Экономика • 11 Қыркүйек, 2022

Ел үміті – егінде

3739 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Астықты өңірдің диқандары 2 млн 699 мың гектар алқаптың егінін бастырып, дәнді дақылдардың 58 пайызын жинап алды. Гектар берекесі 10,5 центнерден айналуда.

Ел үміті – егінде

Жауапты науқанға Жар­қайың, Есіл, Жақсы, Атбасар аудандары тәрізді далалық жер­лерге дән еккен диқандар бірін­ші кіріскен болатын. Қазір бұл өңірлердегі кейбір ауыл шаруашылығы құрылымдары орақ жұмысын аяқтауға таяу. Ал орман-тоғайы қалың Бурабай, Бұланды, Біржан сал, Сандықтау өңірлері сәл кейіндеу бастады. Жұмыс реті дәннің пісуі­не қарай орайластырылған бо­латын. Алқапқа комбайн кір­ген бетте жаздың соңында жа­уын-шашын мол болуына байланысты дән ылғалды болды. Негізгі күш элеваторлар мен астық сақтайтын қоймаларға түсетін болғандықтан, ертеңгі күні қалай болар екен деген алаңдаушылықтың орын алғаны да рас. Соңғы күндері күн ашылып, дән сабағында тұ­рып кеуіп жатыр. Сондықтан да­ла­лық жерлердегі ауыл ша­руа­шылығы құрылымдары жинал­ған астықты бұрынғыдай элева­тор­ларға тасымалдап жатқан жоқ, өздерінің қоймаларында сақтауда. Сөз арасында шаруа­лардың 2 млн тоннаға жуық астықты өз қамбаларында жинайтын мүмкіндігі бар екендігін айта кетуіміз керек. 

– Облыста бастырылған дән­ді сақтауда мәселе жоқ, – дейді облыстық  ауыл шаруашылығы бас­қармасы басшысының орынбасары Еркеш Әленов, – өткен қуаңшылық жылмен са­лыс­тырғанда гектар берекесі көңіл тоғайтарлық. Жұмыс қарқыны да жақсы. Облыстағы ауыл шаруашылығы құрылымдары машина-трактор паркін біршама жаңартқаннан кейін іс те өнік. Биыл егін орағына 8 700 комбайн қатысып жатса, оның 4,5 мыңы – алымдылығы жоғары шетелдік техникалар.

Шетелдік техникалар алым­ды болғанымен, кей тұста қосал­қы бөлшектері таптыр­май, біршама уақыт қолбай­лау болатындығы да кездесуде. Әлемдегі ахуалдың шиеленісуі­не байланысты алыс-жақын шетел­ден жеткізілетін қосалқы бөл­шектердің кейбір түрлері екі-үш есе қымбаттаған. Диқан­дард­ың  тынысын ашып тұрған жайт – мемлекет тарапынан көрсетілетін субсидия түріндегі демеу.

– Биыл облыстық ауыл ша­руа­шылығы тауар өндірушілеріне 48,1 млрд теңге қаражат бөлінді. Оның 15,5 млрд теңгесі өсімдік шаруашылығына бағытталып отыр, – дейді Еркеш Әленов, – қазір көптеген шаруашылық мемлекеттік қолдау арқылы машина-трактор паркін заман талабына сай жаңартуда. Кейде өкпе-наздың туындайтынын да айта кету керек. Мысалы, шағын шаруа қожалықтарын­да білікті заңгерлер жоқ. Олар өтінімді талапқа сай толтырмайды. Сол себепті конкурс кезінде әлдебір кемшілігі анықталып, кейінге ысырылып қалады. Сондықтан ауыл шаруашылығы шаруасымен айналысқаннан кейін бар құжатты сауатты толтыра білу керек.

Дәл қазір диқандарды алаң­датып отырған басты мәселе, бидай бағасы қалай қалып­тас­пақ. Олар көктемгі және күзгі науқандық жұмыс кезінде жұм­саған бар шығынын қайтарып қана қоймай, пайда табулары керек. «Азық-түлік корпорация­сы» ҰК» АҚ астықтың бағасын әлі жариялай қойған жоқ. Кей­бір сарапшылардың айтуына қа­ра­ғанда, биыл іргедегі Ресей­де бидай шығымы тәуір. Егер ол жақтан арзан бидай көп мөл­шерде келетін болса, жергілікті жердегі өнімнің бағасын түсіруі ықтимал.

– Мен канадалық фермер­­лердің тәжірибесін зерттедім. Олар астықтың сатып алу баға­сын 1 тамызда біледі, содан соң бұл баға жыл бойы өзгермейді, – дейді Қорғалжын ауданындағы «Агрофирма Жер» ЖШС басшысы Абай Медеубаев, – ал біз болсақ, әлі күнге дейін ба­ға­сын біле алмай отырмыз. Қыркүйектің ортасына жетіп қалсақ та баға шықпағандық­тан жер емшегімен күн көрген қыруар қауым алаңдап отыр.

