Өнер • 08 Қыркүйек, 2022

Ақ пен қараның арпалысы

389 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Көрмеге барсаң демаласың. Тіршілікке бей-жай қарауға бейілденген рухыңды бір сілкіп алып, мына ғазиз әлемге суретшінің жанарымен үңілгің келеді. Кабырғаға ілінген әр картинаның құпиясын ашқың келіп құныға қарайсың. Кенет ғажап бір әлем алдыңнан шығады. Суретші өмірдің әр сәтінен қуаныш көруге ұмтылады екен ғой. Қылқалам құдіреті кейде мұңның өзін шаттыққа айналдырып, санаңды сабыр нұрына малатыны бар... Ал кейде бәрі керісінше.

Ақ пен қараның арпалысы

Кезекті рет жанымызға жылы әсер құйған ғажап суретші Кәміл Муллашевтің қолтаңбасы болатын. «Уақыт үні» деп аталған көр­мені кеше мен бүгіннің арасын жалғаған сабақтастық көпірі деп қабылдадық. Суретшінің асқақ үні құлдыраған құндылықтар уақытпен қайшыласып, кешегі кемел түсініктерді бүгін түкке тұр­ғысыз еткісі келетін бала дә­уір­ге қаһарлана қарайтындай. Ада­ми асыл қасиеттен айныған кеу­делерге кенептегі кемеңгер ойлар арқылы дем бергісі келеді. Ең бас­тысы ақыл айтудан ада. Туындыға көңіл көзімен қараған адам ондағы қайшыласқан сезім­дерді, ақ пен қараның арпалысын, кеше мен бүгіннің келбетін анық көреді.

Көзі қарақты оқырманға Кәміл Муллашевті таныстырып жатудың өзі артық. Дәулетияр дарын иесі жарты ғасырдан бері қылқа­лам­ды жанына серік етіп келеді. Дүниетанымы терең шебердің сан-қырлы шығармашылығы Қазақстанның өнер тарихында дара мәнге ие. Өнер әлеміне оның есімін 1978 жылы Третья­ков галереясы сатып алған «Жер және уақыт. Қазақстан» үштігі танымал етті. Уақыт – суретші шы­ғармашылығының негізгі сөзі. Туындыларының идеялары мен бейнесі өз заманының көркемдік процестерімен қабысып жата­тын суретшіге уақытты сезіну мен түсіну қабілеті дүние дидарына терең көзбен зер салуға мүмкіндік берген дерсіз. «Уақыт жаршысы», «Уақыт үніне құлақ түру», «Уақыт аралығындағы самғау» деп аталған шығармалары тарих пен болашақты қатар қоя отырып, одан түйетін ойдың жұм­бағын көрерменнің таным-талқысына қалдырады. Бүкіл адам­затқа әсер еткен қауіпті індет тақырыбын да қаламынан тыс қалдырмаған туындыгер «Covid-19», «Өмір үшін күрес», «Сау бол» деп аталған қасіретті нота­лары арқылы өмірдің құнды­лығын, бағасын, жүйке-жүйеңмен сезіндіреді. Соған қарамастан аталған картиналарда сәнді мәнер бар. К.Муллашевтің стилі таза реалистіктен сәндік-дерексіз және мағынасыз формаларға де­йін өзгеруі мүмкін, бірақ кез келген шығармаларда оның креа­­тивтік ­бастамасы бой көр­сет­­пей тұрмайды. Бұл тұрғыда өнер­та­нушылардың пікірі төмендегідей.

