Парламент • 07 Қыркүйек, 2022

Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы заң жобасы әзірленді

320 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Парламент Мәжілісінің депутаттары «Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы» Конституциялық заң жобасын мақұлдады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы заң жобасы әзірленді

Құжатты Мәжілістің жалпы отырысында ҚР Әділет министрі Қанат Мусин таныстырып өтті. Сондай-ақ бұл заң жобасы 2022 жылғы 16 наурыздағы Мемлекет басшысының «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» Жолдауын іске асыру мақсатында әзірленді.

Оның айтуынша, Заң жобасының мақсаты - адам және азамат құқықтарын жүзеге асырудың кепілі ретінде Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің конституциялық мәртебесін қамтамасыз ету бөлігінде Қазақстан Республикасының Конституциясына енгізілген өзгерістерді іске асыру.

«Өздеріңіз білетіндей, Конституцияның жаңа 83-1-бабының нормалары оның қызметінің міндеттерін, тәуелсіздік кепілдіктерін және кез келген басқа мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардың өкілеттіктерін жүзеге асыру кезінде жауап бермеуін белгілейді. Бұдан былай Уәкілдің құқықтық мәртебесі мен қызметін ұйымдастыру Конституциялық заңмен айқындалады. Айта кетейік, Уәкіл туралы қолданыстағы заң жақында, өткен жылдың 29 желтоқсанында қабылданған болатын. Ол қазірдің өзінде Уәкілдің қызметі туралы негізгі ережелерді қамтиды. Осыған байланысты Парламент Мәжілісіне ұсынылған Уәкіл туралы Конституциялық заң жобасы қолданыстағы нормалар негізінде мақсатты толықтырулар мен заң құрылымын қайта қарау арқылы әзірленді», деп түсіндірді Қанат Мусин.

Министрдің айтуы бойынша, Конституциялық заң жобасы 6 тарау, 23 баптан тұрады.

«Мен қолданыстағы заңда қарастырылмаған негізгі жаңа ережелерге толығырақ тоқталғым келеді. Жаңа ережелерді екі топқа бөлуге болады. Біріншісі – Уәкілдің құзыретін күшейту, екіншісі – оның қызметін ұйымдастырудың тиімділігін арттыру», деп қосты Қ.Мусин.

Оның айтуынша, Уәкілдің құзыретін күшейту бөлігінде: біріншіден, Конституция нормаларын іске асыру мақсатында заң жобасында Уәкілдің Қазақстан Республикасы Конституциясының талаптарын сақтау мәселесі бойынша Конституциялық Сотқа жүгіну құқығы қарастырылған. 

Екіншіден, басқа мемлекеттерде олардың шақыруы бойынша адам құқықтары мен бостандықтарының сақталуын бақылаушы ретінде әрекет ету құқығын беру ұсынылады.

Үшіншіден, Уәкілдің құзыретін күшейту мақсатында оның арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін ұйымдарға және қылмыстық-атқару жүйесі мекемелеріне кедергісіз бару құқығы бекітілген.

«Уәкілдің қызметін ұйымдастыру тиімділігін арттыру заң жобасында Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталық басшысының орынбасары лауазымын, сондай-ақ Ұлттық орталықтың қосымша функцияларын енгізу ұсынылады. Конституциялық заң жобасының қабылдануы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің қызметіне, оған Қазақстан Республикасының Конституциясымен берілген өкілеттіктерді жүзеге асыруға негіз жасайды деп ойлаймыз», деп қорытындылады министр.