Қоғам • 08 Қыркүйек, 2022

Қалта телефонының кереметі

357 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Туған ауылдың шетіне ымырт үйіріле іліккенбіз. На­ға­шы жұрттан қалған жал­ғыз шаңырақ Наурызбай ақс­а­қалдың табалдырығынан ат­тадық.

Қалта телефонының кереметі

Томаға-тұйық ауыл­дағы тыныштықтың шілтерін бұзатын жалғыз-ақ оқиға – өрістегі мал қотанға оралатын уақыт. Күн ұзақ жайылымда кенезесі кеуіп, шөлі қан­бай орта құрсақ болып оралған сиыр атауы үйренген қо­раларына лап береді. Қой-ешкі де солай. Уақытында алдынан шықпасаң, табаныңнан таусылып іздеп жүргенің. Нау­рызбай нағашым бала­сы үйінде болмаса да, жер-же­біріне жетіп, сырттай сыба­ғасын бе­ріп ұрсып жатыр екен. Теле­ди­­дардың алдында былтыр түскен келін отыр.

– Қарақтарым-ай, сынық­мүйіз қара торпақ бүгін тағы да үйге келмей қалады-ау?! – дейді күйіп-піскен малсақ атам.

Шөп шабуда жүрген, үйіне әлі оралмаған бала қайдан есті­сін. Әлгі өкпе-наз баладан гөрі келінге бағытталған тәрізді. Ұқтық. Бірақ біреудің үйіндегі шаруаға араласудың реті жоқ.

– Балықтай қара тоқтым ұшты-күйлі жоғалып кетті. Үшін­­ші күн. Ендігі біреудің қа­ра қазанын майлап жатыр-ау, – дейді ақадал малына іші удай ашы­ған нағашы атам.

Далаға шықсақ, қораның жанындағы кең шарбаққа на­ғашымның адал еңбегімен маң­дайына біткен үш-төрт қа­ра­сы мен бір қора қойы оша­рылып жиналып қалыпты. Қа­зіргінің кесірлеріндей сау­сағын шұқшитпай, баяғының адамдарынша түстеп, түген­дейді.

Әлден соң қалта телефоны шыр ете түскен. Қысқа қа­йырды. Содан соң мән-жайды айтып жатыр.

– Қазір ауылдың адамдары тұяғын қимылдатуға ерінеді. Алақандай ауылдың бір шеті мен бір шеті қозыкөш жер ғана. Соның өзінде де үйіне кел­мей қалған малын телефонмен іздеуге көшкен, – дейді ол, – егер мал ішінде бөтені болса, су­ретке түсіріп, ауылдастардың ча­тына салып жібереді. Ертеректе қо­расына бөтен қой кірсе, қай­тып шық­пай қалатын қолы суықтар да болған. Қазір бө­тен тоқты қораңда түнеп, таңертең аман-есен шықса, суретке түсіріп аласың. Ертең мал иесі іздесе, бұлтартпас дәлелің.

Нағашымның қойының ішінде де түсі бөтен екі-үш ісек жүр екен. Кешкі сериал­ды тә­мамдап келген келін қа­рағым бөтен ісектерді қалта те­лефоны­мен суретке түсіріп жатыр. «Біз­дің үйде бөтен мал бар» деп жазып жібермек.

Біздің қазаққа қалта теле­фонының осы бір мүмкін­дігі ке­ремет көмек екен-ау.

 

КӨКШЕТАУ