Пікір • 09 Қыркүйек, 2022

Балаларға қамқорлықтың үлгісі

156 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл жолғы Жолдауында ең басты назар аударатын нәрсе – «Әділетті Қазақстан» құрудың концепциясын атап, оған апаратын нақты қадамдардың көрсетілуі. Жолдауды әзірлеу барысында қоғам белсенділері мен білікті сарапшылардың пікірі ескерілгені көрініп тұр. Қоғам тарапынан айтылған сынды және өзекті мәселелерді де тізбектеп, олардың шешу жолдарын атап көрсетті.

Балаларға қамқорлықтың үлгісі

Қасым-Жомарт Тоқаев қазір­гі елдегі экономикалық және сая­си дағдарыстан шығудың бағыт-бағдарын айқындап берді. Жоғары оқу орнындағы білім сапасын арттыру бо­йынша да тапсырмалар берді. Мемлекет ҰБТ нәтижесінде және бас­қа да көрсеткіштер бойын­ша білім беру гранттарын әртүрлі деңгейде бөлуді жоспарлап отыр. Оның көлемі 30-дан 100 па­йыз аралығында болмақ. Осы уақытқа дейін ҰБТ-дан 50 балл жинаған баланың өзі техникалық бағытта мемлекеттік грантты иеленіп келді. Ал 120 балл жинаған бала гуманитарлық немесе медицина саласында гранттан тыс қалды. Енді ойлап қарайық, төмен балмен түскен бала күрделі инженерлік бағытты қалай меңгере алады? Сондықтан бұл шешім өте әділетті болады. Осылайша, жоғары білім саласында жақсы реформалар жүреді.

Білім сапасына қарай оқу бағасын арттыру да маңызды шешім. Оқу сапасын көтеру үшін оған едәуір қаражат бөлінуі керек. Қаражат бөлінуі үшін гранттың саны да, құны да артуы қажет. Соңғы 3 жылда жоғары грант мөлшерімен студенттер қабылдап жатырмыз. Гранттың құны артқаннан бастап біз оқытушылардың жалақысын көбейтуге, жатақханадағы материал­дық жағдайды түзетуге, жаңа құрал-жабдықтар алуға, өзге де бір­шама мәселелерді шешуге мүмкіндік алдық. Қазіргі мақсат –  университетіміздегі ақылы бөлімнің құнын да гранттың бағасына жеткізу. Себебі оқу ақысы өскен са­йын университетке бөлінетін қаржы мөлшері ұлғайып, бұл өз кезегінде жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Осылайша, уни­вер­ситеттің тиімді жұмыс іс­теуіне негіз қалыптасады.

«Білім алуға жылдық 2-3 пайызбен жеңілдетілген несие беріледі» деген де үлкен жаңалық болды. Президент айтпақшы, бұл шаралар жоғары білімнің қолжетімділігін арттырып қана қоймай, қоғамдағы әріптестік пен жауапкершілік қағидаларын нығайта түседі.

Президент өз Жолдауында студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету мәселесін де атап, оны шешу механизімін айтып өтті. Бұл мәселе барлық университеттің күн тәртібінде тұр. Биыл грант, квота және ақылы негізде оқуға түскен бар­лық 1-курс студенттерін қажет­тілігіне қарай жатақханамен қамтамасыз еттік. Сонымен қатар мемлекеттік және универ­ситеттің ішкі грантында оқитын 2-3 курс студенттеріне де толықтай орын бөлуді көздеп отырмыз. Арнайы комиссия күн сайын жұмыс істеп жатыр.

Президентіміз өз Жолдауында әділеттік принципімен қоса еңбекқорлық қағидасын ерекше атап өтті. Бәріңізге мәлім, оңтүстік өңірдің халқы өте еңбекқор келеді, кәсіпкерлік дағдылары жоғары. Халықтың ежелгі мәдениеті де, рухани көшбасшымыз Ясауи бабамыздың ілімi де бізге еңбекқорлықты дәріп­тейді. Сон­дықтан былтыр уни­вер­ситетіміздің 2022-2026 жылғы Стратегиялық жос­парын қа­был­даған кезде, әділеттік пен еңбекқорлықты оқу орны­мыз­дың басты құндылығы деп бекіт­тік. Президентіміздің де осы екі қағидаға назар аударуы біздің дұрыс жолда келе жат­қаны­мызға дәлел бола алады. Мо­йындау керек, қазір оңай ақшаға ұмтылғандардың қатары аз емес. Бұл түсінікті өзгерту үшін түпкі мәдениетіміз бен дәстүрімізге үңілгеніміз жөн. Бізді қаншама зар заманнан аман алып қалған еңбекқорлық еді. Бойымызда батылдық та, батырлық та бар. Бірақ мынау заманда бізге ең қажеті – әділеттік пен еңбекқорлықты насихаттап, бойымызға сіңіріп, Әділетті Қазақстанның жаңа сая­си мәдениетін қалыптастыру.

 

Жанар ТЕМІРБЕКОВА,

 Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ректоры

 

Түркістан облысы