Аймақтар • 09 Қыркүйек, 2022

Отбасылық құндылықтарды дәріптейді

439 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Еліміздің әр шалғайында шаруасын да дөңгелетіп, шаңырағының да бере­­кесін келтіріп отырған әйелдер «Жер шары ханымы Қазақстан» байқауында бақ сынап көруге әрекет етіп жүр.

Отбасылық құндылықтарды дәріптейді

Осы жарыста бас жүлдені жеңіп алған табысты да сұлу әйел Mrs. Kazakhstan Globe тәжін киіп, аты дүркі­реген MRS. GLOBE халықаралық байқауына ел атынан барады. 1 желтоқ­саннан бері байқауға қатысуға бизнес, білім, спорт, саясат, мәдениет, қо­ғам­дық өмірде жетістіктерге жеткен 25-45 жас аралығындағы келіншектер өтініш берсе, олардың арасында үйде отыр­ғаны, азаматтық некеде тұрып жат­қаны, тұрмыс тауқыметін тартқаны, ажырасқандары да бар...

MRS. Globe Kazakhstan сұлулық байқауының ұйымдастырушысы әрі франшиза иесі Жанна Мейрембаева: «Mrs. Globe халықаралық сұлулық байқауының өткізіліп келе жатқанына 26 жыл болды. Осы аралықта ол өте танымал және әйгілі конкурсқа айналды. Енді Қазақстанда жыл сайын Mrs. Globe өткізу мүмкіндігі туып отыр. Ел ханымын таңдау – әлемнің көп елінде бар дәстүр. Қазақстанда отбасына да, өз ісіне де, дамуына да уақыт табатын табысты әйелдер жеткілікті. Осы байқауда бақ сынағандар табыстың жаңа сатысына көтеріліп, бизнесте жаңа серіктестер мен инвесторлар таба алады», дейді.

Осы бастамаға орай Алматыда өткен бас­пасөз мәслихатында Президент жа­нын­дағы Әйелдер істері және демо­гра­фиялық саясат жөніндегі ұлттық комис­сияның мү­шесі Марианна Гурина: «Әйелдердің қо­лынан көп нәрсе келеді. Егер мемлекеттік бас­қаруға әйелдер кө­бірек тартылса, еліміз бұдан да үлкен жеңіске жетуі мүмкін. Қа­зірдің өзінде Парламенттегі әйелдер саны 30%-ға жуық. Сондықтан барлық қа­ты­сушылардың жаңа мүмкіндіктерін ашатын осындай байқаудың бар екенін сезіну қуантады», дейді.

Сонымен байқауға қатысуға үміт білдірген 300 әйелдің ішінен 22 конкурсант іріктеуден өтті. MRS. Globe Kazakhstan байқауының ақтық сыны 8 қазан­да Алматыда өтеді. Сонымен аталған жо­баның дайындық кезеңі 4 айға созылып, финалистер талай шеберлік сынып­тары мен тренингтерден өтті. Шешен­дік өнерді үйренді, камера алдында сөйлеп, сахнаға шығуға дағдыланды. Жұл­дызды спикерлермен бірге жеке бренд құрып, әлеуметтік желілерде өзде­рін әдемі көрсетуге бейімделді. Сән мін­берінде жүру, йога және этикет сабақта­рынан өтті. Қаржы сарапшыларымен ­бірге мақсат қоюды үйренді. Үздік стилистер, визажистер мен мейкап-мамандар тобы байқауға қатысушыларды фотосессиялар мен түсірілімдерге дайындады.

Қорыта айтқанда, MRS. Globe Kazakhstan байқауы отбасылық құнды­лықтарды дәріптеуді, ұлттық мәдени мұраларды сақтау мен насихаттауды, елдің ішкі және сыртқы туризмін дамыту мен ілгерілетуді де көздейді.

 

АЛМАТЫ