Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»
«Мектептің тірегі де,
жүрегі де – ұстаз»
Мағжан Жұмабаев
Өкінішке қарай, педагогикалық бағыттағы жоғары оқу орындарына білім деңгейі орташа оқушылар барады. Ал әлемдік тәжірибеге назар аударсақ, Оңтүстік Кореяда үздік мектеп бітірушілердің 5 пайызы, Финляндияда 10 пайызы, Сингапур мен Гонконгта 30 пайызы мұғалімдік мамандықты таңдайды. Бізге де осынау ұстанымдарды әркез есепке алу артықтық етпейді. Өйткені білім игеру айтуға оңай болғанымен, жай міндет емес. Шешімі жан-жақты әрі жүйелі жұмыстың нәтижесіне байланысты. Бұл ретте, барлық үміт – ұстаз бойындағы міндетте. Ұстаз – ұлағатты атау. Алтын ұя мектептің жаны да, ары да – мұғалім. Өнегелі ұстаздан өрелі шәкірт шығатыны белгілі. Себебі ұстаз қаншалықты қабілетті болса, оқушы да соншалықты талапты болмақ. Ұрпақтың жұлдызын жағып, мәртебесін биіктететін де, тағылымын қалыптастырып, танымын кеңейтетін де осы ұстаным.
2021 жылы білім беруді дамытудың жаңа кезеңі басталды. Мемлекет басшысы Қазақстанды әлемдік деңгейдегі білім орталығына айналдыру туралы биік мақсат қойды. Білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Биылғы оқу жылының және алдағы онжылдықтың басты міндеті – оқытудың түбегейлі жаңа сапасына қол жеткізу екендігіне назар аударып, бұл жұмыс ең алдымен мұғалімдерге қатысты екенін, олар оқыту бойынша басты тұлға болып есептелетінін алға тартып, сондықтан да мұғалім кәсібі қоғамда ең беделді, құрметті мамандыққа айналуға тиіс екенін атап өтті.
Алайда мектептерде келешек педагогикалық элитаны қалыптастыру бойынша мақсатты іс-шаралар баяу жүргізіледі. Кәсіпке бағдарлау кезінде мектеп бітірушілерді педагогикалық саладан басқа барлық мамандыққа бағыттайды. Ал педагог мамандығына мән беріле бермейді. Зерттеулер нәтижесі көрсеткендей, 9 сынып бітірушілердің қала мектептерінде – 3-6 пайызы, ауыл мектептерінде 10 пайызы ғана мұғалім мамандығын таңдайды екен. Осыдан келіп, педагогикалық мамандықтарға академиялық дайындығы жеткіліксіз жастар келетіні анықталды. Мұндай кездейсоқ келгендерден мықты мұғалім шығады дегенге сене қою екіталай. Жоғары оқу орындарында кәсіби білім алуымен қатар, адами қасиетті болашақ мұғалімнің бойына сіңіру, нақтылай түссек, ізет пен инабатты, кішіпейілділік пен кісілікті, өзге де асыл қасиеттерді олардың санасына бірте-бірте дарыту қажет. Егер мұндай ізгіліктің негізі мектепте қалыптасса, мамандық алу барысында талапкер қиналмас еді.
Болашақ мұғалімдерді даярлауды жаңғыртудың бірінші кезектегі міндеті – білім берудің барлық сатысында білім мазмұнын жаңарту; бейінді оқытуды есепке ала отырып, болашақ ұстаздарды терең ғылыми негізде даярлау; ауылдық, шағын комплектілі мектептерде оқитын дарынды балалармен жұмыс жүргізу; оқытуды диверсификациялау, саралау және ақпараттық технологияларды игеру. Арнайы мектеп немесе жалпы білім беретін мекемелердегі мүмкіндіктері шектеулі балаларға ерекше назар аудару. Себебі олардың арасында таланттар аз емес.
