Ұйымдастырушылардың айтуынша, жобаға қатысуға ниет білдірген әйелдердің саны көп болған. «Қатысушыларды Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиналған 342 көшбасшының арасынан таңдап алдық. Әрбірінің жүзеге асырған сәтті жобасы, жетістігі мен жеңісі бар. Іріктеуден өткен 30 қатысушының барлығы да бағдарламадан көп білім алады және Tomiris саяси мансаптарын жаңа деңгейге көтеруге ықпал етеді деп сенемін», деді конкурстық комиссия төрағасы, Amanat партиясы Саяси менеджмент академиясының директоры Данияр Мұқитанов.
Сондай-ақ оқу бағдарламасының ашылу салтанатына қатысқан партия хатшысы Дәулет Кәрібек жобаның ерекшелігін айтып өтті. «Бүгінде тәуелсіздігімізді алғаннан кейін тарихымызға қайта оралып, Томирис, Домалақ ана секілді тұлғаларымыздың даралығы мен даналығын дәріптеу үшін осындай үлкен жобаны бастап отырмыз. Көптің арасынан суырылып шыққан 30 әйел біліктілігін шыңдауға жолдама алды. Бұл олардың үздіктердің үздігі екендерін дәлелдейді», деді Д.Кәрібек.
Оқу нәтижесінде бағдарламаға қатысушылар өз аймақтарындағы әлеуметтік-экономикалық жағдайды жақсартуға бағытталған саяси жобаларды қорғайды. Академия жыл соңына дейін онлайн коучингтік сессиялар арқылы әдістемелік қолдау көрсетеді.
Көшбасшы әйелдерге арналған тренинг қатысушысы, Urpaq қазақ мәдени-ағартушылық орталығының директоры Гүлбахша Мұсабаева «Менің мақсатым – туып-өскен Солтүстік Қазақстан облысының әлеуметтік-саяси жағдайын жақсарту арналған жоба дайындау. Әйелдердің тұлғалық өсуі мен интеллектуалдық дамуына көмектескім келеді», деген жоспарымен бөлісті. Ал Алматы қаласынан келген Айдана Сыдықова тренингте кәсіби білім алып жатқанын жеткізді. «Трансформациялық көшбасшылық, жобалық басқару, эмоционалды интеллект секілді дағдыларды үйреніп жатырмыз. Болашақта басқару жүйесінде осы біліктілігімізді қолдана отырып, тиімді басқаруды жүзеге асырамыз деген жоспарым бар. Жалпы қазір саясатта әйелдердің үлесі өте аз, ал олардың саяси ортаға араласуы еліміздің дамуына зор үлесін қосады деген сенімдемін», деді қатысушы.
Tomiris – Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссиясының және Конрад Аденауэр қорының, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен Amanat партиясының қолдауымен жүзеге асырылып жатқан ортақ жоба.
Оқу бағдарламасында білім алушылар көшбасшылық және саяси процестер түсініктерінен бастап, коммуникация мен жобаларды басқару тақырыптарын зерттейді. Сондай-ақ бағдарлама шеңберінде ХДС (Германия) партиясының Әйелдер қанаты делегациясымен кездесу жоспарланып отыр.