са

– Кескіндемеші Муллашев бейнелеу өнерінде үлкен ұстам­ды­лығымен, зейінімен, асық­пай ойланатынымен қатар өз публицистикасын, драматизм мен патетизм туралы түсінігін ерте кезден-ақ қалыптастыра білді. Мұндай «көңіл-күйдің, тол­ғаныстың, ахуалдың көп дауыс­ты ырғағында» Муллашев өз ор­нын тапты. Оның туынды­лары­ның идеялары мен образ­дары уақыттың көркем процестерімен байланысты болды, ал суретшінің кескіндемесіне тән форманың ықшамдығы, образдық екпіннің ұстамдылығы, автордың шын­дықты романтикалық сезіммен біріктіре алуы сақталып, оның стилінің ерекшелігі болып қала берді. 1970 жылдары өнерге дендеп кірген графиктілік пен түстерге деген «рационалды көзқарас» Муллашевтің өнерінде де көрініс тапты. Оның туындыларының кескіндемелік-пластикалық жүйесі 1980-жылдардың ортасы мен 1990-жылдардың басында өзгере бастады. Қоғамдық сана-сезім дамуының осы кезеңін­де суретшіні үлкен әлеуметтік тақырыптар қызықтыруын қо­йып, олардың орнына жаңа идея­лар пайда болды, көркем шығар­малардың стилистикасы өзгерді. Муллашевтің пластикалық және колористік ізденістері бұдан былай ғасырдың ең жаңа тарихи және көркем үрдістерімен байланысты болды. Жаңа қоғамдық жағдай шығармашылық практикадан авангардтық бағытты үзген кедергілерді жойды. Пленэрге көп көңіл бөлді. Кәміл жазда қазақ даласын аралап этюд са­луға шығады. Соңғы жылдары Шарын мен Кегеннің, Жар­кент пен Талдықорғанның таби­ғат көріністерін бейнеледі. «Ты­ныштық, жазық дала, жер бетінде жалғыз өзің сияқтысың. Қайда жазғың келсе, сонда тоқтап жаза бересің, мұндай нәрсе әдемі жазылады», деп суретші өзінің сапарлары туралы баяндайды. Оның пейзаждарының «дала тынысына» толы болуы да кездей­соқ емес. Олардың кеңістіктері­нің байсалды ырғағы кенеп бетте­рін ерекше дүниетанымға тол­тырады. Егер де далалық пейзаждарда кеңістік әрдайым ашық әрі пластикалық айқын болса, Татарстанның ормандық пейзаждарында ол көкжиекті жауып, бастары жақтаудан шығып кете­тін биік ағаштармен тұйықтал­ған. Табиғаттан алған әсерлері суретшіге композициялық құры­лымды ойға салады, – дейді су­ретші шығармашылығын індете зерттеген өнертанушы Күлжазира Мұқажанова.

Шебер танымының көкжие­гін көрсететін бірден-бір жол же­ке көрме ұйымдастыру десек, бұл тұр­ғыда К.Муллашев бай тә­жі­­ри­беге ие. Өнер әлемінде бү­гін­ге дейін 26 жеке көрмесін өт­­­кіз­­ген суретшінің картинала­рын көптеген озық елдердің му­зей­лерінен кездестіруге болады. Бел­гілі суретші Байтұрсын Өмір­бековтің сөзіне қарағанда, Мул­ла­шев үнемі ізденісте жүре­тін, жаңалыққа құштар қыл­қалам шебері.

в

«Кезекті көрмедегі тың ізде­ністерге қарап таңғалдық. Жасы сексенге таяса да, өнердің қуаты талмай ізденуде екенін дәлел­деп келе жатқан Кәміл кейінгі жастарға жарқын үлгі. Салған дү­ниелерінің динамикалық қуа­ты жоғары, түсі қанық, тақырып аясы кең. Адамды ой тереңіне жетелейді. Қоғамдағы өзгерістерге суретші өз көзқарасын танытып, өз түйсігін айтқысы келеді. Бояу мүмкіндіктері, композиция­лық құрылымы бай суретшінің көр­кемдік тілі азаматтықпен астасып жатыр. 2022 жылғы жазылған жұмыстарының композициялық құрылымы күрделі. Мұнда тек реализм емес, гиперреализм, сюрреализм бағыттары одан басқа да дүниелер қылаң береді. Соның бәрінің қосындысынан заманауи құбылыстарға меңзейтін тосын ой, өзгеше леп байқала­ды. Философиялық бағыттағы дүниетанымға арналған бүгінгі күннің ерекшелігін екшейтін тосын қадамдарға бара білген», дейді Байтұрсын Өмірбеков.

Қазіргі уақытта Кәміл Мул­лашев – Қазақстан Респуб­ли­ка­сының еңбек сіңірген өнер қай­раткері және Татарстанның халық суретшісі, Қазақстан мен Татарстан Мемлекеттік сый­лық­тарының лауреаты, Ресей көркемөнер Академиясының Құр­метті академигі, Қытайдағы екі бірдей жоғарғы оқу орнының – Чао-Жао қаласындағы Хан-Шан педагогикалық институ­ты­ның және Шан-Тао универси­тетінің құрметті профессоры, Ұлттық өнер уни­вер­ситетінің профессоры. Сурет­шінің ресми атақтарының тізбесі Қазақстан, Ресей және Қытай Халық Республикасы сияқ­ты үш елде оның еңбегінің мо­йындалғанын куәландырады. Өнерсүйер қауым үшін Ә.Қастеев атындағы өнер музейінде салтанат құрған тағылымды жоба Муллашев шығармашылығымен етене танысудың орайлы сәті.

Адамды рухани тазалыққа шақыратын, өз арымен беттес­тіретін һәм сол арқылы ойландыратын отты образдар, мифтік және тарихи қаһармандар, кенеп бетінен орын алған мәлім де беймәлім бейнелер сізді де ішкі әлеміңізге бір сәт үңілуге үндейтіні шүбәсіз.

 

АЛМАТЫ