Театр • 06 Қыркүйек, 2022

Майқанова неге мұңайды?

408 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

«Бүгін маған Сәбира апам мұң шақты. Фрунзе (Бішкек шаһары) сапарынан көңілсіз оралыпты. Жүзі сынық, өңінде мұң. Қазбалап сұрауға батылым бармады, өзі сәби мінезді, босап тұр. Ештеңеден есесін жібермейтін айбаты күшті, айбынды кісі неден тосылды екен?..»

Майқанова неге мұңайды?

Ұстазымыз, белгілі театр сын­шысы Әшірбек Сығайдың көңіл күнделігінде осылай деп таң­ба­ланыпты сол бір күн. Пенде біткеннің қызығушылығын қойсаңшы, сыншы кітабынан осы жолдарды оқығаннан-ақ, аңыз актрисаның көңіліне кірбің салған жайттың мән-жайын білгіміз келген. Талай мәрте оқталғанымызбен, жазбасының сырын сұрауға батылымыз барыңқырамай ұзағырақ жүріп те қалдық. Онымызды Әшірбек ағаның өзі де сезді-ау, тұңғыш кәсіби қазақ театр тарихы тақырып өзегіне айналған дәріс үстінде әңгімелеп беріп, көңілдегі көп жұмбақтың шешімін тауып берген.

«Сахнада аналар бейнесінің тұ­­тас галереясын жасаса да Сә­бира Май­қанованы халқы ең әуелі Ш.Айт­­матовтың «Ана – Жер-ана» қойы­лымындағы Толғанай рөлі арқылы танып, сол арқылы қабыл­дады ғой. Толғанай – Сәбира апамыздың театр­дағы төлқұжаты десе де бол­ғандай. Кейінірек бұл рөлді режиссер Әзірбайжан Мәмбетов жас ерекшелігіне қарамастан Фәрида Шәріповаға сеніп тапсырды. Алып рөлдің жауапкершілігінен қорқақтап бас тартқан актрисаның қарсылығын елемеді де. Дегенінен қайтпады. Осылайша, Толғанай рөлін екінші құрамда Фәрида Шәріпова ойнады. Таланттың аты талант емес пе, екі актрисаның Толғанайды сараптауы бір-біріне мүлдем ұқсамады, әрқайсысы өзінше толғанды. Көрер­мен ретінде бізге екі сахнагерді де тамашалау қызық болатын. Бірде М.Әуезов театры сол кездегі Фрунзе, бүгінгі Бішкек шаһарына атаулы күн қарсаңында өнер сапарымен баратын болып, қырғыз еліне театр тартуы ретінде «Ана – Жер-ана» қойылымын көрсетуге дайындалды. Сәбира апамыз рөлге ерекше еніп, көңілі өрекпіп қырғыз көрермендерімен қауы­шар сәтті тағатсыздана күтті. Алайда қо­йы­лым көрсетілуге санаулы сәттер қал­ғанда спектакль авторы Шыңғыс Айтматовтың қалауымен Толғанайды Фәрида Шәріпова ойнайтын болып шешілді. Мұндай тосын жағдайды күтпеген актрисаның нәзік жаны әлемтапырық күйге түсіп, бір-ақ сәт­те еңсесі езілді. Жүгін жинап алып Алматыға кетті де қалды. Сапардан жүзі сынық оралған актриса келе ауы­рып қалды, содан оңалмады. Сырт­тай адуынды көрінген сахнагердің сондағы жанының нәзіктігі, әр рөліне барын беріп дайындалатындығы ғой, жаны жараланып көпке дейін бұл күйден айыға алмады. Қазір өнерге дәл сол Сәбира апамдай жан-тәнімен беріліп, рөліне тұтас болмысымен еніп кететін актриса бар ма екен деп ойлаймын кейде. Ойлаймын да, күмілжимін. Өйткені өнердің бағасын бүгінгі әртістердің бағалауы басқа­ша. Актерлікті нанын тауып жүрген жұмысы ретінде ғана қабылдайды көпшілігі, сондықтан да ойындары құрғақ. Рөл бар, бейне жоқ. Ал Сәбира сынды саф таланттар сахнада өзі қиналатын, бірақ көрерменін демалдыратын» деп әңгімесін мұңая аяқтап еді сыншы.

