Руханият • 08 Қыркүйек, 2022

Ұлт жоғын ояу жүріп іздеу

2748 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жауапты кезеңде елдік бірлік-берекеге қатысты сындарлы пікір айтып, жөн-жоба айқындаудың қоғамдық сал­мағы ерекше. Мемлекет басшысы 1 қыр­күйек­тегі Жолдауында: «Жұрт бос сөзден, жарқын болашақ туралы жалынды ұран­дардан жалықты. Халық мемлекеттік органдардың өз уәдесін қағаз бетінде емес, іс жүзінде орындағанын қалайды», деді.

Бұл сын – делсал күйдегі қоғамның үстіне мұздай су құйып жіберумен бір есеп. Бос сөз бен жалынды ұран – кешегі, тіпті ерінбегеннің бәрі мінеуге бейім қырмызы-қызыл дәуіріміздің шындығы еді. Мұның себебін, Ахмет Байтұрсынұлы пайымдағандай, «Жақсы нәрсенің жолға шығуы – жаман нәрседен қиынырақ» деп түсіндіреміз. Бүгінгі жақсы нәрсе – әділетті мемлекет, біртұтас ұлт, берекелі қоғам. Бұл – утопия емес, тырысса, бас біріктірсе, тізе қосса, оқу-тоқуы бар, қиындықтан сабақ алған кез келген қоғам қол жеткізе алатын игілік.

Иә, Президент шегелеп айтты: «Экономикалық саясатымыздың негізгі мақсаты еш өзгермейді. Оның мәні – сапалық және инклюзивтік тұрғыдан халықтың әл-ауқатын арттыру». Жүйелі іс-шара мен қоғамның бар жігін икемді серпілтуге бағытталған жобалардың мәні қабылдануымен емес, нәтижесімен өлшенеді. Жолдаудағы бес бағдардан осы ниеттің, ұстанымның өзегін аңғарамыз.

Біздіңше, халық қай кезде де істің көзін білетін, мәселенің мәнісін жатық түсіндіріп бере алатын азаматтарды аңсайды. Мұндай жауапты тұлғалар қалада да, далада да, елордада да, өңірлерде де жетіп артылады.

Бұқаралық ақпарат құралдарының асыл міндеті де – билік пен қоғам арасындағы әріптестікті, үйлесімді қалыптастыру мен жетілдіру. Бұл Қазақстан тәжірибесінде кезең-кезеңімен жүзеге асып келеді.

Әділетті мемлекет, біртұтас ұлт, берекелі қоғам туралы пікір, ой айтуда да жалынды ұран қажет емес екені бесенеден белгілі. Бұл – баспасөз бен қоғамдық ұйым алаңдарына жүктелетін жауапты міндет.

Әлеуметтік-экономикалық қиындықтар тұсында көңілі алаң халық сенім мен тиянақ таба алмай қиналады. Бүгінге және болашаққа деген сенім мен тиянақ қайдан келеді? Сылдыр сөзбен, жаттанды дерекпен келмесі ақиқат. Сондықтан жұртшылық қай ортада болсын, аз нәрседен болсын нәтиже шығарған адамдардың аузына қарайды. Үміт, сенім жақсылыққа бастайды.

Шынайы ақпарат, байыпты талдау, зерделі тұжырымдама, салиқалы қорытынды – бүгінгі БАҚ-тың әліппесі. Әрине, әліппені аттап кеткендер сауаттыларға ілесе алмай қалады.

Әділетті мемлекет, біртұтас ұлт, берекелі қоғам қайнауын да, толғамын да, күйініші мен сүйінішін де жеткізетін – ақпарат құралдары. Соңғы жылдары «отаншылдық» дей тұрып – мемлекетшілдіктің, «ұлт» дей тұрып –елшілдіктің мәнін түсінбеген, мазмұнын сіңірмеген отандастар пайда болғанын жасыра алмаймыз. Әрине, бұл үшін өзімізден басқа ешкімді жазғырмаймыз. Міндет – осыны ақылмен түзету. Бұл туралы Президент Ұлытауда өткен Ұлттық құрылтайда жетеге жеткізетіндей етіп айтты.

Бізде кем немесе жетілдіруді талап ететін басқа зәруліктер аз емес. Алаш зиялылары мұны «ұлттың жоғы» депті. Әлихан Бөкейханның сөзімен түйіндесек, «Ұлттың жоғын ұйықтап жүріп емес, ояу жүріп іздеу керек!».

Біз қоғам пікірінің, әлеумет пайымының, азаматтар танымының елшіл, отаншыл болуы үшін қызмет етуіміз керек. Қалам қуатынан қарапайым еңбегімізге дейін, азаматтық белсенділіктен күнделікті тұрмыс-тіршілікке дейін осыған бағытталуы қажет. БАҚ-тың мәдени-интеллектуалдық, рухани-ағартушылық миссиясы – осында. Біз мерейтойлық әсіре мақтаулардан, «жылт еткенді жарқ еткізетін» отшашулардан гөрі адамның жанын, сезімін баурайтын, жүрек көзін ашатын іс-шараларға ынтық болғаны­мыз жөн. Билік пен қоғамның шынайы әріптестігі – білмегенін біреу жазып берген материал негізінде айту емес, білетінге, яки маманға мінбер беруде. Ұлт жауапкершілігі, ел мүддесі осындай кәсібиліктен басталады.

Ақпарат саласына келсек, қазір бар жерді жаулап алған «ойын-сауық бағдарлама­ларының» өзінде ойсыз ырқыл-жырқыл емес, ойлы әзіл, ащы сатира, мәнді пародия, астарлы шарж болуы керек. Әйтпесе шет жұрттан жалаң көшіру ұлт сапасын, талғамын өшіруге апарып соғады. А.Байтұрсынұлы дәл аңғарғандай, «дұрыстық-бұрыстықты білмеген жұрт азады». Біз қалыптаспаған жас буын туралы айтып отырмыз.

Қазір мемлекеттік, қоғамдық, жекеменшік мәртебедегі БАҚ-тың ортақ ымыраға келетін кезеңі. Ол ымыраның аты – ел тағдыры, әрбіріміздің болашағымыз. Заты – әділетті мемлекет, біртұтас ұлт, берекелі қоғам.