Алаш арыстары есімімен астасып жатқан Семей қаласы мәртебесінің өсуі, облыстың Абай аталуы, қазақ хандары мен билері табанының табы қалған өлкені Ұлытау деп ұлықтауы – ойымның айғағы. Тіпті Алматы облысының орталығы Қапшағай қаласына Дінмұхаммед Қонаевтың есімі берілуі – алмағайып тұста 43 қала салдырған тау тұлғаны ұлықтаудың көркем көрінісі. Мұндай қадам – Алаш жұртын рухани серпілтті. Әрі бос сөз, құрғақ уәде емес, жоспарлы жұмыстың жемісін көрсетті.
Бұған қосымша Барыс жылында Қаз дауысты Қазыбек бидің 350 жылдығы, Кенесары ханның 220 жылдығы, Мұхтар Әуезовтің 125 жылдығы, Ғабит Мүсіреповтің 120 жылдығы еліміздің түпкір-түпкірінде кең көлемде аталып өтілуде. Сонымен қатар ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығы ЮНЕСКО көлемінде тойланып жатыр. Алаш арысының туған күні 3-5 қыркүйек аралығында майлы қиян, кең түбекті Торғайда дүбірлеп өтуі тиіс еді. Әйткенмен, Ахметтің киелі топырағын өрт шарпып, ұлт ұстазының 150 жылдығына арналған ауқымды іс-шараны өткізу кейінге ысырылды. Дегенмен өрт шыққан өңірдің тұрғындарымен кездескенде Президентіміз баба рухына тағзым жасалатынын ашық айтты: «Расында, бұл – үлкен шаруа. Зардап шеккен азаматтардың бәрі үш айдың ішінде баспаналы болады деп уәдемді бердім. Оған күмәнім жоқ. Ол – бір. Екіншіден, Ахмет Байтұрсынұлының мерейтойына қатысты. Ең алдымен осы мәселені шешейік. Содан кейін амандық болса, осы бір қасиетті жерге келіп, Ахмет Байтұрсынұлы бабамыздың рухына тағзым етіп, тойды өткіземіз».
Қасым-Жомарт Кемелұлының бұл қадамы өзегін ғана емес, шаңырағын да өрт шалып, қызыл алауға «оранған» ағайынның жанына жылулық, санасына серпіліс сыйлады. Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Жолдауында: «Қазақ қоғамында жаңа қағидаттар және жаңа бағдарлар салтанат құруға тиіс. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы: «Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек» дейді. Бұл көзқарас бүгінгі күні өте маңызды», деп атап өткен еді.
Әлбетте, жаһандану деген жаналғышқа жұтылып кетпей, өр бабаларымыздың сара жолын насихаттау, оны сақтап қалу – азаттығымыз үшін де, қазақтығымыз үшін де маңызды. Осы ретте Байтұрсынұлы әйгілі Қарқаралы петициясы авторларының бірі болғанын жұртшылық жақсы біледі.
Аталған арыз-тілекте жергілікті басқару, сот, халыққа білім беру істеріне Қазақ елінің мүддесіне сай өзгерістер енгізу, ар-ождан бостандығы, дін ұстау еркіндігі, Дала ережесін қазақ мүддесіне сай заңмен ауыстыру және басқа да мәселелер көтерілді. Демек жаңа Қазақстанда реформатор Ахмет Байтұрсынұлының есімі, оның ұлтты ағартушылық жолындағы ерен еңбегі, саяси көзқарасы ұмытылмақ емес. Керісінше, жылдар жылжыған сайын ұрпақ санасында қайта жаңғырып, жас буынның жол бастар шамшырағына айналары хақ.
ХХ ғасырдың басында-ақ ілім-ғылымның өрісін кеңейтіп, ұлтын білімге, ізденіске бағыттаған Алаш арысы өміршең мұрасын ұрпағына қалдырды. «Оқу құралы», «Қырық мысал», «Маса» секілді еңбектері бүгінгі буынның да, болашақтың да жастанып жатып оқитын кітабына айналуға тиіс.
Көреген қазақ: «Ғалымның хаты өлмейді» дейді. Рас, Ахмет Байтұрсынұлының ағартушылық қызметі, қайраткерлік күресі өткен ғасырда Қазақ елін жаңа белеске көтерді. Жылдар жылжыған сайын Торғайдың төл баласы Алаштың Ахметіне айналды. Бұл туралы Сәкен Сейфуллин: «...Ахмет халықтың арын іздеп, өзінің ойға алған ісі үшін бір басын бәйгеге тіккен. Ахмет Байтұрсынұлы ұлтын шын сүйетін шын ұлтшыл», деген еді.
Демек халқымыздың рухани көсемін қалай әспеттесек те артық емес. Осы тұрғыдан қарағанда, Торғайда өтетін торқалы жиынның маңызы айрықша. Ең бастысы, қазақ руханиятының кемелденуіне кең жол ашып, ұлт көсемдерін биігіне көтерген Президентіміздің бұл қадамы көрегенділік әрі жаңа дәуірге жасалған жарқын бетбұрыс деп есептеймін.
Ермұхамет ЕРТІСБАЕВ,
Қазақстан Халық партиясының төрағасы