Таным • 11 Қыркүйек, 2022

Дудин экспедициясындағы қазақ өмірі

4102 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін

Қазақ даласына кім келіп, кім кетсе де, олардың қоржындары рухани олжаға толып қайтқанын тарихи деректер дәлелдеп береді. Өткен ғасырға есесі көп кеткен халық екеу болса, бірі – қазақ, біреу болса, тағы да қазақ. Уақыт керуені алға жылжыған сайын кешегі көп қателіктің жауабы анықтала түседі.

Дудин экспедициясындағы қазақ өмірі

Солақай саясаттың сұр бұлты қазақ аспанына бір емес, бірнеше рет көлеңкесін түсірді. Қуғын-сүргін, қолдан жасалған аштық, зиялыларды тұншықтыру, бай­лар­дың малын кәмпескелеу сынды сұрқия­лықтардың ел жүрегіне, халық үмітіне салған жарасы мәңгі жазылмақ емес. Жазылмайды да.

Табиғаттың кең құшағында қойын құрттап, айранын ұрттап бейғам өмір сүрген қазақ үшін тынысты дала, өріс толы мал, тұнық ауа тіршілік көзі болды. Кейде ел арасына жау тисе, қолына сойыл алып, бел асыра қуып, намыстың ұлы болғандар да осы халықтың ішінен шықты. Әне, сол кездерде біздің дала­мызға алыстағы Америкадан, іргедегі Ресей­ден, өркениетке қолы ерте жеткен Еуро­падан сансыз саяхатшылар келіп, қазақ өмірін, ұлы дала төсін қызықтап, көрген білгенін естелікке алып, қайтып жатты. Олардың кейбірі арнайы тапсырмамен келгенін де жасырмай айтқымыз келеді.

Сөз еткелі отырған тақырып та кешегі өмірімізге, оны өз көзімен көріп, аппарат көзіне түсірген шетелдік этно­графқа қатысты болмақ.

Дарынды этнограф, саяхатшы, Орта­лық Азия тарихы мен мәдениетін зерт­теуші Самуил Дудин (1863-1929) алғаш­қы экспедициясын 1891 жылы бастайды. Кезіндегі Орхон экспедициясы­ның қатысушысы болған жас этнографқа жол сілтеген ғалым Василий Радлов еді. Ол бастаған Моңғол көне жәдігерлерін зерттеу жұмыстары табысты нәтижеге қол жеткізген. Дудин үшін өмір экспедициядан тұратындай. Ол жауапкершілігі мол жұмыстың бірін аяқтаса, келесі бірі оны күтіп тұратын. 1893-1894 жылдары Дудин Василий Бартольдпен бір­ге Жетісу өңіріне, Тарбағатайға, Шы­ғыс Түркістанға ат басын бұрады. Бұл экспе­дицияда Дудин суретке және фото­рафия­лық бейнелеу жұмысына жауапты болды.

а

Арада бес жыл өткен соң, яғни 1899 жылы Дудин Ақмола, Семей және Жетісу облыстарында тұратын қазақтардың арасына барады. Ол осы сапарында қа­зақ халқының тұрмысына, қоғамдық өміріне қатысты сирек кездесетін фотосуреттер түсірген. Сонымен қатар ол сол кездегі ұлы даладағы тіршілікті аппарат көзіне түсіріп қана қоймай, кей суреттерді өз қолымен салған. Сондай-ақ «Қазақ өмірінен алынған мәліметтер» атты еңбекке сүйене отырып, ол Орталық Азияның сәндік-қолданбалы өнеріне арналған бірнеше басылымдық туындылар дайындады. «Қырғыз ою-өрнегі», «Қырғыздардың ағаш оюы» және «Орталық Азия кілемдері» сияқты еңбектер оның өз көзқарасы бойынша жазылып, басылымдарға жарияланды.

