Қоғам • 07 Қыркүйек, 2022

Балаға бақылау қажет

288 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Желіккен жасөспірімдер жаңа оқу жылы бастала салысымен құқық қорғау қызметкерлерінің назарына ілікті. Полиция қызметкерлері түн қатып қыдырған жасөспірімдерді құрықтады. Ойын-сауық ошақтары мен саябақтарда, тұрғын үйлердің аулаларында түнгі сағат 11-ден кейін еркін ойқастап жүрген ерке балалар жылдағы дәстүр бойынша рейдтік тексерулер жүргізілетінін қаперден шығарып алған секілді.

Балаға бақылау қажет

Кәмелет жасына толмаған жасөс­пірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында өткізілетін тұрақты рейдтік тексеру жұмыстары барысында 42 жасөспірім анықталды. Неге екені белгісіз, жылда қыркүйек айының басында полиция қызметкерлері тексеру жүргізетінін біле тұра, ата-аналар бала­ларын түнгі уақытта бақылауға құлықсыз болып отыр. Өкініштісі, бұл жағдай жыл сайын қайталанады.

Жоспарланған іс-шараларды іске асыру барысында ювеналды полиция инспекторлары тұрғын үйлердің аулаларында, саябақтарда және жастар көп жиналатын орындарда рейдтік іс-шаралар өткізген болатын. Нәтижесінде, ойын-сауық отауларында қорқор тартып отырған жеткіншектер құқық қорғау саласы қызметкерлерінің құрығынан құтылып кете алмады.

Тексеру барысында белгілі болған­дай, ішкі істер органдарына 42 кәмелетке толмаған жасөспірім жеткізіліп, 46 ата-ана мен заңды өкіл әкімшілік жауап­кершілікке тартылды. Кәмелетке толма­ғандардың түнгі мезгілде ойын-сауық орындарында болғаны үшін 1 мей­рамхана қожайыны жауапкершілікке тартылды.

«Жаңа оқу жылының басталуына орай барлық көңіл көтеретін ойын-сауық орындары мен жастар жиі жағалайтын жерлер құқық қорғау органдарының жіті назарында болады. Біздің міндетіміз – балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жасөспірімдер жасаған және оларға қатысты құқық бұзушылықтардың алдын алу. Ата-аналардан балаларының бос уақытын және байланыс ортасын қадағалауды сұраудай сұрап келеміз. Алайда нәтиже жоқ. Балалардың ешбір қадағалаусыз болуы заңға қай­шы әре­кеттер жасауға себеп болуы мүм­кін», дейді Жамбыл облысы полиция де­пар­таменті жергілікті полиция қыз­меті басқармасы ювеналдық полиция тобы­ның аға инспекторы, полиция майоры Оксана Семенова.

 

Жамбыл облысы