Биыл Балалар жылы екені белгілі. Әр жылда елімізде балаларды қорғауға, сапалы біліммен қамтуға, әсіресе мүмкіндігі шектеулі балалардың денсаулығын нығайтуға, инфрақұрылымды дамытуға ерекше көңіл бөлініп келеді. Алайда Жамбыл облысы, Мойынқұм ауданының орталығындағы 700 орындық Т.Рысқұлов атындағы тірек мектебі жаңа оқу жылы басталысымен-ақ күрделі жөндеуге кеткені көптің көңілін күпті етіп отыр. Күрделі жөндеу жұмыстарының жобалық-сметалық құжатының жалпы құны – 270 млн теңге. Алғашында конкурс нәтижесі бойынша жеңімпаз «Сервис центр-2007» ЖШС болып анықталғанымен, екінші мердігердің шағымдануына байланысты конкурс қорытындысы 20 күнге қайта қаралуға жіберілген. Конкурс нәтижесімен «Сервис центр -2007» ЖШС 223 млн теңгеге мердігер атанып, күрделі жөндеу жұмыстары 2 қыркүйек күні басталыпты.
Ал ауыл тұрғыны Гауһар Айтимова: «2022 жыл Балалар жылы екені жыл басынан белгілі. Соны біле тұра облыс басшылары қаражат бөлуде неге ойланбаған? Сатып алу конкурс мерзімі де кеш белгіленген. Басталған жұмыс халықтың наразылығына тап болары сөзсіз еді ғой. Бұл – балалардың сапалы білім алуына немқұрайлы қараушылық», деп біледі. Сондай-ақ Гауһардың мектептің уақытша жабылуына байланысты үш інісі Балалар шығармашылық орталығы, №8 Мойынқұм колледжі және Өнер мектебіне қатынап оқиды. Алыстан қатынап оқу біріншіден уақыт, екіншіден жол-пұл жағынан да жеңіл тимейді. Қоғамдық көлік уақыты да сай келе бермейді. Кеш басталған күрделі жөндеу жұмыстың бітер күні де белгісіз.
Ал ауыл белсендісі Қанат Көшербаев: «Бір үйде үш-төрт баласы барлар үшін алыстан қатынап оқу тым қиын. Қоғамдық көлік бар болғанымен, сыйымдылығы аз әрі сирек жүреді. Мектепке күрделі жөндеу жұмыстарын жаңа оқу жылында жүргізу не әдет? Ауыл тұрғындары бұған түбегейлі қарсымыз», дейді.
Баланы таксимен тасуға қаражат қажет. Бір отбасында екі ауысыммен оқитын балалар бар. Әсіресе жұмыссыз, айлықсыз жүргендердің жайы не болмақ? Жөндеу жұмыстарын келесі жазғы демалысқа қалдыруға болмады ма? Бөлінген қаржыны игеру үшін жөндеу жұмыстары жалғаса бере ме? Балаларды білім беру мекемелеріне тасымалдайтын қосымша көліктер қарастырыла ма, ол көліктер бұзылған жағдайда не істейміз? Жауапсыздыққа кім жауапты? Мойынқұмдықтардың санасын сан-саққа жүгірткен сауалдар, міне, осы. Ел көкейіндегі сауалдарға жауап іздеп көрген едік.
Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасы: «Мойынқұм ауылы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасына енген. Осыған орай, күрделі жөндеу жұмыстары 2022 жылға жоспарланды. Т.Рысқұлов орта мектебінің күрделі жөндеу жұмыстарының қаржысы осы жылдың маусым айында бөлінді. Сонымен қатар, мемлекеттік сатып алу конкурсының рәсімдеу жұмыстарына сәйкес, биыл тамыз айының соңында конкурс нәтижесі белгілі болды. Жөндеу жұмыстарын ағымдағы жылы аяқтау жоспарлануда» деп сендіреді.
Иә, автобуста орындық аз, оқушы көп. Әр уақытта оқитын әр баланы қоғамдық көлікпен тасып үлгеру мүмкін емес. Жол жүру бағасы қолжетімді бола ма деген сұрақ тағы бар. Күрделі жөндеу жұмыстарының тапсырыс берушісі, яғни аудандық білім бөлімінің басшысы Жайдар Жазықбаев, бөлім тарапынан бүгінде автобус тасымалы ұйымдастырылғанын (автобус маркасы ПАЗ 32053/052-001) және оқушылар оқуын қауіпсіз жалғастырып жатқанын айтады.
«Мемлекеттік сатып алу процесін жүргізу өте қиын. Конкурсқа бірнеше фирма түседі, түрлі келіспеушілік болады. Содан конкурс қайта ойнатылып, қорытындысы кеш шықты. Қаражат бөлінген соң игеру керек. Мектепке қайта-қайта қаржы қарала бермейді. Түсініп отырмыз, қатынау қиын. Алғашында қиын болғанымен бәрі уақытпен реттеледі. Аудан әкімдігіндегі басшылармен келісе отырып, автобустың кестесін қарап, қосымша маршрут енгіздік. Қаншама жылдан бері аталған мектепті күрделі жөндеуден өткізуге әрең қол жеткіздік. Бір жөндетіп алсақ, көптеген мәселе шешімін табады. Балаларымыз заманауи мектепте оқитын болады», деп түсіністікпен қарауға шақырады.
2010 жылы аудан орталығындағы Жамбыл мектеп-гимназиясында жүргізілген күрделі жөндеу жұмыстары да шала бітіпті. Бұл туралы аталған мектеп-гимназиясының мұғалімі Светлана Айкенова сантехникалық жұмыстардың дұрыс атқарылмағанын, кабинеттердің жарақтандырылуында кілтипан бар екенін жеткізді. Сондықтан мезгілсіз басталған Т.Рысқұлов мектебі құрылысының ең бастысы сапалы болуын тілеп отырғандар да бар.
Уәлихан ЖАЙЛАУ
Жамбыл облысы