Ал енді білім мазмұнын жаңартудағы инновациялық ізденістер қандай болу керек деген мәселеге жауап беріп көрелік. Біріншіден, 12 жылдық білім беруге көшу алдында оған озық дайындық қажет. Барлық педагогикалық мамандыққа «Бейіндік оқыту педагогикасы» пәнін енгізуге тиіспіз. Екіншіден, ауылдық шағын комплектілі мектепте жұмыс істеуге ұмтылған жас мамандарға бағдар беру. Шынында, ауыл алтын бесігіміз дейміз. Сол ауылды білікті де білімді жас маманмен қамтамасыз ете алсақ, мыңдаған ұл-қыз тәлімді де тәрбиелі болып өседі. Үшіншіден, ұқсас пәндер бойынша мамандандыруды батыл енгізу: математика-физика, математика-информатика, физика-информатика, биология-химия, тарих-география, т.б. Төртіншіден, «Шағын-комплектілі мектепте білім берудің әдістемесі мен технологиясы» пәнін тиянақтау. Бесіншіден, болашақ мұғалімдерді ғылыми зерттеулермен шұғылдануға және дарынды балалармен жұмыс жүргізуге даярлай білуіміз керек.
Ауыл мектебіне қажет мұғалімдерді кәсібіне қарай тиімді даярлау үшін педагогикалық бағыттағы жоғары оқу орындары жүзеге асыратын кешенді шаралар қандай дегенге келетін болсақ, олар: жұмыс берушілердің сұранысына қарай аймаққа қажет мұғалімдер туралы маркетингтік зерттеулер жүргізу; ауылдағы мектеп бітірушілерді кәсіпке бейімдеу механизмін құру және оны жүзеге асыру; жоғары оқу орындары мен ауылдық жерлердегі білім беру ұйымдары арасындағы байланысты, оның ішінде оқу-өндірістік әріптестік желісін құру және дамыту; ауылдық жерде жұмыс істеуге дайындалып жүрген студенттердің кәсіби дайындығы жайлы жүйелі мониторинг жүргізу; оқу-тәрбие үдерісін ұйымдастыру мен мазмұнын ауылдың әлеуметтік жағдайына бейімдеу; педагогикалық жоғары оқу орындары базасында ауылдық мектепте білім алып жүрген оқушыларға арналған олимпиадалар өткізу. Осындай іс-шараларды жүйелі жүргізу оқушылардың болашақта мұғалім мамандығын таңдауға мүмкіндік беретіні ақиқат.
Отанымызда білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында педагогтерге қойылатын талаптарды күшейту шаралары қарастырылған. 2015 жылдан бастап педагогикалық мамандықтар бойынша жоғары оқу орындарына түсу кезінде талапкердің педагогикалық қызметке икемділігін анықтауға арналған шығармашылық емтихан енгізілді. Егер шығармашылық емтихан тек педагогикалық мамандықтарға енгізілсе, онда педагогикалық мамандыққа келетін талапкерлер саны күрт азаятыны анық. Сондықтан әр талапкердің мамандыққа икемділігін анықтауға арналған шығармашылық емтиханын барлық мамандыққа енгізген дұрыс. Тағы бір ойланатын жайт, бүгінде мұғалімдердің 86 пайызы – әйел қауымы. Ал келешек жас ұрпаққа білім беруде ер мұғалімнің алар орны айрықша. Сондықтан мұғалімдердің беделін көтеру, оларды әлеуметтік жағынан қолдау, қорғау кезек күттірмейтін мәселе ретінде қарастырылса, оң нәтижеге қол жеткізілер еді.
Енді осы мәселелерді шешу жолын қарастырсақ, 12 жылдық білім беруге көшкенде профильдік мектепте жаратылыстану-математикалық және қоғамдық-гуманитарлық бағыттармен бірге педагогикалық бағытты да енгізу қажет. Педагогикалық бағыт бойынша 10-11 сынып оқушылары арасында аудандық, қалалық, облыстық, республикалық пәндік олимпиада өткізу тиімді болады.
