Өнер • 08 Қыркүйек, 2022

Әнге айналған «Жәмила»

504 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Көрнекті композитор Илья Жақанов әндерінің цикл-цикл боп тууы өзінше бөлек салиқалы сыр. Бұл ретте сазгердің сырлы жүрегінен туған «Қырғыз» циклы, яғни Шыңғыс Айтматовтың шығармаларына қатысты жазған әндері, «Сарыарқа» циклы, оның ішінде «Балқантауды» жырлаған төрт әннің ерекше жарқырауы, «Жайлаукөл кештері» әні әр берген «Қаратау» циклы, «Еділ-Жайықтан» басталатын «Батыс» циклы деген сынды бірнеше циклға бөлініп туған әуезді әндері бүгінгі қазақ руханиятының алтын қоры, мол қазынасына айналып отыр.

Әнге айналған «Жәмила»

Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Мәселен, «Қырғыз циклына» кіретін бас аяғы бес ән – «Даниярдың әні», «Жәми­ланың әні», «Әсел», «Асылым», «Бибіжан» туындыларының өмірге келу тарихы ата­уында айтып тұрғандай, қырғыздың қарым­ды қаламгері Шыңғыс Айтматов шығар­машылығымен етене байланыстың нәти­жесінде туған.

«Даниярдың әнінің» жазылуына қар­ғыз қаламгері Шыңғыс Айтматовтың Қазақ­станға кезекті келу сапары әсер етеді. Айт­матовтың бұл сапары жас композитор Илья Жақановты ерекше толқытты. Сәйкестік пе, сазгер дәл сол кезде жазушының қа­зақ-қырғыз оқырмандарына аса танымал «Жәмила» повесін қайта оқып жүрген еді. Сол әсердің қуатынан шыға алмай шай үстінде тағы да жүрек қылын шертер әйгілі повесті қайта парақтады. Әр жеріне ойлана көз салды. Көзіне көңіл сырымен үндескен мына бір жолдар оттай басылды:

«…Ол күні біз әдеттегідей стансадан шығып, ауылға қайтып бара жатыр едік. Аспанда жұлдыздар көрініп, түн кіріп қалған кез. Айнала жым-жырт, тыныш, тек қана Даниярдың даусы өзен үстінде қалықтап, алысқа кетіп жатты. Жәмила екеуміз оның соңынан келе жаттық. Бұл жолы, неге екені белгісіз, Даниярдың әні нәзік сезім мен жалғыздықтың өкінішіне толы, адамның жүрегін мұңға толтырды».

Сазгер шығармашылығын зерттеген қаламгер Толымбек Әбдрайымұлының эссесінде дәл сол толқынысты сәт былайша суреттеліпті:

«Міне, Данияр ән салып келеді… Илья­ның жүрек қылы да діріл қақты. Жо-жоқ, повестегі Сейіттің дәл өзі болып мөлдіреді. Ол жұлдызы самсаған, сүттей жарық, ай қалқыған мақпал түнді көріп отырды. Ол өз ауылының салқын жайлауы Жонды… Сарыобаның салқын самалды сазын… Нұржансай… Бәйкел саздан арбамен асық тасып Төлеубаланың етегіндегі қоймаға келе жатқан Қалиқа мен Нұғыманды көріп отырды. Қалиқа мына Жәмила емес пе? Нұғыман Данияр емес пе? Қандай ұқсас! Бұлардың бәрі бір адам ғой…бір адам! О, шіркін, тып-тыныш бол ұйып қалған дүние... Күллі тіршілік демін ішінен алып, Жәмиламен Даниярға сұқтана қарап… Даниярдың әнін тыңдап маужырап қана тұр.

Илья да бір кең тыныстан әндете берді.

Ай жарық, тып-тыныш атырап,

Жүректер тағы да қауышты.

Жанарың жұлдыздай жарқырап,

Толқытты, сабырды тауысты,

деген шумақ оралып, ілесе жөнелді. Сонан соң іле-шала қайырмасы да:

Бар әнім сен, Жәмила… – деп, бірде қырғыздың Алатауындай асқақтап, бірде қазақтың кең сахаралы Сарыарқасындай құлаштап, тым алысқа жайылып кетті. Осы­лайша, әуелде әуен келді. Композитордың көздері повестегі жолдарды бір көріп, бір көрмей отыр. Көз алдында тек Данияр мен Жәмила…» деп бір әсерленсе, енді бірде
«…Арада екі жыл өтті. 1965 жылдың жаз айы. Илья Жақанов «Жәмила» повесін әр кез оқып, оқыған сайын ойланып, толғанатын… Бұл жолы да осылай шықты…

«…Күз өстіп көп тұрған жоқ. Көп кешік­пей қара жел тұрып аспанның реңі бұзылып, қар аралас жауын басталды. Апта бойы көз аш­тырмаған жауын, бір күн бәсеңдеп тоқта­ғанда, мен Күркіреудің жағасына бардым.

Жиектегі қурайлардың арасында сурет салып отыр едім. Бір уақытта басымды жо­ғары көтеріп, арғы жағаға су кешіп өткен екі кісіні оқыс көріп қалдым. Олардың Данияр мен Жәмила екенін бірден таныдым…

Данияр мен Жәмила артына қарамай темір жол разъезіне қарай жылдам басып барады. Олардың қаралары барған сайын алыстап, біраздан кейін шидің арасынан көрінбей қалды.

Мен, міне, осы кезде ғана есіме келдім.

– Жәмила-а-а! – деп бар күшіммен айқай­ладым.

Томсарған даланың үстінен «а-а» деген жалғыз жаңғырық көпке дейін созылып, өлеусіреп барып басылды…».

Осы жолдар қайталап оқыған сайын толқы­татын композиторды. Ал бұл жолғы әсер керемет… Содан ба, аяқ астынан мұңға, сағынышқа толы әуен келді…

Қияда өскен бір шынар,

Гүлдемесе қайтер едің!

Сүйінген жан мың сынар,

Үндемесең қайтер едің!

Сен сынадың,

Мен шыдадым.

Құдіретім, ынтызарым.

 Даниярым, жан жарым!

деп тебірене баяндайды жазушы.

Міне, Айтматовтың атақты «Жәмила» повесінің кейіпкерлері Данияр мен Жәмилаға арнап шығарған әуезді әндерінің тууына түрткі болған шығарма өн бойындағы осындай бір ішкі иірімдер еді.