Бір маңыздысы, Дудиннің түсірген фотосуреттері мен Түркістан генерал-гу­бер­­наторы Петр Михайлович фон Кауф­­манның бұйрығымен жасалған бұ­рын­ғы «Түркістан альбомына» шыққан фото­­суреттер жинағы арасында көптеген ал­шақтық бар. Қазақ даласына жасал­ған экспедицияны Ұлы Петр антрополо­гия және этнография мұражайы ұйым­дас­тырған, сол үшін де Дудиннің түсір­ген фотосуреттері «Түркістан альбо­мын­да­ғы» саясиландырылған фото­суреттерге мүл­де ұқсамайды, тіпті оның ең­бектері шы­найы этнографиялық құн­дылық бере­ді. Шындығында, Дудиннің түсірген суреттері сол кездегі Семей өңі­рін мекен­деген қазақтардың өмірінің бір сәті ретінде тарих бетінде қалды. Сонымен бірге бұл еңбек ХІХ ғасырдың соңындағы қазақтардың киім-кешектерін, күнделікті кәсібін, сәндік-қолданбалы өнерінің қалай болғанын бізге жеткізеді.

Самуил Дудиннің фотосуреттерінен біз өткен ғасырдағы қазақ халқының ерлерге, әйелдерге және балаларға арнал­ған көптеген күнделікті киімдерінің ескі үлгілерін көре аламыз. Байыптап қарасақ, көне жәдігер саналатын ерлердің киім үлгісі ретінде қазақы тұмақ пен кісе, яғни былғары белдік аппарат көзіне түскен. Суретте тұрған екі ер кісінің ба­сын­дағы қазақы тұмақ киізден, түлкі терісінен жасалғанын көруге болады. Бұл бас киімді ХХ ғасырда, әсіресе мал­­шылар қыста кигені мәлім. Қысқы киім­дер қатарында қалың тон, қой тері­сінен тігілген шекпен, тоқыма матадан жасалған қыстық киім бірге берілген. Ал ерлердің сәнін келтіретін былғары кісе ғалым Шоқан Уәлиханов атап өткендей, ХІХ ғасырдың аяғында ерекше сәндік сипатқа ие болған ұлттық киімнің бір белгісі. Әне сол кездерде кісемен қатар мақта белбеу де сәндік бұйым ретінде қолданылды.

Дудин қазақтар мен қырғыздар арасында кең тараған қалпақты да аппарат көзінен таса қалдырмаған. Қалпақ жіңіш­ке киізден тігілген және оның түсі иесі­нің кескін-келбетін шамалауға мүмкіндік береді. Анығырақ айтсақ, байлар ақ түсті, ал кедейлер қара, сұр және қоңыр түсті қалпақтар киетінін де деректер дәлелдейді. Ал ел басқарған би-төрелер жібек немесе алтын жіппен өрнектелген барқыт қалпақ кигені шындық. Бұл жәдігерлер бізге халқымыздың ежелден бай да бақуатты тұрмыс кешкенін, өз стилі бар киім-кешек мәдениеті бар екенін айғақтайды.

пыв

Ал тағы бір сирек кездесетін фото­суретте Дудин қазақ қыздарының ұлттық киімін өз ерекшелігімен берген. Ұяң да нәзік екі қазақ қызы аппарат алдында басын төмен қаратып тұр. Үстерінде­гі жарасымды көйлектері мен ұлттық ерек­шелікке ие бас киімдері қазақ қыз­дарының өзгеше ибасын, әдемілігін сипат­тап тұрғандай. Дудиннің аталған экс­пе­дициясы туралы қалам тербеген Ресей ғылым академиясы Шығыстану институтының қызметкері Снежана Ата­нова бұл фотосурет туралы: «ХІХ ғасыр­да өте сәнді болған руфельдер қыздар мен жас әйелдердің көйлектерін безендіру үшін пайдаланылды. Ол кезде қазақ қыз­дарының бас киімдері (бөріктері) жүннен тоқылатын», деп сипаттама береді. Айтса айтқандай, сұлу көріктеріне әдемілік сыйлаған бас киімдер қазақ даласының қыздарын өзгеше әспеттегені байқалады.

