Жауапты науқанға Жарқайың, Есіл, Жақсы, Атбасар аудандары тәрізді далалық жерлерге дән еккен диқандар бірінші кіріскен болатын. Қазір бұл өңірлердегі кейбір ауыл шаруашылығы құрылымдары орақ жұмысын аяқтауға таяу. Ал орман-тоғайы қалың Бурабай, Бұланды, Біржан сал, Сандықтау өңірлері сәл кейіндеу бастады. Жұмыс реті дәннің пісуіне қарай орайластырылған болатын. Алқапқа комбайн кірген бетте жаздың соңында жауын-шашын мол болуына байланысты дән ылғалды болды. Негізгі күш элеваторлар мен астық сақтайтын қоймаларға түсетін болғандықтан, ертеңгі күні қалай болар екен деген алаңдаушылықтың орын алғаны да рас. Соңғы күндері күн ашылып, дән сабағында тұрып кеуіп жатыр. Сондықтан далалық жерлердегі ауыл шаруашылығы құрылымдары жиналған астықты бұрынғыдай элеваторларға тасымалдап жатқан жоқ, өздерінің қоймаларында сақтауда. Сөз арасында шаруалардың 2 млн тоннаға жуық астықты өз қамбаларында жинайтын мүмкіндігі бар екендігін айта кетуіміз керек.
– Облыста бастырылған дәнді сақтауда мәселе жоқ, – дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Еркеш Әленов, – өткен қуаңшылық жылмен салыстырғанда гектар берекесі көңіл тоғайтарлық. Жұмыс қарқыны да жақсы. Облыстағы ауыл шаруашылығы құрылымдары машина-трактор паркін біршама жаңартқаннан кейін іс те өнік. Биыл егін орағына 8 700 комбайн қатысып жатса, оның 4,5 мыңы – алымдылығы жоғары шетелдік техникалар.
Шетелдік техникалар алымды болғанымен, кей тұста қосалқы бөлшектері таптырмай, біршама уақыт қолбайлау болатындығы да кездесуде. Әлемдегі ахуалдың шиеленісуіне байланысты алыс-жақын шетелден жеткізілетін қосалқы бөлшектердің кейбір түрлері екі-үш есе қымбаттаған. Диқандардың тынысын ашып тұрған жайт – мемлекет тарапынан көрсетілетін субсидия түріндегі демеу.
– Биыл облыстық ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне 48,1 млрд теңге қаражат бөлінді. Оның 15,5 млрд теңгесі өсімдік шаруашылығына бағытталып отыр, – дейді Еркеш Әленов, – қазір көптеген шаруашылық мемлекеттік қолдау арқылы машина-трактор паркін заман талабына сай жаңартуда. Кейде өкпе-наздың туындайтынын да айта кету керек. Мысалы, шағын шаруа қожалықтарында білікті заңгерлер жоқ. Олар өтінімді талапқа сай толтырмайды. Сол себепті конкурс кезінде әлдебір кемшілігі анықталып, кейінге ысырылып қалады. Сондықтан ауыл шаруашылығы шаруасымен айналысқаннан кейін бар құжатты сауатты толтыра білу керек.
Дәл қазір диқандарды алаңдатып отырған басты мәселе, бидай бағасы қалай қалыптаспақ. Олар көктемгі және күзгі науқандық жұмыс кезінде жұмсаған бар шығынын қайтарып қана қоймай, пайда табулары керек. «Азық-түлік корпорациясы» ҰК» АҚ астықтың бағасын әлі жариялай қойған жоқ. Кейбір сарапшылардың айтуына қарағанда, биыл іргедегі Ресейде бидай шығымы тәуір. Егер ол жақтан арзан бидай көп мөлшерде келетін болса, жергілікті жердегі өнімнің бағасын түсіруі ықтимал.
– Мен канадалық фермерлердің тәжірибесін зерттедім. Олар астықтың сатып алу бағасын 1 тамызда біледі, содан соң бұл баға жыл бойы өзгермейді, – дейді Қорғалжын ауданындағы «Агрофирма Жер» ЖШС басшысы Абай Медеубаев, – ал біз болсақ, әлі күнге дейін бағасын біле алмай отырмыз. Қыркүйектің ортасына жетіп қалсақ та баға шықпағандықтан жер емшегімен күн көрген қыруар қауым алаңдап отыр.
