенов жасаған.
Отадан кейінгі гистологиялық қорытындыда кесілген шеттерден ісіктің өсуі анықталған жоқ. Науқасқа сәулелік және химиялық терапиямен емдеудің екі курсы жүргізілген. Қазір науқас ем алуды жалғастырып жатыр.
– Онкологиялық аурулар әлеуметтік маңызы бар дерт қатарына жатады. Мұндай диагнозбен ауырған науқастарға медициналық көмек, оның ішінде дәрілік қамтамасыз ету МӘМС бойынша сақтандырылған статусының бар немесе жоқтығына қарамастан көрсетіледі, – дейді «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КеАҚ Атырау облысы бойынша филиалының директоры Байтолла Ғазизов.
Атырау облысы