Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің хабарлауынша, жобалау, құрылыс және автомобиль жолдарын пайдалануға берудің сапасын арттыруда жол саласындағы құрылыс нормалары, стандарттары мен нормативтік-техникалық құжаттар базалық рөл ойнайды. Бүгінде елімізде 1 200-ден аса салалық құжат қолданыста. Оның ішінде 114 құрылыс нормативі, 303 ұлттық стандарт, 527 мемлекетаралық стандарт, 17 ведомстволық норма, 200 ведомстволық нормативтік-техникалық құжат және 56 баға белгілеу мен сметалық жинақ бар.
Профильдік құжаттардың шамадан тыс көп болуы мен ретсіздігі оларды басымдықтар бойынша анықтау кезінде біршама қолайсыздық тудырады. Сонымен бірге құжаттарда жиі кездесетін сәйкессіздіктер, қарама-қайшы талаптар, қайталама және ескірген нормативтер жағдайды одан әрмен күрделендіріп, жобалау мен құрылыста көптеген қателікке жол береді.
Бұл орайда қалыптасқан бейберекет қазіргі қолданыстағы мемлекеттік сатып алулар кезіндегі жағдайды тудырып отыр. Былайша айтқанда, қазір ұлттық стандарттарды, оның ішінде жол саласындағы стандарттарды әзірлеуге кез келген физикалық немесе заңды тұлғаның қатысуына мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде нормативтік құжаттың сапасының төмендеуіне, оның шынайылығы мен жол мекемелері үшін қажеттілігіне әсер етеді.
Жалпы, кез келген құрылыс сапалы жобалаудан басталатыны белгілі. Еліміздегі автокөлік жолдары жүйелерін дамыту бойынша ұлттық деңгейдегі міндеттемелерді оңтайлы шешу үшін Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі автокөлік жолы саласын нормативтік бақылауға жүйелі ревизия жасау қажеттігіне маңыз беруде.
«Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында айтылған тапсырмаларды орындау үшін Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институтына нормативтік базаны қалыптастыру барысында өзгеше тәсіл қолдану тапсырылып отыр. Ұлттық стандартты әзірлеу алдында жан-жақты ғылыми зерттеу жүргізілуге тиіс. Сонымен қатар зертханалық жұмыстардың нәтижесі, тәжірибелік аумақтар мен пилоттық жобаларға ұзақ уақыт бойғы мониторингінің қорытындысы да назарға алынуы қажет», деп хабарлады министрлік.
Осы тарапта жүргізілген реформаның нәтижесінде жетілдірілген жаңа құрылымдық нормативтік құжат құрылуға тиіс. Ондағы құжаттар саны 50-70-тен аспайтын болады. Жаңа пакетте стандарттар мен нормативтік-техникалық құжаттардың басымдығына айқын шектеулердің енгізілуіне басымдық беріледі. Сондай-ақ жаңа технологиялардың пайда болуына байланысты құжаттардың оперативтік маңыздылығына да назар аударылмақ.