Қазақстан • 12 Қыркүйек, 2022

Инвестицияда серпін бар

256 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Премьер-Министр Әлихан Смайылов Үкіметтің Цифрлық кеңсесінде инвестициялық штабтың кезекті отырысын өткізді, онда негізгі капиталға және тікелей шетелдік инвестициялар тарту бойынша нысаналы индикаторларды орындау қарқыны, сондай-ақ басқа да бірқатар мәселе қаралды.

Инвестицияда серпін бар

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров осы жылдың 7 айының қорытындысы бойынша негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 6,9 трлн теңгені құрағанын хабарлады. Жылжымайтын мүлікпен операциялар, тау-кен өнеркәсібі және мұнай өндіру, көлік және қоймалау, ауыл, орман және балық шаруашылығы, энергетика және өңдеу өнеркәсібі сияқты салалар бойынша айтарлықтай өсім байқалады.

Премьер-Министр биыл негізгі капиталға құйылған инвестициялар бойынша 4,5% деңгейінде оң динамика байқалып отырғанын, бұл ретте 12 өңірдің белгіленген нысаналы индикаторларды орындамағанын атап өтті. Ең төменгі көрсеткіштер Шымкент қаласы, Түркістан және Ұлытау облыстарында.

«Ірі компаниялар өндіріске инвестиция салып, жаңа жұ­мыс орындарын ашуға дайын. Олармен жұмыс істеп, инвес­тициялық келісімшарттар жасау, жаңа жобалар бойынша салық заң­на­масының тұ­рақ­тылығына кепіл­дік беру қажет. Облыстар мен мемлекеттік ор­гандардың бас­шы­лығы инвестиция тарту жұмыстарын күшейтіп, бұл мәсе­лені ерекше бақылауда ұстауға тиіс», деді Ә.Смайылов.

Өз кезегінде Сыртқы істер ми­нистрінің орынбасары Алмас Айдаров 2022 жылдың І тоқса­нында елімізге 6,8 млрд доллар көлемінде тікелей шетелдік инвестиция тартылғанын баяндады.

Осы кезеңдегі алғашқы инвесторлар ондығына Нидерланд, АҚШ, Швейцария, Ресей, Қытай, Оңтүстік Корея, Бельгия, Ұлы­британия, Франция, Түркия елде­рі кірді.

Инвестициялық жобалардың жалпыұлттық пулы химия өнер­кәсібі, ТМК, энергетика, көлік және логистика, тамақ өнер­кәсібі, туризм, ақпараттық-ком­му­ни­кациялық технологиялар, мұнай-газ химиясы, ауыл шаруашылығы және т.б. салаларда 30,2 трлн теңгеге 797 жобаны қамтиды.

Пул жобаларын толық іске асыру шамамен 130 мың жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. 2022 жылы 24 мың жұмыс орнын құра отырып, 2,98 трлн теңгеге 272 жобаны іске қосу жоспарлан-
ған.

Сонымен қатар қазіргі уақыт­та шетелдік компанияларды Қа­зақстанға көшіру жұмыс­тары жүргізіліп жатыр. Мә­селен, таргет­телетін 310 ком­панияның 51-і елімізде өндірісті шоғыр­лан­дыру бойынша келіссөздер жүргізуде. Олардың ішінде Honey­well, Skoda, Youngsan, EMAG, Carlsberg, Fortescue және т.б. бар. Ал Canon, Philips, Krono­span, GE Healthcare, Alstom, Haier компаниялары және т.б. алдын ала келіссөздер сатысында.

Премьер-Министр I тоқсан­ның қорытындысы бойынша тікелей шетелдік инвестициялар ағынының 54%-ға оң серпін тіркелгенін атап өтті.

«Қазіргі кезде бірқатар инвес­тордың елімізге өз өндіріс­терін көшіру ниетімен байланысты мүмкіндіктер ашылуда. Министрлер мен әкімдер осы бағытта туындайтын мәсе­ле­лерді жедел шешу үшін бар күш-жігерін жұмсасын», деді Ә.Смайылов.

Отырысты қорытындылай келе, Премьер-Министр мем­ле­кеттік органдар мен әкім­діктер барлық жоспарланған инвес­ти­­циялық жобаны іске қосу бойын­ша түбегейлі шаралар қабыл­дауға тиіс екенін атап өтті.