Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»
2022 жылдың уәдесі мен межесі
Мемлекеттен қаржы алатын ЖОО деп грант алып отырған университеттерді меңзегені анық. Өйткені еліміздегі мемлекеттік мәртебесі бар жоғары оқу орындары академиялық еркіндік алып, акционерлік қоғамға айналғаны белгілі. Иә, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жоғарыдағы жатақханаға қатысты талапты университеттерден біртіндеп талап ету керегін жеткізген болатын. Осыған қоса Президент: «Барлық мәселенің шешімін табуды мемлекеттің мойнына ілу дұрыс емес деп санаймын», деді.
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек өткен айдың 16 күні болған Үкімет отырысында жаңа оқу жылы басталғанда жатақханаға мұқтаж студенттердің саны 89 мыңнан асатынын айтқан еді. Және еліміздегі іргелі университеттерде қанша орынға қажеттілік бар екенін: «Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде – 15 122 кереует орын, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде – 4 500, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде – 4 000, Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінде – 3 000, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ – 5 000 кереует орынға деген қажеттілік бар. Сонымен бірге жалға берілетін тұрғын үйдің қымбаттауы да жатақханаларға студенттер ағылуына әсер етуі мүмкін», деген болатын.
Ал Премьер-Министрдің бұрынғы орынбасары Ералы Тоғжанов екі аптадай уақыт бұрын, анығырақ айтқанда, тамыз айының 25-інде өткен Ғылым және жоғары білім форумында: «Студенттер үшін өзекті мәселелердің бірі жатақхана тапшылығы жүйелі түрде шешілуде. Соңғы 3 жылда 30 мың орын берілді. Жыл соңына дейін 10 мың орындық 35 жатақхана қолданысқа енгізілуге тиіс. Бүгінде 28 жоғары оқу орны білім алушыларды 100% жатақханамен қамтамасыз ете алады. Алайда жекелеген университеттерде орын тапшылығы бар. Атап айтқанда, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде – 12,5 мың, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде – 4,5 мың, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде – 4 мың, Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінде – 3 мың, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде 6,5 мың орынға қажеттілік бар. Ғылым және жоғары білім министрлігі, мүдделі мемлекеттік органдармен, ректорлармен бірге басқа қалалардан келген студенттерді жатақхана орындарымен қамтамасыз ету мәселесін жүйелі шешу бойынша жұмыстарды жалғастыруға тиіс. Барлық университет білім алушылардың 70%-ын жатақхана орындарымен қамтамасыз ету бойынша заң талабын орындауды қамтамасыз етуі қажет», деді.
Осыдан төрт жыл бұрын Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан азаматтарының өмірін жақсартуға бағытталған бес әлеуметтік бастамасын жариялаған-ды. Жол 2018 жылғы халыққа үндеуінен туған бастаманың бірі студенттерді жатақханамен қамту мәселесін шешуге бағытталған болатын. Осылайша, Н.Назарбаев «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты 2018 жылғы 5 наурыздағы Жолдауында 2022 жылдың соңына дейін студенттерге арнап кемінде 75 мың орындық жатақхана салуды тапсырған еді. Алғашқы жылдары құрылыс қарқынды жүріп, біраз жоғары оқу орны студенттер үйін салғызды. Алайда тапсырма толығымен уақтылы орындалмай, 2025 жылға шегерілді. Енді қайтпек керек?
Өмірдің өзінен
Жалдамалы пәтеріміз елордадағы екі бірдей жоғары оқу орнына жақын орналасқан. Қайбір күні жұмыстан қайтып, сол пәтерімізге кіргелі тұрсақ, екі қыз кіреберістегі хабарландыру тақтасына қағаз жапсырып жатыр екен. Қағазда үлкен өлшемді әріптермен «Сіздің үйден пәтерді жалға аламыз» деген бір сөйлем жазылыпты. Әрі телефон нөмірі көрсетілген. Қыздар енді бұрыла бергенде тоқтатып сөзге тарттық. Аты-жөнін, университетінің атауын айтқысы келмеген екеуі: «Біз 2-курсқа өттік. Былтырғыдай басқа қаладан, ауылдан келгендерге жатақханадан орын болар деп ойлап едік. Үмітіміз ақталмады. Жоғары оқу орнының әкімшілігі жатақханадан орын дәметпеу керегін, өйткені біздің әлеуметтік аз қамтылған отбасыдан шықпағанымызды айтты. Әке-шешеміз жұмыс істегенімен, оқу ақымызға, тамағымыз бен киімімізге ақшаны әзер табады. Енді оған пәтерақы қосылса, қалай болатынын білмейміз. Сол үшін 4 қыз бірігіп жалға алатын бөлме немесе пәтер іздеп жүрміз. 1 апта болды, таба алмай жатырмыз. Себебі өте қымбат, қалтамыз көтермейді, арзанында су жоқ, от жағу керек. Үй иелері өзімен бірге тұруға арзандау сұрайды екен. Сондайға жүгірсек те болмай жатыр. Студент екенімізді білсе, ат-тонын ала қашады», дейді. Студенттер қазір туыстары тұратын қала іргесіндегі ауылдан қатынап жүр екен.
Осы оқиғадан соң, журналистік қызығушылықпен маңайдағы екі жоғары оқу орнының жатақханасына тарттық. Ректордың рұқсатынсыз кіргізбейді екен. Кіріп-шығып жатқан студенттерден сұрасақ, тұрғындарға жақсы жағдай жасалыпты, тек қол жеткізсе болғаны.
