Қолұшын беруге ниетті азаматтар көмекті Шығыс Қазақстан облыстық Amanat партиясы филиалында орналасқан гуманитарлық пунктке әкелді.
– Партия төрағасының тапсырмасына сәйкес 4 қыркүйектен бастап Шығыс Қазақстан облысы бойынша өрттен зардап шеккен Қостанай облысы, Әулиекөл ауданы Аманқарағай ауылының тұрғындарын қолдау мақсатында партияның бір облыстық және 11 аумақтық филиалында арнайы гуманитарлық көмектерді жинау пункті ашылды. Игі іс-шараға партия белсенділері, депутаттар, кәсіпкерлер, қарапайым тұрғындар атсалысып жатыр, – деді Amanat партиясы Шығыс Қазақстан облыстық филиалының атқарушы хатшысы Сайрангүл Жұмаділова.
Қазіргі уақытта партияның облыстық филиалында орналасқан гуманитарлық пунктке 14 тонна ұн, 3 тонна минералды су, 5 тонна макарон, 10 тонна күнбағыс майы және 3 тонна өзгеде дәнді-дақылдар жиналды.
Сонымен қатар бірінші қажетті заттар көрпе-жастық, киім-кешек, тұрмыстық техникалар, гигиеналық заттар қатталды. Жиналған гуманитарлық көмекті жүк көліктеріне тиеу үшін облыстағы жоғары оқу орындары мен колледждердің студенттері және еріктілер тобы қолғабыс етті.
Жиналған гуманитарлық көмекті тиеген көлік көп бөгелмей Қостанай облысына жолға шықты. Айта кетерлігі, өңір жұртшылығын қолдауға арналған игі іс-шара осымен тоқталмай, жалғасын табады.
Шығыс Қазақстан облысы