Президент • 07 Қыркүйек, 2022

Мемлекет басшысы Қайрат Келімбетовті қабылдады

194 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Қайрат Келімбетовті қабылдады, деп хабарлайды Egemen.kz Ақордаға сілтеме жасап.

Мемлекет басшысы Қайрат Келімбетовті қабылдады

Қайрат Келімбетов Қасым-Жомарт Тоқаевқа «Астана» халықаралық қаржы орталығы жұмысының қазіргі нәтижелері мен маусым айында АХҚО-ны басқару жөніндегі кеңестің отырысында берген тапсырмаларының орындалуы туралы есеп берді.

Қайрат Келімбетовтің айтуынша, АХҚО-да әлемнің 65 елінен 1500-ден аса компания тіркелген. Тартылған инвестицияның жалпы көлемі 6,9 миллиард долларға жеткен.

Astana International Exchange (AIX) биржасы арқылы 321 миллион доллардан астам акционерлік капитал және 2,1 миллиард доллар қарыз капиталы тартылды.

АХҚО соты мен Халықаралық арбитраж орталығы жалпы 1200-ден астам даулы мәселені қарастырған.

Сонымен қатар Мемлекет басшысына Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) жуырдағы есебінде АХҚО-ның салық режимі салық ашықтығының жаһандық стандарттарына сай келеді деп танылғаны жөнінде мәлімет берілді.

Қасым-Жомарт Тоқаев елдің экономикалық дамуында «Астана» халықаралық қаржы орталығы маңызды рөл атқаратынын атап өтіп, шетелдік инвестиция тарту жұмыстарын күшейту қажет екенін айтты.