Жоғарыдағы Үкімет мүшелерінің екі түрлі дерек келтірген ұлттық деңгейлі жоғары оқу орнына тоқталайық. Отандық және халықаралық рейтингтерде айтарлықтай жоғары көрсеткіштерді бағындырып жүрген Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Е.Тоғжанов айтқандай, жатақханада 6,5 мың емес, С.Нұрбек келтіргендей, 5 мың орынға қажеттілік бар екенін растап отыр. Аталған университеттің баспасөз қызметі журналистік сұрауымызға берген ресми жауабында: «Еуразия ұлттық университетінде 4 мыңнан астам білім алушыны қабылдай алатын дәліз, секциялық және пәтерлік типтегі 8 студенттік жатақхана бар. 1-курс студенттері жатақханамен толықтай қамтамасыз етілді. Бүгінде 2-5 курстарда оқитын әлеуметтік топтағы білім алушылар жатақханаларға жайғастырылып жатыр. Одан кейін қалған орындар 2-5 курстың қалған студенттеріне беріледі. Қазір университет басқа жатақханалармен және хостелдермен шарт жасасу арқылы студенттерді қосымша орындармен қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдап жатыр. Бүгінгі таңда ЖОО жатақханаларды қаржыландыратын «Қаржы орталығы» АҚ және хостелдармен қосымша 500-ден астам орынға келісімшарттар жасасты. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасады. Жалпы қажеттілік – 5 мың орын», – деді.
Мәселенің мәнісі
Ауылдағы, шалғайдағы, басқа қалалардағы жастардың арман қуып үлкен қалаларға, соның ішінде астанаға ағылатыны белгілі. Бас қалада оқу орны көп, соған сай сұраныс та жетіп артылады. Әлбетте мұны бәріміз де білеміз, сондықтан елордадағы университеттің осыған саятын уәжін де қабылдаймыз. Бірақ әрекет еткеннің ғана ісінде береке болмай ма? Қазақстанда жатақханаға мұқтаж студенттерін 100 пайыз орынмен қамтып отырған университеттер бар. Мұндай оқу орындары қалай әрекет етіп жатыр? Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің проректоры Жандос Нұртайұлы өзекті мәселені толық шешуге жеке кәсіпкерлердің тартылғанын атап өтті.
«Университетіміздің балансында төрт жатақхана бар. Десе де студенттер саны жылдан жылға артып келеді. Мысалы, 2020 жылы 6 мың, былтыр 8 мың студент болса, биыл 9 мыңға жетіп отырмыз. Ізденушілер саны артқан сайын сұраныс та көбейіп келеді. Себебі өңіріміздегі көп жылдық тарихы бар университет болғандықтан, облыстағы талапкерлердің басым бөлігі біздің оқу орнын таңдайды. Осыған қоса 25 шетелдік, 50-ден аса басқа өңірлерден, 3 мыңға тарта шалғай ауыл-аудандардан келген студент бар. Оларға жатақхана мәселесі грантпен бірдей маңызды. Шыны керек, жатақхананы салу, оны ұстау – шығыны көп процесс. Соған қарамастан, еліміздегі ең арзан жатақхананың бірі – біздің университеттікі, айына бар болғаны – 5 мың теңге. 9 ай оқуға жатақхана үшін сонда 45 мың теңге ғана төлейді. Шығыны көп жұмыста біз мемлекеттің саясатын тиімді пайдалануды көздедік. Үкімет соңғы 3 жылда жеке кәсіпкерлерге субсидиялар арқылы жатақханалар салуға мүмкіндік берді. Университеттің балансындағы төрт жатақханаға қосымша жеке кәсіпкерлермен келісіп тағы екі студенттер үйін беріп отырмыз. Қазір екі кәсіпкер қаланың орталығында 465 орынды екі жатақхана беріп отыр. Бізге де, оларға да тиімді. Студенттер бұл жатақханаға да айына 5 мың теңге төлейді, қалғанын кәсіпкерлер субсидия ретінде адам басына Үкіметтен алады», дейді Ж.Нұртайұлы.
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті проректорының айтуынша, тағы 112 орынды резервте ұстап отыр, бұл орындар жатақханаға алдағы уақытта студенттерден өтініш түсіп қалса, ұсынылмақ. Осының өзінде қазір аталған ЖОО-ның бір жатақханасына жөндеу жүргізіліп жатыр екен, ал 60 орындық бір жатақхана жас ғалымдарға берілген.
Өңірлерде жатақханаларға дәл мегаполистердегідей қажеттілік болмағандықтан 100 пайыз қамтып отырған шығар дейміз ғой. Сөйтсек, олай емес екен. Өңірлік университеттердің бәрі бірдей жақсы нәтиже көрсетіп тұрған жоқ. Жақында әлеуметтік желіде Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау өңірлік университетінде 2-курс оқитын студенттердің жатар орын таппай жүргені жөнінде жазба тарады. Біз аталған ЖОО-ның медиаға жауапты маманымен, проректорымен байланысқа шығып, сұрағымызды қойдық. Телефонмен тілдескенде әзірге 1-курс студенттеріне ғана жатақханадан орын берілгенін, тапшылықтың бар екенін жеткізді. Бірақ мақалаға тек ресми жауапты қолдануымызды сұрады. Жауапты күткенімізбен, келмеді. Жарайды, университет жағдайды алдағы уақытта қалай жақсартатынын хабарлап, жауабын бере жатар. Мәселе – өңірлік ЖОО-да да түйткілдің түйіні түбегейлі тарқатылмағанында.
Бет қатталып жатқанда... Министрлік жақында 2025 жылға дейін жатақхана мәселесі толық шешілетінін хабарлады. Осындай уәде беріп отырған ведомство келесі бір деректі келтіреді: 2026 жылға қарай студенттердің саны 1 млн-ға жетуі мүмкін. Яғни қазіргіден шамамен екі есеге артады. Сонда қайтеміз?..