Қоғам • 12 Қыркүйек, 2022

Еңбекке қабілетті 9 млн қазақстандық тегін курстардан өте алады

3714 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстанда Әлеуметтік кодекс жобасы шеңберінде азаматтарды жаппай оқыту және білім беру сапасын жақсарту негіздері қалыптастырылып, заңнамалық деңгейде бекітіледі, деп хабарлайды Egemen.kz Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап.

Еңбекке қабілетті 9 млн қазақстандық тегін курстардан өте алады

Әлеуметтік кодекс жобасында еңбекке қабілетті жастағы азаматтарды жаппай оқыту арқылы кәсіби дағдыларды қалыптастыру есебінен адами капиталды жоспарлы түрде арттыру және қазақстандықтардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін ыңғайлы жағдайлар жасау көзделеді.

Еңбекке қабілетті азаматтарды оқыту үшін мақсатты санын бірнеше есе арттыру жоспарлануда.

Мәселен, егер бұрын Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің желісі бойынша азаматтардың жекелеген санаттарына жататын шамамен 500 мың адам оқытумен қамтылса, енді оқыту үшін нысаналы контингентке санаттары мен мәртебесіне қарамастан 9 млн адамға дейін еңбекке қабілетті жастағы барлық азаматтар кіреді.

Бұл ретте жаңа дағдыларды алуға қолжетімділік үшін жауапкершілік мемлекет, жұмыс беруші және азаматтардың өздері арасындағы жаңа әлеуметтік келісімшарт шеңберінде бөлінеді.

«Атап айтқанда, мемлекет жұмыс берушілердің өтінімдері бойынша жұмыссыздар мен халықтың жекелеген нысаналы санаттары үшін қысқа мерзімді тегін оқыту курстарын ұйымдастырады. Бұл ретте оларға оқытудың түрлі форматтары, оның ішінде skills.enbek.kz платформасында онлайн оқытуды ұсыну көзделуде. Бүгінгі күні бұл платформада 151 курс орналастырылған, оның 97-інен тегін өтуге болады. Ал жұмыс берушілер өз қызметкерлері үшін жаңа технологияларды енгізуді немесе жаңа өндірістер ашуды ескере отырып, біліктілікті арттыру, қайта бейіндеу курстарын ұйымдастырады. Оқыту жұмыс берушінің таңдауы бойынша жұмыс орындарында, оқу орталықтарында немесе білім беру ұйымдарының базасында өтеді», делінген ведомство ақпаратында.

Сондай-ақ азаматтар әлеуметтік мәртебесіне байланысты мемлекет немесе жұмыс берушілер ұйымдастыратын тегін курстардан өте алады немесе ақылы курстарды өз қалауы бойынша таңдай алады.

Ведомство хабарламасында еліміздің жоғары оқу орындары мен колледждерінде оқыту сапасын жақсарту үшін кешенді шаралар қабылданатыны айтылды. Ұлттық біліктілік жүйесін қайта жүктеу дәл осыған бағытталған.

«Жұмыс берушілер кәсіптік стандарттар арқылы білім беру бағдарламалары жаңартылатын жұмыс күшінің дағдыларына талаптар қояды. Кәсіби біліктіліктерді тану орталықтары кәсіби біліктіліктерді, оның ішінде ресми, бейресми және информальды білім беру арқылы алынған мамандардың жекелеген дағдыларын бағалайды және тиісті сертификаттар береді», деп қосты министрліктен.