Қазақстан • 11 Қыркүйек, 2022

Азық-түлік патриотизмін қалай қалыптастырамыз?

349 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Азық-түлік нарығындағы сарап­шы­лар жұрт табысының басым бөлігін жейтін тамағына жұм­сай­тынын аз айтып жүрген жоқ. Алай­да отандастарымыз осы ақша­сына сапалы өнім ала ала ма?

Азық-түлік патриотизмін қалай қалыптастырамыз?

Өкінішке қарай, күнделікті өмір көрсетіп отырғандай, бүгінгі нарықты желілік ритейл басқарады. Ал сауда желілері үшін баға мен оның көлемі басым маңызға ие. Сапа әрдайым ескеріле бермейді. Дүкендердегі азық-түліктің көп бөлігі – сауда желілерінің талаптарын оңай орындайтын көрші елдердің ірі өндірушілерінен алынған импорт екендігі белгілі. Бұл ретте отандық сапалы өнімдер тұтынушыларға жете бермейді, өйткені олар желілік супермаркеттердің сөрелеріне түспейді.

Бұған қоса, СЭС отандық тамақ өндірушілерін тұрақты түрде, ал шетелдіктерді үш жылда бір рет немесе тіпті өнім нарыққа кірген кезде ғана тексеретіні айтылып та, жазылып та жүр.

Осыдан келіп нарық сарапшылары алға тартып жүргендей, отандық өндірушілердің бірі бөлігі өнім сапасын көтере алмайды, төтесін айтқанда, ісі шала, тауары түкке тұрғысыз болып келеді. Нәтижесінде, бағасы арзан болғанымен, мұндай азық-түлік өнімдері тұтынушыға зиян екендігін жұрттың бәрі біледі.

Егер бізге төмен бағамен әкелінетін өнім­дер туралы айтатын болсақ, онда қа­зіргі күрделі логистика мен Қа­зақ­­станға дейінгі үлкен қашықтық жағ­да­йында қайдан алынатыны туралы әркімнің ойланғаны жөн. Бәлкім, төмен сапалы ингредиенттерді пайдаланудан болар? Мысалы, етті қайта өңдеу нарығының қазақстандық мамандары егер шұжықтың бір килосы 3 мың теңгеден төмен болса, онда оның құрамында ет жоқ екенін айтады. Ал біздің дүкен сөрелерінен осындай шұжықтың сан түрі самсап тұрған жоқ па?!

Иә, Қазақстанда, оның ішінде азық-түлік нарығында импортқа тәуелділік мә­се­лесі бар. Бірақ жергілікті өн­діру­­ші­лер табысқа жеткен сегменттерде де импорттың үстемдігі бай­қа­лады. Жергілікті өндірушілердің мүдделері туралы ойламайтын же­лі­лік дүкен­дер­дің сөрелерінде осын­дай жағдай қалыптасқан. Нәти­же­сінде, желілердегі импорт үлесі әр­түрлі бағалаулар бо­йын­ша және та­уарлардың әртүрлі са­нат­тарында 40-тан 70%-ға дейін ауыт­қиды.

Бұл ретте, Қазақстанда сапалы өнім өндірушілердің көп екендігін нақты мысалға келтіруге болады. Отандық ком­паниялар да жаңа жабдықтармен және инновациялық технологиялармен жабдықталған, ал рецептуралары тек үздік ингредиенттерді пай­далануды көздейді. Дегенмен отан­дық өндірушілерге бет бұра алмай жүрген сауда желілері ғана емес, сонымен бірге тұтынушылар да өзде­рі сатып алатын тауарға назар аудар­майтындықтан, осының сал­да­ры одан әрі дамуға мүмкіндік бермейді. Егер олар қаптамадағы ақ­па­ратты мұқият оқып, өнімнің сапасы мен табиғилығы туралы көп нәрсені көрсететін жарамдылық мерзіміне назар аударатын болса, онда олар отандық өнімдердің барлық жақсы жақтары мен артықшылықтарын көретін еді.

Бізде бүкіл Қазақстанды қамтама­сыз ететін ірі өндірушілер де, әрбір жеке өңірдегі жергілікті өндірушілер де бар. Олар тұтынушыны жүздеген шақырымнан тасуды қажет етпейтін сапалы өніммен қамтамасыз етеді. Бұл да қазақстандықтардың дастарқан­дарына дейін шетелден үлкен жол жү­ріп келетін және осы жолда, өкі­нішке қарай, тасымалдаудың бар­лық қауіптерінен әрдайым құтыла бермейтін, суық тізбекке тиісті талаптарды қамтамасыз ете бермейтін және т.б. импорт өнімдері алдындағы олардың артықшылығы саналады.

Соңғы уақытта қазақстандық сау­да желілеріндегі импорттың басым болу мәселесін қазақстандық өндіру­ші­лер­дің өздері де, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының да айтуында кемістік жоқ. Дегенмен халық көбінесе өздері сатып алатын өнімдердің сапасына бас қатыра бермейді. Сондықтан мемлекет отандық өнімдер туралы ақпарат пен өнімдік патриотизмді тәрбиелеуге назар аударуға тиіс. Өйт­кені сапалы тамақтану – бұл дұ­рыс тамақтану, ал төмен сұрыпты өнім­дерді тұтыну қазіргі және әсіресе жас ұрпақтың денсаулығына қауіп төндіретінін түсіндіріп отырудың өзі артық. Отандық өнімдердің сапалы болумен қатар, оны сатып алу тұтынушыларға өз елінің экономикасын дамытуға үлес қосу мүмкіндік беретінін әрбір адам түйсінетін уақыт әбден жетті.

