Қазақстан • 12 Қыркүйек, 2022

Дінаралық диалогті дамыту алаңы

305 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшім­баев Tengrinews.kz ақпарат агент­тігіне сұхбат берді. Сұхбат барысында ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауының негізгі басымдықтарына және әлеу­меттік-саяси реформаларға тоқ­талды. Сонымен қатар Палата Спи­кері алдағы Әлемдік және дәс­түрлі діндер лидерлерінің VII съе­зінің ерекшеліктерін де атап өтті.

Дінаралық диалогті дамыту алаңы

Сенат Төрағасы Жолдауда Әділетті Қазақстан құрудың жолы айқын көрсетілгенін айтты. Мәулен Әшімбаев мұны стратегиялық бағдарламалық құжат ретінде қарастыру керек деп есептейді.

«Жолдауда мемле­кет­тік саясатты трансфор­ма­циялаудың нақты қадамдары көрсетілген. Қазақ­стандық отба­сыларға, бала­ларға Ұлт­тық қордың ресурс­тарынан қо­сым­ша көмек бе­ріледі. Бұл ұлт­тық табыс­ты барынша әділ бө­луді көз­дейді. Сондай-ақ сән-сал­танат салы­ғын енгізу тура­лы ұсыныс та әлеу­меттік әді­л­еттілікті қамтамасыз ету­ге арналған маңызды қадам­дар­дың бірі. Жалпы, Жол­дау­да соңғы жылдарда қоғам­ды алаңдатқан көптеген мәсе­леге жауап берілген», деді Мәулен Әшімбаев.

Басылым тілшісінің сауа­лына жауап берген Мәулен Әшімбаев кезектен тыс Прези­дент сайлауы, Мәжіліс пен мәсли­хаттар сай­лауына да тоқ­талып, бұл билікті демоно­по­лиясыздандыру үшін жасалып жатқанын айтты. Сенат Төр­ағасы мұндай маңызды қадам елімізде теңгерімді жә­не бәсе­кеге қабілетті саяси жүйе құруға бағытталған саяси ре­фор­малардың жалғасы екенін де тілге тиек етті.

Сонымен қатар съезд Хатшы­лығының меңгерушісі алдағы дін лидерлерінің форумы­на дайындықтың соңғы кезең­дері туралы баяндады. Мәу­лен Әшімбаевтың айтуынша, ше­телден келген делегация­лар мен меймандардың көпті­гіне қарамастан, ұйымдас­тыру­­ш­ы­лардың алдында елорда тұр­ғындары мен қонақтары үшін кез келген қолайсыздықты барын­ша азайту міндеті тұр. Сон­дай-ақ Рим Папасының месса­сы үшін Қазақстанға ке­ле­тін азаматтар мен туристер­дің іс-шараға еркін қатысуы­на жағдай жасалуда. Атап айт­қанда, логис­тиканы жеңіл­дету үшін қатысу­шылар­ды Месса өтетін жерге жет­кізу үшін арнайы автобус­тар ұйым­дастырылады, қаты­сушыларды тіркеудің қолайлы жүйесі құ­рылды және ол қазірдің өзінде жұмыс істеп тұр.

Конгресс жұмысына Рим Па­па­сымен қатар ислам, христиан, иудаизм, буддизм, индуизм, даосизм, синтоизм және басқа да әлемдік діндердің көшбасшылары мен өкілдері қатысады. Съезге мұсылман әлемінің көрнекті рухани көш­­басшысы – Әл-Азһардың Жо­ғарғы имамы шейх Ахмед ат-Тайеб, Израильдің бас раввиндері және басқа да дін қайраткерлері келеді. Алайда Съезд Хатшылығының мең­ге­рушісі бұл форумды тек діни іс-шара ретінде қарастырмау керек екенін атап өтті.

«Рухани көшбасшылар ха­лықаралық ұйымдардың өкілдерімен, саясаткерлермен бір­лесіп әлемдегі бүгінгі сын-қатерлерге қарсы әрекет ету жолдарын іздейді. Сондықтан Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі – елдер мен халықтар арасындағы дін­аралық, өркениетаралық диа­логты дамыту тәсілдері талқы­ланатын алаң», деді Мәулен Әшімбаев.