Екінші бір мәселе, ауыл шаруашылығы құрылымдарында жұмыс істейтін кадр тапшылығы. Шалғайдағы шағын елді мекендерде техниканың тілін білетін білікті маман қасқалдақтың қанындай тапшы. Шаруашылық басшылары жақсы жалақы төлеп, үй-жайын салып, әйтпесе сатып әперіп, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартса да, жастар бұл жұмысты істегілері жоқ. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметіне қарағанда, жыл сайын аграрлық салада 3 мыңға таяу маманның тапшылығы сезіледі екен. Атап айтатын болсақ, агроном, инженер, технолог, ветеринар, дәнекерлеуші, механизаторлар. Осы арада қарапайым қисынға келмейтін бір жай бар, өңірдегі кәсіптік-техникалық колледждерден жыл сайын жүздеген маман үлкен өмірге жолдама алып, шығып жатыр. Егер осы бір түйткілді мәселе жылдар бойы шешімін таппаса, мемлекеттің қыруар қаражатына оқытылып жатқан әлгі мамандар қайда кетіп жатыр? Әлде тегін жатақханада тұрып, тегін оқып, ас-сумен, киім-кешекпен қамтамасыз етілгеннен кейін қолдарына диплом тиген соң басқа мамандыққа ауысып кете ме? Жақсы ауданындағы «Новокиенка» ЖШС көктемде 30 мың гектардан астам жерге дәнді дақылдар еккен болатын. Техника жеткілікті болғанымен, жүргізетін адам жоқ. Көктемгі қиындық күздегі жауапты науқан кезінде тағы да туындап отыр.
– Жалғыз бізде ғана емес, осы төңіректегі барлық шаруашылық механизаторға зәру. Жас мамандар сирек кездеседі. Алдағы уақытта маман даярлау ісіне айрықша мән берген жөн, – дейді серіктестіктің басшысы Павел Казьмин, – шынын айтқанда, жоғары білімді жастардың өзінде білік жетіспей жатады.
Демек жалғыз сан ғана емес, сапасын жақсартуға да тиісті көңіл бөлген ләзім. Зеренді ауданындағы «Алекс-Агро» ЖШС басшысы Виктор Чмерев те дәл осы мәселені ашына баяндайды. Оның айтуына қарағанда, бірнеше жылдан бері шаруашылық механизатор мамандарға зәру болып келе жатыр. Амалдың жоқтығынан бір маманды біресе тракторға, біресе комбайнға отырғызып, одан қолы босаса жүк көлігін жүргіздіріп амалдауда. Шарушылықта жұмыс істейтін қазіргі мамандардың 70 пайызы – зейнет жасына жетіп қалғандар.
– Енді бірер жылдан кейін техниканы сеніп тапсыратын бірде бір маман қалмауы мүмкін, – дейді В.Чмерев, – рас, өтпелі кезеңде ауылдық жерде жұмыс табыла қоймай, халықтың бұл мамандықтан көңілі қалды. Жұмыс істеп жүргендерге де еңбекақылары сабанмен, астықтың қалдығымен төленді. Ал қазір мүлде басқа жағдай. Көктемгі және күзгі қарбалас кезінде қажырлы еңбек еткен механизатордың айлық табысы 700 мың теңгеге дейін жетеді. Ауылдық жерде тәп-тәуір табыс емес пе?
Қияндағы Жақсы ауданындағы «Қаражон» ЖШС-де де дәл осындай жағдай қалыптасып отыр. Тығырықтан шығар жол іздеген шаруашылық басшылары биыл жалақы мөлшерін үш есе көбейтіп, шеттен келген жас мамандарды жайлы тұрғын үймен қамтамасыз етіп, оларға берілетін әлеуметтік пакет көлемін де біршама ұлғайтты. Бәлкім осындай қамқорлық жасалған жерде жастардың тұрақтап қалуы әрі ауыл шаруашылығына аса қажетті мамандықтарды игеруі мүмкін.
– Маман табу үшін аграрлық оқу орындарымен күні бұрын келісім жасадық. Жас толқын алқап басындағы жұмыс қарқынын көргеннен кейін меселі қайтып қала береді. Нәтижесінде, тәжірибеден өтуге келген 20-дан астам білім алушының жалғыз-жарымы ғана механизатор болуға бел буады. Қалғандары қолдарына диплом тиген соң ірі қалаларға барып жұмыс істеуге ниеттенуде. Қалада тапқан қаражатты механизатор болып та табуға болады. Біздің комбайншылар күзгі егін орағы кезінде 1,5-2 млн-ға дейін табыс табады, – дейді серіктестік басшысы Серікбай Шәкеев.
Бір ғажабы, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы мамандарға деген сұраныстың қаншалықты деңгейде екенінен хабарсыз. Өңірдің ауыл шаруашылығы саласында 8 891 нысан бар, соның қаншасы маманға зәру болып отыр? Осы тақырыпты бір екшеп, облыстық білім басқармасымен бірлесе отырып, жанды жұмыс жүргізілсе, шалғайдағы шағын шаруашылықтар жұмыстың алға басуына себін тигізетін кадрлармен толықтырылар еді.
Ақмола облысы