Осы мәселеге орай Қазақстанның ет өңдеу кәсіпорындары қауым­дас­ты­ғының атқарушы директорының орынбасары Юлия Нам: «Азық-түлік патриотизмін тәрбиелеуде отандық кәсіпорындар мен өнімдер, қол­данылатын технологиялар мен жетіс­тіктер туралы көбірек айту қажет. Өндірушілер өздері насихаттауға және өз өнімдерін ұсынуға да­йын, бірақ мәселе ақылы жарнамада емес және оның құнында емес, де­генмен құны өте жоғары. Біздің пайымда­­­­­уымызша, дәл мемлекеттің көмегімен халыққа отандық өнімді тұтынудың артықшылықтары туралы хабарлау қажет. Өйткені көптеген адамдар өнім­ді сатып ала отырып, тасымалдау шарттары мен мерзімдері, өнім зауыттан сөреге дейін қандай жолмен өткені, сапаны бақылау туралы ойламайды. Бүгінгі таңда отандық өндірушілер шын мәнінде лайықты өнімдер шығарады, бұл ретте отандық өнімді сатып ала отырып, әрбір тұ­тынушы ел экономикасына үлесін қосады және мұны халыққа жеткізу қажет», дейді.

Бүгінгі таңда тамақтан үнемдеп, сапасы беймәлім өнімдерді тұтына отырып, жыл өткен соң медицинаға, өз денсаулығымызды түзетуге көбірек қаражат жұмсауға тура келеді, ал бұл МӘМС жүйесінің мол уәдесіне қа­ра­мас­тан, бізде қымбат. Сәй­ке­сін­ше, бұл денсаулық сақтау шы­ғын­дары өсетін мемлекет үшін тиімді емес.

«Азық-түлік патриотизмі – бұл «тек қазақстандық өнімді ғана сатып аламын» деу емес, – дейді Қазақстанның Сүт одағының директоры Владимир Кожевников, – біріншіден, егер біздің сег­мент туралы айтатын болсақ, отан­­дық сүт өнімі әрдайым балғын әрі та­­­биғи, өйткені шикізат өң­деуге ба­рынша жақын және ұзақ жеткізу уақытына есептелген өткізу мерзім­де­рін ұлғайту үшін консервант қо­судың қажеті жоқ. Екіншіден, біз­дің өнімдер халқымыздың тал­ғамына бейімделген. Ең бастысы, өзіміздің өнімдерімізді сатып ала отырып, біз өз азаматтарымызды ма­териалдық жағынан қол­дай­мыз. Өйткені сатылған сүттің бір литрінде малшылар мен сауыншы­лар­дан бастап, өнімді дайын­дау­шылар, қайта өңдеушілер мен өнімді өткізушілерге дейінгі отан­дас­та­ры­мыз­дың жалақысының 91 теңгесі бар. Жалпы алғанда, саламатты протек­ционизм – кез келген өндірісті, атап айт­қанда, бізге, қазақ­стан­дықтар үшін, – қазақстандық өндірісті дамы­тудың қозғаушы күші.

Азық-түлік патриотизмі, ең алдымен, қазақстандықтардың өзі үшін керек. Өйткені жергілікті өнімдерді сатып ала отырып, біз өз экономикамызды ақшамен молықтыру арқылы қолдаймыз. Демек жұмыс орындарын құруға, жолдарды жөндеуге, мектептер мен ауруханалар салуға және т.б. көмектесеміз. Патриотизм сезімі, өз еліңмен мақтану – «өз» өндірушіңді қолдаудың игі себебі.

Мәселен, елімізде Май-тоң май деген де одақ бар. Осы одақтың пре­зиденті Константин Невзоров «Пат­риотизм – бұл ең алдымен өз еліңе, өз Отаныңа пайда әкелу. Осын­дай мақсат қоя отырып, адам оған жету үшін саналы қадамдар жасайды деп санаймын. Қадамдар әртүрлі, ауқымды және кішкентай болуы мүмкін, мысалы, дүкендегі сөрелерде импортталғанның орнына отандық өнімді таңдау. Сонымен қатар им­порт­тал­ған арзанырақ болуы мүм­кін, бірақ құрамын зерттеу үшін қап­та­маны аударып, біздің өнім табиғи және балғын екенін түсінесіз. Отандық өндіріс пен тіпті қызметтердің пайдасына саналы таңдау жасай отырып, өзіміз ел бюджетін қалыптастырамыз. Біздің таңдауымыздың нәтижелері экскурсияға, өніммен танысуға, сон­­дай-ақ пікірлер мен ұсыныстар қабыл­дау­ға әрдайым есігі ашық  отандық өндірістер мен зауыттардың дамуына айтарлықтай әсер етеді», – дейді.

Әрқайсысымызды толғандыратын тақырыпқа келгенде, Еуропадан және басқа Батыс елдерінен азық-түлік патрио­тизміне қатысты үлгі алуға болады. Мысалы, Швейцарияда барлық жергілікті өнімді мақтан тұтады. Дегенмен отандық өнім импортқа қарағанда 30%-ға қымбат. Жалпы алғанда, Еуропадағы муниципалитеттер жергілікті өнімдердің дүкен сөрелерінде бірінші кезекте орын ала­тындығына көз жеткізеді. Бізде қандай да бір себептермен жағдай керісінше. Әлбетте, оны өзгерту және қазақстандықтар арасында азық-түлік патриотизмін тәрбиелеу және қолдау үшін шаралар қабылдау қажет, нәтижесінде ол тұтынушылардың өздеріне де, мемлекетке де пайдалы болады.

 

АЛМАТЫ