Қазақстан • 07 Қыркүйек, 2022

Өрттің шығуы мен шығыны анықталады

4922 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Қостанайдағы өрт ауыздықталды» деп айтып ауыз жиғанша болған жоқ, тілсіз жау Алматы, Қарағанды және Шығыс Қазақстан аймақтарында ашуына мінді. Сәйкестік пе? Әлде қолдан жасалған қастандық па? Жұртшылықты алаңдатқан бұл сауалдың жауабын кейін арнайы комиссияның өкілдері бермек.

Өрттің шығуы мен шығыны анықталады

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте өңірлердегі өрттің алдын алу мәселесі сөз болды. Ең әуелі Қостанай облысындағы ахуал баяндалды. Төтенше жағдайлар министрлігі Өртке қарсы қызмет комитетінің басқарма бастығы Ерлан Төрегелдиевтің айтуынша, қызыл жалын то­лы­ғымен сөндірілген. Бірақ бо­саңсуға жол жоқ. Бүгінде тұтану қаупі жоғары учаскелер бақылауға алыныпты. Сонымен елді елең еткізген Қостанайдағы өрттің аумағы 43 мың гектардан асқан. Өрт кезінде 91 үйге зақым келген. Екі мыңға жуық адам қауіпсіз ғимаратқа көшірілген. Өртті ауыздықтауға 224 техника, 6 әуе кемесі, 5 өрт сөндіру пойызы, құзырлы орган құрамынан 2 мыңнан астам адам жұмылдырылған. 11 адам (6 тұрғын, орман шаруа­шы­лығының 1 қыз­мет­кері, әкімдіктің 1 қызметкері, ТЖМ 3 қызметкері) жеңіл және орташа дәрежедегі жарақат (күйік, улану) алды. Жасы 80-нен асқан мүмкіндігі шектеулі қария көз жұмды.

Алматы қаласындағы Кең­сай маңында шыққан өрт Медеу ауданы Сәрсенбаев көшесіндегі үйлерге қауіп төн­дірген. Көк түтінді әуелі Кеңсай-1 шағын ауда­ны­ның тұрғындары байқап, өрт сөн­дірушілерге хабар­ласқан. Мамандар жедел жет­кенімен беткейлердің биіктігі, жердің күр­делі рельефі жұ­мысты қиын­датқан. Оның үс­тіне жел соғып, жанған шөптің жалыны биіктігі 3 метрлік бұта­ларға көшкен. Тілсіз жау­ды ауыз­дықтауға Төтенше жағ­дайлар департаментінен 100-ден астам өрт сөндіруші, 8 техника жұ­мылдырылды. Кеңсай-2 зира­тының аумағында құрғақ шөп өртенгенмен, қабірлер за­қым­далмады. Төтенше жағ­дайлар департаментінің өкілдері алма­тылықтарға тауда от жақ­пауды, темекі тұқы­лын таста­мауды ескертеді. Айт­пақшы бұл оқиғадан кейін әлеу­меттік желілерде белгі­сіз аза­маттың қасақана өрт қойып жатқан әрекетті жария­ланған еді. Алматы полиция­сы Көк­төбедегі өрт кезінде ағаш­тардың маңында тұрған ер адам­ды ұстағанын мәлімдеді. Бос­­тандық ауданындағы өрт орнын­да бой көрсеткен ер адам бей­­некамера мен куәгерлік айғақ­тар көмегімен анықталған. «Бұл 1968 жылы туған азамат. Ол от жаққанын мойындады», деп хабарлады ведомство. Ер адамның сөзінше, ол мас күй­де болған және консер­ві­­лерді жылытқысы келген, бірақ өрт бұталарға өткен соң қорыққаннан кетіп қалған. Оқиғаның мән-жайы анық­талуда.

Бүгінде қызыл жалынға оранған аймақтарда жағдай тұ­рақты. Ендігі жерде арнайы комиссия өкілдері шығын көлемін анықтауға кіріс­пек. Құқық қорғау органдары болса кінәлілердің «соңы­на түспек». Не десек те, орман ша­руа­шы­лық­тарындағы, Төтенше жағдай­лар министрлігіне қарасты құрылымдардағы техника пар­кінің жағдайы мәз емес. Оны ми­нистрліктің өзі де жасыр­майды. Бүгінде жергілікті әкімдіктің балансындағы орман шаруашылықтарының қажетті құралдармен жаб­дықталу көрсеткіші 67 пайыз, ал Экология, геология және табиғи ресурстар министр­лігінің құрамына енетін ша­р­уа­шылықтардағы көрсеткіш 60 пайызға тең екен. Кінәні таби­ғаттың тосын мінезімен ғана байланыстыруға болмас. Бұл оқиғалардан Төтенше жағ­дайлар министрлігі сабақ алып, кешенді жоспарларын ұсынады деген сенім мол.