Қоғам • 07 Қыркүйек, 2022

Музейдегі мектеп күндері

518 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Биылғы Балалар жылына орай Ұлттық музейде «Музейдегі мектеп күні» мәдени-білім беру жобасы таныстырылды. Аталған жоба музей жәдігерлері мен коллекция­ларын пайдалана отырып, 5-9 сынып оқушыларының қоғамдық-гуманитарлық пәндер (Қазақстан тарихы, Дүниежүзі тарихы, өлкетану және т.б.) бойынша теориялық білімін практика жүзінде бекітуге бағытталған. Игі бастаманың таныстырылымына Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев қатысты.

Музейдегі мектеп күндері

«Бүгінде өскелең ұрпақтың келешегін қам­тамасыз ету, ұлт сапасын жақсарту – айрықша маңызға ие. 2022 жыл Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Балалар жылы деп жарияланды. Осы ретте ведомство айтулы мерекеге орай орта білім беретін мектептердің оқушылары мен тарих пәні мұғалімдері үшін «Музейдегі мектеп күні» жаңа жобасын ұсынып отыр. Жобаның аты айтып тұрғандай, жас жеткіншектеріміз мек­тептегі жоспарлы сабақтарынан бөлек, сан тарау тарихқа мұражай арқылы да ден қояды. Ұлттық музей экспо­зициясындағы жәдігерлер оқушыларымыз үшін таптырмас құнды материал­дар деуге болады. Тас дәуірінен бастап Тәуелсіз Қазақстан тарихына дейін сыр шертетін Ұлттық музейге жастарымыз басқа уақытта да жиі келгені жөн», деді министр.

Оның айтуынша, алдағы уақытта интерактивті дәрістерді еліміздің басқа да өңірлеріне тарату жоспарланып отыр.

Ведомство мәліметіне қарағанда, сабақтар offline және online форматта өтеді. Жобаның offline форматы Ұлттық музейдің экспозициялық залдарында жүреді. Интерактивті сабақтарды музей­дің зерттеуші ғалымдары, экскурсия жетек­шілері Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Білім бас­қармасына қарасты орта мек­тептердің тарих пәні мұғалімдерімен бірігіп өткізеді. Әр сабақ­тың ұзақтығы 35-45 минут аралы­ғында болады. Сабақ кезінде оқушылар музей экспозицияла­рындағы экспонаттарды ортаға алып танысады. Экспонаттарды (көшірмелерін) ұстап көріп, жақын танысуына мүмкіндік жасалады. Әр бейсенбі сайын түске дейін 2 сабақ және түстен кейін 2 сабақ өтіледі.

Жобаның online форматы алдын ала түсіріл­ген бейнесабақтар арқылы жүзеге асырылады. Бей­несабақтардың бағдарламасын музей маман­дары дайындаған. Әр сабақтың ұзақ­тығы 5-7 минут аралығында болады. Дайын сабақтар мек­тептердегі оқу бағдарламасының күнтізбесіне сәйкес Ұлттық музейдің ресми сайтына салынады. Бейне­сабақтардың құрылымы жүргізушінің таныс­тыру сөзінен, графикадан және экспозицияларға шолудан тұрады. Online формат барша Қазақстан оқу­шыларын қамтуға мүмкіндік береді. Ал сабақ­тар­дың тақырыбы мен мазмұны Оқу-ағарту минис­трлігі бекіткен оқу бағдарламасына сәйкес келеді.