Мұғалімдік мамандықтың беделі мен мәртебесін көтеруге қатысты ең маңызды үш бағытқа айрықша мән беруіміз керек. Біріншісі – мұғалімдерді лайықты жалақымен қамтамасыз ету. Бұл істе қазірдің өзінде нақты нәтиже бар. Мысалы, Финляндияда жас мұғалімдер 3 мың еуро көлемінде жалақы алады. Бұл ел 1976 жылы білім реформасын бастап, 30 жылдан кейін, 2006 жылы әлемге білім реформасының нәтижесін мойындатты. Ал біз әлі «реформалатып» келеміз. Жоғары оқу орындарының оқытушы-профессорлары 200-250 мың теңге көлемінде жалақы алады. Орта мектеп мұғалімдерінің жалақысы көтерілді. Мұғалім тұлғасы жалақы деңгейіне сәйкес келе ме? Мұғалімдер – қай кезеңде де жас ұрпақты жақсылық пен ізгілікке тәрбиелейтін тұлғалар. Отанымыздың адал да абзал азаматтарын, шынайы патриоттарын тәрбиелейтін қауым. Сондықтан да ұстаз еңбегі игілікті еңбек деп бағалаймыз. Осыған орай, мұғалімдер жас ұрпақты жақсылыққа, ізгілікке, елшілдікке тәрбиелеуге ең жоғары көрсеткіштермен жауап беруге тиісті. Өйткені біз сіздерге ең қымбаттымызды – болашақтың баянды негізін қалайтын ұрпағымызды сеніп тапсырып отырмыз.
Екінші бағыт – мұғалімдердің біліктілігін арттыру бойынша батыл шаралар жүргізу. Бәріңіз білесіздер, тек жоғары білікті мамандар ғана қоғамда нақты құрметке бөлене алады. Бұл үшін бітірушілер еуропалық деңгейге тең біліктілік алуы қажет деген тұрғыдан, ЖОО-ларда педагогикалық мамандықтар бойынша білім берудің тұжырымдамасы мен стандарттарын түпкілікті қайта қарап жатырмыз. Болашақ педагогтердің шәкіртақысын (мүмкін ол екі есе артатын шығар) және мемлекеттік тапсырыстың құнын да айтарлықтай көбейтеміз. Және мұның бәрі оқытушы мамандығының абыройын көтеріп, педагогикалық ЖОО-ларға нағыз дарынды да қабілетті жастардың ұмтылуына жол ашады деп сенеміз. Қазіргі жұмыс істеп жүрген мұғалімдер үшін біліктілікті арттырудың мүлде жаңа жүйесін жасап, оны енгізу орындалу үстінде. Бұл үшін ең жақсы педагогикалық кадрлар мен білім берудің озат шетелдік технологиялары шоғырландырылған жаңа құрылымдар – Назарбаев зияткерлік мектептерінен Педагогикалық шеберлік орталықтары, Педагогтердің біліктілігін арттырудың ұлттық орталығы құрылды. Бұл орталықтарда мұғалімдер әлемдік тәжірибеге сай әзірленген жаңа бағдарламалар бойынша үш айлық қайта даярлаудан өтетін болады.
Жұмысымыздың үшінші бағыты – бұқаралық ақпарат құралдары арқылы мұғалімдердің үлгілі жетістіктерін насихаттау, педагогикалық шеберлік байқауларын өткізіп, үкіметтік емес ұйымдар, ата-аналар, жұмыс берушілермен тығыз байланыс орнату және басқа шаралар арқылы педагогикалық мамандықтың қоғамдық беделін жүйелі түрде көтеру керек.
Шығыс халқы ежелден ұстаздық мамандыққа ерекше көзқарас қалыптастырып, оны қоғамдағы ең бір құрметті адам деп санаған. Осы бір бірнеше ғасырға созылған дәстүрді қайтадан қалпына келтіріп, мұғалімнің беделі мен мәртебесін орнына келтіруіміз керек.
Айдар САБЫРОВ,
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті педагогика және психология кафедрасының доценті
АТЫРАУ