Келесі суретте сол тұста Ресейден жет­­кізілген гүлді матадан тігілген көйлек киген қыздар бейнеленген. Дудин бұл туындысына «Қазақ әйелдері, Семей өңірі, Саумалкөл, 1899 жыл» деген түсініктеме беріпті. Суретке түскен егде әйел үстіне камзол киіп, ақ түсті кимешек байлаған. Жасы 40-тан асқан, қатарда тұрған әйел де дәл сондай қарапайым кестелі кимешек киген. Жас қыздар түрлі түсті адрас матасы бар шапан жамылған.

Бұл кезеңде өңірге бастапқыда жер­­гілікті матадан қымбат тұратын ресей­лік мақта маталары ене бастады. Нәти­жесінде, сол кездегі қазақ даласындағы тұрмыстық киімдер жергілікті орта­азия­лық және ресейлік маталардан, сонымен қатар аймаққа әкелінген ағылшын, үнді және ирандық тоқыма бұйымдарынан тігілетін еді. Дудин түсірген тағы бір фо­то­да Саумал­көл ауылындағы қазақ байы­­ның әйелі және баласы қоса беріл­ген. Киізүйдің ішкі көріністері, қаз-қа­тар жиналған көрпе-жастық, оюлы сыр­мақтар да көзге оттай басылады. Кешегі қазақ тұрмысында кем болса болмайтын бұл заттардың қадірі мен қасиеті қазір азайып бара жатқанын ашық айтқан да дұрыс шығар.

«Киізүйдің ішінде және сыртында» деген тақырыппен берілген топтамада жеті қазақ қызының ат үстінде тұрған бейнесі тұр. Шамасы ауыл қыздары суретке түсіремін дегенде, аздап қысылғаны олардың жүздерінен, кейіптері мен ат үстінде отырыстарынан айқын білінеді.

Осы суретті сипаттаған ағылшын ті­ліндегі материалда «Қазақтардың икем­ділігі олардың мәдениеті мен қол­өнеріне өзгеше әсер етті» делінген. Ал біз Дудиннің «Ауылдағы қыздар тобы» атты фотосуреті екі ғасыр бұрынғы қа­зақ көшпенділерінің өмірге деген құш­тарлығын айқын көрсетіп, олар­дың күнделікті өмірін ғана емес, сонымен қатар қоршаған ортаны да түсінуге мүм­кіндік беретіні сөзсіз екенін сезінеміз. Кең дала, көркем табиғат, көңілдері адал ауыл қыздары өздері мінген аттың үстінде қандай қиялға ерік беріп тұрғанын кім білсін!? Бірақ олардың жүзінде адал­дықтың, ізгілік пен өмірге деген шексіз махаббаттың лебі еседі.

Сайын сахарада емін-еркін өмір сүр­ген қазақтардың жаз жайлауға көшіп, киізүй тігіп, сонда мал өсіруі, табиғаттан тыныс алып, жаз қызығын көруі Дудин сияқты зиялы ғалымды қызықтырса керек. Оның келесі суреті жайлауда киіз­үйін жығып жатқан қазақ малшысына арналады. Снежана Атанова жариялаған ағылшын тіліндегі мақалада ол бұл туралы: «Көшпенділердің жайлы үйі болған киізүйдің диаметрі 4 метр, биіктігі 3-4 метр конустық шатырлы құрылыс. Киіз­үйге қалыңдығы 2 см келетін ақ киіз төселеді; босаға тұста киіздің бір бөлігі жіппен маталады, бұл осы үйдің есігі», деген түсінігін жазады.