Актрисаның күллі болмысына, талант табиғатына сыншының жо­ғарыда берген бағасы толық таразы болатындай. Шынымен де, Сә­бира Майқанованың сахнада тудыр­ған кесек рөлдері – бүгінде ана­лар бейнесінің эталонындай қабыл­дана­ды, бағаланады. Аз-маз тарихқа шегі­ніс жасап көрсек, М.Әуезов атындағы академиялық драма театрындағы аналар бейнесі жайлы сөз болғанда, айтулы тізімнің көшін қазақ сахна өнерінің шебері, КСРО және Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сәбира Майқанова бас­тайды. Ойымызды Қазақстанның Еңбек Ері, КСРО және Қазақстанның халық әртісі, Сәбира Майқанованың өнердегі ізбасары Асанәлі Әшімовтің: «Қаллеки – қазақ театрының әкесі болса, Сәбира – біздің театрларымыздың анасы» деген пікірі бекіте түседі.

Театрдың анасы атанған талант­ты тұлға талайды тамсантқан Толға­найымен-ақ өнерге қалтқысыз қызмет етудің жарқын үлгісін көрсетіп кет­ті. Бұл турасында Әшірбек Сығай­дың «Ой төрінде – театр» атты зерт­теу еңбегінде былай деп жазы­лыпты: «Алымды сахнагердің қай қап­талынан көз салсаңыз да өр­кешті бейнелер легі, құдіретті кесек кейіпкерлер тобы жадыңызға оралып, дәл бір ежелгі ертегілер елі­нен қуана қол бұлғап тұрған ескі таныс­тарыңдай жылы ұшырар еді. Ұлты, рухы, түр-түсі, тұрмыс-салты, мінез-құлқы әрқилы әйелдер кескіні, өздері шыққан түп-тамырларын туған төл топырақтарынан нақ бір қазақ­тың ұлы қызы, ұлтымыздың өрелі өнерпазы Сәбира арқылы ғана тапқандай. Көбінше, көпке танымал бояулары қалыңырақ белең алып жататын сәттерде, есіл Сәкең ұрпағын аялап аһ ұрған аналарды толғап бір кеткенде, бейне бір ботасын іздеп боздаған аруанадай аңырар еді. Ұлжан, Зейнеп, Толғанай, Мақпал, Салиха, Мөржан, Кесария, Люси, Тхань, Евдокия Ивановна... санай берсең, ұзын тізім жалғаса бермек, ұласа түспек. Гәп – ұлы актрисаның өмір мектебінен өрнек, өнеге табуында. Оның табиғи дарыны ен даланың, сайын сахараның ерке самалын еске түсірер еді. Жан дархандығы, талант молдығы, мінез кеңдігі тұла бойында «айғай салып», айғайлап емес-ау, үнсіз «шыңғырып» жатар еді. Сәбира Майқанқызы өнерінің де өзгеден ерекшелігі осында».

Расымен де, ол кездегідей емес, өкінішке қарай, бүгінде сахнаның салмағын дәл Сәбира Майқановалар сынды бағалап, әр қойылым сайын кейіпкерін өбектей аялайтындар сирек. Кейде ертерек келіп театрдың қызметтік кіреберісінде тұрып бақылайтын болсаң, спектакль басталуға жарты сағаттан аз уақыт қалғанда адымын асыға басып, ентіге есікке еніп келе жатқан әртістерді көріп осындай ойға еріксіз бекіне түсесің. Оны айтасыз, соңғы уақытта еліміздің кейбір театрларында төл труппасының жұмысын тежеп қойып, елге есімі танылған актерлерді арнайы шақыртып, рөл ойнататын да өнер үшін әсіре үрейлі үрдістер пайда бола бастады. Ұшақтан түсе салып, санаулы минутта күрделі рөлге еш қиналмастан кірігіп кете беретін «қаһарман актерлердің» де көзсіз ерлігі таңырқатудан жалығар емес. Ондай тәжірибе бұрыннан-ақ театр тарихында бар деуіңіз де мүмкін. Алайда бір қойылым емес, тұтас репертуарды жан-жақтан шақырылған актерлердің ансамбліне құру – өнерді, театрдың төл тарихын құрдымға жіберудің ең оңай жолы екенін уақытында ұғынған да жөн-ау. Өйткені бұл да – бір, қыстыгүні мұзды тірек етіп алып, жас шыға келе жылымықтан қорқып жайсыз күйге түскен де – бір.

Әрине, «айшылық алыс жолдардан жылдам хабар алғызған» бүгінгі жаһандану заманында жеделділік жаңалық болмауы керек. Бұл тұрғы­дан келгенде біздің сөз заманнан артта қалушылық боп та көрініп қалуы бек мүмкін. Алайда асығыстықты көтере алмайтын да кірпияз салалар барын ұмытпағанымыз абзал. Со­ның бірі – өнер, киелі сахна. Сахна­ға салғырт қарап, суреткерлік биік­ке көтерілген сахнагер сирек себе­бі. Ондай сәтте ұстазымыз айтып бер­ген осы бір әңгіме еріксіз ойға оралады.