Екінші бір мәселе, ауыл шаруашылығы құрылым­да­рын­да жұмыс істейтін кадр тап­шылығы. Шалғайдағы шағын елді мекендерде техниканың тілін білетін білікті маман қас­қал­дақтың қанындай тапшы. Шаруашылық басшылары жақсы жалақы төлеп, үй-жа­йын салып, әйтпесе сатып әпе­ріп, әлеуметтік-тұрмыстық жағ­дайын жақсартса да, жастар бұл жұмысты істегілері жоқ. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметіне қарағанда, жыл са­йын аграрлық салада 3 мыңға таяу маманның тапшылығы сезіледі екен. Атап айтатын болсақ, агроном, инженер, технолог, ветеринар, дәнекерлеуші, механизаторлар. Осы арада қарапа­йым қисынға келмейтін бір жай бар, өңірдегі кәсіптік-техникалық колледждерден жыл сайын жүз­деген маман үлкен өмірге жол­дама алып, шығып жатыр. Егер осы бір түйткілді мәселе жылдар бойы шешімін таппаса, мемлекеттің қыруар қаражатына оқытылып жатқан әлгі мамандар қайда кетіп жатыр? Әлде тегін жатақ­ханада тұрып, тегін оқып, ас-сумен, киім-кешекпен қам­та­масыз етілгеннен кейін қол­дарына диплом тиген соң бас­қа мамандыққа ауысып кете ме? Жақсы ауданындағы «Ново­киенка» ЖШС көктемде 30 мың гектардан астам жерге дән­ді дақ­ылдар еккен болатын. Тех­ни­ка жеткілікті болғанымен, жүр­­гізетін адам жоқ. Көктем­гі қиын­­дық күздегі жауапты нау­қан ке­зінде тағы да туындап отыр.

– Жалғыз бізде ғана емес, осы төңіректегі барлық шаруа­шылық механизаторға зәру. Жас мамандар сирек кездеседі. Алдағы уақытта маман даярлау ісіне айрықша мән берген жөн, – дейді серіктестіктің басшысы Павел Казьмин, – шынын айтқанда, жоғары білімді жас­тардың өзінде білік жетіспей жатады.

Демек жалғыз сан ғана емес, сапасын жақсартуға да тиіс­ті көңіл бөлген ләзім. Зе­рен­ді ауданындағы «Алекс-Агро» ЖШС басшысы Виктор Чмерев те дәл осы мәселені ашы­на баяндайды. Оның айтуы­на қарағанда, бірнеше жылдан бері шаруашылық механизатор мамандарға зәру болып келе жатыр. Амалдың жоқ­тығынан бір маманды біресе тракторға, біресе комбайнға отырғызып, одан қолы босаса жүк көлігін жүргіздіріп амалдауда. Шарушылықта жұмыс істейтін қазіргі мамандардың 70 пайызы – зейнет жасына жетіп қалғандар.

– Енді бірер жылдан кейін техниканы сеніп тапсыратын бірде бір маман қалмауы мүм­кін, – дейді В.Чмерев, – рас, өтпелі кезеңде ауылдық жерде жұмыс табыла қоймай, халықтың бұл мамандықтан көңілі қалды. Жұмыс істеп жүргендерге де ең­бек­ақылары сабанмен, ас­тық­тың қалдығымен төленді. Ал қазір мүлде басқа жағдай. Көк­темгі және күзгі қарбалас кезінде қажырлы еңбек еткен механизатордың айлық табысы 700 мың теңгеге дейін жетеді. Ауылдық жерде тәп-тәуір табыс емес пе?

Қияндағы Жақсы ауданын­дағы «Қаражон» ЖШС-де де дәл осындай жағдай қалыптасып отыр. Тығырықтан шығар жол іздеген шаруашылық басшылары биыл жалақы мөлшерін үш есе көбейтіп, шеттен келген жас мамандарды жайлы тұрғын үймен қамтамасыз етіп, оларға берілетін әлеуметтік пакет кө­ле­мін де біршама ұлғайтты. Бәл­кім осындай қамқорлық жа­салған жерде жастардың тұ­рақтап қалуы әрі ауыл шаруа­шылығына аса қажетті маман­дықтарды игеруі мүмкін.

– Маман табу үшін аграрлық оқу орындарымен күні бұрын келісім жасадық. Жас толқын алқап басындағы жұмыс қар­қы­нын көргеннен кейін меселі қайтып қала береді. Нәтиже­сінде, тәжірибеден өтуге келген 20-дан астам білім алушының жалғыз-жарымы ғана механизатор болуға бел буады. Қал­ған­дары қолдарына диплом тиген соң ірі қалаларға барып жұмыс істеуге ниеттенуде. Қалада тапқан қаражатты механизатор болып та табуға болады. Біздің комбайншылар күзгі егін орағы кезінде 1,5-2 млн-ға дейін табыс табады, – дейді  серіктестік басшысы Серікбай Шәкеев. 

Бір ғажабы, облыстық ауыл шаруашылығы басқар­масы ма­ман­дарға деген сұ­ра­ныстың қаншалықты дең­гейде екенінен хабарсыз. Өңір­­дің ауыл ша­руа­шылығы са­ла­сында 8 891 нысан бар, со­ның қаншасы ма­ман­ға зәру бо­лып отыр? Осы та­қырыпты бір екшеп, об­лыс­тық білім бас­қар­­масымен бір­лесе отырып, жан­ды жұмыс жүр­гізі­лсе, шалғайдағы шағын шаруа­шы­лықтар жұмыстың алға басуына себін тигізетін кадр­лармен толықтырылар еді.

 

Ақмола облысы