Қоғам • 08 Қыркүйек, 2022

Әділдік тұғыры – береке

1760 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Қазақстан халқына Жолдауының өзегі «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты тұғыр­лы тарихи тұжырымды негізге алып, Әділетті Қазақстанды құру жолында түбе­гей­лі және жан-жақты реформаларды табысты жүзеге асыру үшін халықтың жаңа сенім мандаты қажет дегенді атап өтті. Әділетті қоғамның басты ұстыны – ашық бәсекелестік орныққан және бәріне тең мүмкіндік берілетіні жайлы баяндап: «Әді­летті Қазақстанды құру ісі енді ғана бас­талды. Бұл бағдарымыз ешқашан өзгер­мейді, ішкі және сыртқы ахуал қандай болса да жалғаса береді», деп түйіндеді.

Осы орайда, «Байлықтың не керегі бар қайыры болмаса, Биліктің не керегі бар әділдігі болмаса» деп бұрынғы өткен ата-бабаларымыз айтқандай, әділдік болмаған жерде береке де жоқ. Яғни «әділ сыншың – ақ жүрегің» деп ойшыл-ғұлама Шәкәрім қажы айтқандай, әділдіктің тұғыры – береке.

Мысалы, жоғарыда атап өткеніміздей, әділдікті ту етіп, оны қоғамның берік қамал-қорғанына айналдырған қауым жаудан жасқанбайды, тебінгіден ала балтасын суырып тең атаның ұлындай сөйлеседі. Өйткені әділдік салтанат құрған елде сенімділік орнайды, биінің беделі биік, батырының бағасы зор болады.

Мысалы, қазақтың қабырғалы үш биінің бірі Қаз дауысты Қазыбек XVIII ғасырдың ор­та­сында ойраттың ханы Қалдан Серен қолы­на тұтқын болып түскен Абылай сұлтан­ды құтқарып алу үшін елшілікке барып, қонтайшының қоңыр ордасының қақ төрінде отырып бүй дейді: «Біз қазақ деген мал бақ­қан елміз, ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз. Елімізден құт-береке қашпасын деп, жеріміздің шетін жау баспасын деп, найзаға үкі таққан елміз. Ешбір дұшпан басынбаған елміз, басынан сөз асырмаған елміз. Досымызды сақтай білген елміз, дәм-тұзымызды ақтай білген елміз. Атадан ұл туса, құл боламын деп тумайды, анадан қыз туса, күң боламын деп тумайды. Ұл мен қызды қаматып отыра алмайтын елміз. Сен қалмақ болсаң, біз қазақ қарпысқалы келгенбіз, сен темір болсаң, біз – көмір, еріткелі келгенбіз. Қазақ, қалмақ баласы табысқалы келгенбіз, танымайтын жат елге танысқалы келгенбіз, танысуға көнбесең, шабысқалы келгенбіз. Сен қабылан болсаң, мен – арыстан, алысқалы келгенбіз. Жаңа үйреткен жас тұлпар жарысқалы келгенбіз, тұтқыр сары желіммін, жабысқалы келгенбіз. Берсең жөндеп бітім айт, не тұрысатын жеріңді айт» деп, әділетке арқа сүйеп, берекесі бекіген қауымның атынан жасқанбай сөйлеген. Себебі артында әділдік үшін атқа қонатын берекелі берік елі тұр.

Сол сияқты халқымыздың қамын жеген, яки Сұлтанмахмұт Торайғыров ақынша айтсақ «халқы үшін шам қылған жүрек майын» арыстардың қай-қайсы да рухани бірліктің басында «әділдік» тұрғанын айтады. Абай атамыз «Әділет, шапқат кімде бар, Сол жарасар туғанға» десе, Шәкәрім қажы Құдайбердіұлы: «Таза ақылы, ақ жүрегі, мейірімі, ар, ынсабы бар адам бірін-бірі айуанша жеп, талап өтуі мүмкін емес. ...адамның бойына біткен, үш асыл қасиеттері бірігіп басын қосса, адам баласының таласуы қалмақ. Олар: таза ақыл, ақ жүрек, адал еңбек! Міне, осы үшеуінің басы қосылса, адам барлық табиғат байлығынан пайдаланып, бақытты өмір сүрмек. Осы үш қасиет біріксе, өзімшілдік мансапқорлық, мақтан, өтірік, зорлық мейірімсіздік, қара ниеттілік деген сияқты қылықтарға орын қалмайды. Бұл – табиғат жолы. Адамның анау – аң заман, ағаш заман, тас заманы деген дәуірлерімен осы заманды салыстырып қара. Қоғам қандай өсті, қандай жаңалықтар шықты. Қоғам өсе бермек, таза адамдар көбейсе, жаман әдет қала бермек, бұдан әділет болады деген қорытынды шықпақ!» деген екен (Ахат Шәкәрімұлы. «Менің әкем, халық ұлы – Шәкәрім», «Жұлдыз» журналы, 1992 ж. №11).

Сөзімізді түйіндеп айтар болсақ, «Әділетті мемлекет» ұғымы Президент тарапынан бұған дейін де айтылған еді. Айталық, Қасым-Жомарт Кемелұлы 2021 жылы 5 қаңтарда «Egemen Qazaqstan» газетінде басылған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында: «Біз әділетті қоғам мен тиімді мемлекет құруды көздеп отырмыз. Кез келген істе әділдік қағидатын басшылыққа алсақ, бұған анық қол жеткіземіз. Мысалы, тұрғындардың тұрмысын жақсарта түспесек, еліміздің жетістіктері мен халықаралық табыстарын мақтан ету артық. Азаматтарымыз экономикалық өсімнің игілігін сезіне алмаса, одан еш қайыр жоқ. Мен әрбір шешімді қабылдар сәтте осы ұстанымды басшылыққа аламын. Біз халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартумен қатар, барлық азаматтың мүддесін бірдей қорғаймыз. Менің ұғымымдағы әділетті мемлекет дегеніміз осы» деген еді.