Этнограф болғаны үшін бе, әлде бұ­рын көрмегендіктен таңырқағаны ма, әйтеуір Дудин қазақтың киізүйіне жіті назар аударыпты. Оның өз сәулеті бар екенін мойындап та үлгеріпті. Сол үшін де ол киізүйдің құрылғыларын біріктіру, құрастыру, киіз жабу, ішкі безендіру сияқты өзіндік жұмыстарын бақылап тұрғанын жасырмайды. Ол сондай-ақ «жылжымалы тұрғын үйдің» кейбір эле­менттерін, атап айтқанда, шаңырақ, кереге және түндіктердің қалыбын бірнеше рет суретке түсіріп, киізүй бөліктерінің қалай сатып алынғанын зерттейді. Бір ғажабы, ол түсірген бір суретте атақты Қоянды-Ботов жәрмеңкесінде шаңы­рақ сатып алу сәті көрсетілген. Суретте төрт қазақ шаңырақ саудасын жасап тұрғанын көре аламыз. Жерге шалқасынан, екпе­тінен қойылған шаңырақтар, ар жағында қаз-қатар тізілген ақ шаңқан боз үйлер, шауып келе жатқан аттылы адамдар көз­ге шалынады. Аталған жәрмеңке жыл сайын бір ай бойы, яғни 25 мамыр­дан 25 маусымға дейін, 1848-1930 жылдар аралығында Талды өзенінің аңғарында өтетінін де деректерден тауып оқыдық. Жыл сайынғы жәрмеңкені халықаралық деп сипаттауға болады: бұл жәрмеңкеге қатысу үшін Қазақстаннан, Сібірден, Оралдан, Орталық Азиядан және Қытай­дан көптеген саудагер мен аларман ат сабылтып баратын болған.

Дудиннің фото туындылары кешегі қазақ тұрмысының құндылықтарын, өмір салтын, дала сырын, табиғат тынысын, тіпті бәрін еске түсіреді.

Көзге оттай басылатын тағы бір суретте ауыл әйелдерінің киізүй тіккенде оның ағаш жақтауын киізбен жауып тұрған сәті бейнеленген. 1899 жылы түсірілген бұл фотосурет Ащысу өзенінің жағасы деп берілген. Хакім Абай айтқан «Сұр бұлыт, түсі суық» күзден сақтанған ауыл адамдары тұрғылықты үйінің сыртын қалың киізбен орап, суықтан қорғанғаны шындық. Сурет те соны өз күйінде сипаттап тұр.

Біздің кейіпкеріміз Дудин тек фото­граф қана емес, сонымен қатар ол қа­зақ­­тардың сәндік-қолданбалы өне­рін та­ныс­­тыратын заттарды жинап, зерт­теген ғалым. Әне сол кездерде ол ал­ғаш­­қылардың бірі болып «Еуро­па­лық мә­дениеттің» әсерінен бірте-бірте құл­­дырауға бет алған дала көшпелі­лері­нің өздеріне ғана тиесілі стилі бар сәндік өнерін сақтау қажеттігін айтқан зиялының бірі болды. Орталық Азия ха­лықтарының қолөнер шеберлігін жан-жақты сипаттады. Сол үшін де ол Орталық Азия халықтарының қолөнер шеберлігі жөнінде былай деп толғанады:

«Алуан түрлі түстерге деген сүйіс­пен­шілік пен өзгеше талғампаздық, тұр­мыстық бұйымдарды әшекейлеудегі өз­­геше стиль Орталық Азия халықта­ры­на ғана тән. Бұдан бұрын бұл үрдіс қа­зір­гіден де керемет болғаны шын­дық. Сол үшін мұны өнер тұрғысынан осы аймақта жасалған және әлі де жаса­лып жатқан барлық заттың үлгілерін ­жинау өте маңызды, өйткені осы уақыт­қа дейін жинақталған материалдар әлі де жеткіліксіз. Әсіресе қазір де тұр­мыс­­тық заттарды әшекейлеп, оны бас­қа этностардың қолөнершілерінің кө­ме­­гіне жүгінбей, өз бетімен жасауға деген құлшынысын сақтап келген осы этностардың қолданыстағы заттары өте маңызды», деп жазады.

