Алдағы күндері өртенген Көктөбенің өсімдіктері әлемі мен жеміс ағаштары, оның саясын мекендеген тіршілік иелеріне қаншалықты зиян келгені нақты анықтала жатар. Алайда Көктебедегі өрт қасақана жасалды деген қаңқу сөздің желдей есуіне сол күні қала тұрғыны кездейсоқ түсіріп алған, әлеуметтік желілерде таралған бейнекөрініс түрткі болған еді.
Анығын баяндар болсақ, 6 қыркүйек күні кешкі сағат 7-лер шамасында Көктөбе баурайындағы Жәнібеков көшесі, 78 мекенжайы маңынан өрт шығып, 9-дарда толық сөндірілген. Оқиға орнында 19 өрт сөндіру техникасы мен жеке құрамның 130 адамы жұмылдырылған. Жалын 3 гектар шамасындағы аумақты қамтыған. Қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ.
Жетінші қаңтар күні Алматы полициясы бейнебаяндағы күдіктіні ұстады, 1968 жылы туған ер адам өрт қойғанын мойындаған. Ол ішімдік ішіп алып, консерві жылытқысы келгенін, бірақ өрт бұталарға тиіп, өрши бастаған кезде қорқып, өрт шыққан жерден кетіп қалғанын мойындаған. Оқиғаның мән-жайын тексеру жалғасып жатыр.
Қазіргі таңда Көктөбе қаншалықты зиян шеккені анықталып, оған қоса тау беткейлеріндегі қураған шөптер де шабылып жатыр. Себебі өрт қаупі әлі сақталып, сәрсенбі қалада күн райы +35 градусқа дейін жетті.
Қысқасы, тілсіз жаудың кесірінен 3 гектарға жуық жер өртенді. Бірақ өрт сөндіру қызметі қызыл жалынның кең таралуына жол бермей дер кезінде өшірді. Зардап шеккендер жоқ. Үйлер мен өзге де ғимараттарға нұқсан келмеген.
Айтқандай, Көктөбе 2019 жылы да өртенген болатын. Ол кезде 20 гектар жерге зиян келген еді. Жасыл желекті қалпына келтіру үшін «Көктөбе саябағы» ЖШС екі жылдан бері жаңғақ пен алма ағаштарын отырғызып келеді. Алайда кешегі өрт жас ағаштардың біразын шарпып өткен. «Көктөбе саябағы» ЖШС өкілі Фархад Уәлиев: «2021 жылы күздің күні жаңғақ түптен 1500 түп отырғызылды. Оның үстіне қалалық әкімдік көмектесіп тұрады. 2020 жылы сиверс алмасының 5 мың түп көшетін отырғыздық. Осылай өрттің алдын алу жұмыстары жүргізіліп тұрады», дейді.
АЛМАТЫ