ф

1893-1914 жылдар аралығында Орта­­лық Азияда болған сапарында ол көп­теген қолөнершілермен кездесуге мүм­кіндік табады. Олар Қырғыз Респуб­ликасында (1914 жылғы Дала генерал-губернаторлығына қарасты аймақ) және Жетісу өлкесі, Сырдария, Самарқанд, Ферғана облыстарында екенін ашып айтады. Осы сапар барысында Дудин өзі­нің уақыты текке өтпегеніне көз жеткізеді. Тіпті ол қазақтардың көшпелі өмір салтын қаз-қалпында сақтағаны; Көрші ұлттар мәдениетінің барлық әсеріне қара­мастан, олардың өмір салтында ештеңе өзгермегеніне сенімді болады.

Келесі кезекте оның мұрағатынан оюлы сырмақ және текеметтердің, аяқ қап және басқа да киіз бен тері бұйымдарының фотосуреттері көрініс алады. Фотограф бұларды жоғарыда айтқан өз көзқарасын дәлелдеу үшін арнайы түсірген де болу керек. Ол үшін далалық мәдениеттің өзгешелігі мен ұлттық стильдегі келбеті оның сапарына шабыт сыйлаған сияқты. Қазақ өркениетінің қай тұсын алып қарасақ та, мақтаныш пен махаббатқа лайықты құндылықтарды тауып аларымыз хақ. Далаға сән берген, иесіне жылу сыйлаған киіз үйлердің қошқар мүйіз ою-өрнектермен әдіптелуі де Дудинді бейжай қалдырмайды. «Мынау неткен ғажап көрініс» деп еріксіз аппаратын соған қарай туралай берген.

Ашық материалдан Дудин түсірген киіз үйдің есігі бейнеленген суретті көрген Снежана Атанова: «Түрлі-түс­ті киіз өнімдері «Өмір ағашын» еске түсіреді, тіпті қолданылған ою-өрнектің ұқсастығын да атап өту маңызды. Қошқар мүйіздің көрінісін құрайтын бұл туындының төменгі бөлігі ата-бабалардың шежіресі, ал жоғарғы бөлігі үлкен қазақ отбасының болашақ ұрпақтары сияқты. Дәл осындай көрініс сәукеле деп аталатын бас киімнің күміс әшекейлері мен қалыңдықтың той киіміндегі жібек кестеден де кездеседі» деп суреттейді.

Қазақтың ою-өрнегі туралы жазбасында Дудин киіз басу өнерінен ке­йін пайда болған кесте туралы өз ойла­рын ортаға салады. Тіпті ол қазақ қол­өнерінің өзегі болып табылатын бара­бан, қарапайым үлгі және көлденең тігіс ­деп аталатын үш негізгі кесте тігісін ­атап көр­сетеді.

Зерттеуші ғалым атап өткендей, қа­зақ кестелерінде өсімдіктердің бейнесін көрсететін оюлар басым. Бұны дәлелдеу үшін Дудин «кестелі шалбар» деп аталатын фотосуретін алға тартады. Ескі қазақ даласында мұндай шалбарды тек ауқатты қазақтар ғана киетін. Қабырғаға ілініп тұрған қара барқыт шалбардың сапасы мен тігілу жағдайы тым керемет екенін бірден білуге болады. Оюлары орнында, түсі өзгермеген ұлттық киім сол ғасырдың сәнін айқындап тұр.

Біздің жазбамызға себепкер болған ғалым әрі фотосуретші Самуил Дудиннің фото­суреттерінде бейнеленген қазақ хал­қының орасан зор мәдени мұрасы туралы түсініктер бір мақаланың көлеміне сияр емес. Ал қазақты білгісі келген, кешегі тарихынан хабардар болғысы келетін кез келген адамға Самуил Дудиннің фото коллекциясы жол сілтей алады. Сан ға­сыр бұрын пайда болып, әлі күнге де­йін жалғасып келе жатқан мәдени құн­дылықтарымыз туралы шетелдік зиялы қауым өкілдері өз көзқарастарын айтып, өлмейтін мұраларға деген қызығу­шы­лығын білдірсе бұл біз үшін үлкен қуа­ныш болмақ. Мәдениеттің бір аты – көр­сету. Өз құндылықтарымызды өзгелерге көрсетуге құлшынатын кез келді.