Қоғам • 12 Қыркүйек, 2022

Панфилов дивизиясының соңғы жауынгері Қайырлы Жонқабаев 101 жасқа толды

484 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Өткен сенбі, 2022 жылдың 10 қыркүйегінде әйгілі Панфилов дивизиясының соңғы жауынгері, Ұлы Отан соғысының ардагері Қайырлы Жонқабаев 101 жасқа жетті.

Панфилов дивизиясының соңғы жауынгері Қайырлы Жонқабаев 101 жасқа толды

Осынау айтулы оқиғаға орай, ҚР Ұлттық ұланы «Оңтүстік» өңір­лік қолбасшылығы қолбас­шысының орынбасары полковник Ниязтай Әлкешев бастаған әскери қызметшілер мен Ардагерлер Кеңесінің төрағасы, запастағы полковник Асатулла Құлахметов ғасыр куәгерінің шаңырағына барып, ғибратты ғұмыр иесін құттықтады.

Қарт жауынгердің құрметі үшін 5571 әскери бөлімінің оркес­трі соғыс жылдарындағы әндерді орындады. Ал ұландық жауынгерлер өз кезегінде ардагерге құрмет көрсетіп салтанатты шерумен жүріп өтті.

– Бүгін біз, Ұлттық ұланның әскери қызметшілері Ұлы Отан соғысының ардагері, аты аңызға айналған Панфилов дивизиясының солдаты Қайырлы Уатайұлы Жон­қа­баевты құттықтауға келдік. Аяулы ардагерлерге құрмет көр­сету – дәстүріміз. Біз олардың Отан­ға жанқиярлықпен қызмет етуінің, соғыс жылдарындағы көз­сіз ерліктерінің үлгісінде өске­лең ұрпақты тәрбиелейміз. Өкі­ніш­ке қарай, жыл өткен сайын ардагерлеріміз азайып келеді. Сон­дықтан біз оларды назардан тыс қалдырмай, қамқорлық таны­тып көңілдерін аулауға тырысамыз, – деді «Оңтүстік» өңірлік қолбас­шылығы қолбасшысының орынбасары полковник Нязтай Әлкешев.

Өскелең ұрпақ үшін Қайырлы Уатайұлы 1921 жылы 10 қыр­күйекте Шығыс Қазақстан облысы Самар ауданында дүниеге келгенін еске сала кету ләзім. Еңбек жолын 1940 жылы ШҚО Құлжа орта мектебінде мұғалім болып бас­таған бүгінгі ардагер 1941 жылы қазан айында Панфилов диви­зиясының 23-ші гвардиялық пол­кіне Қызыл әскер жауынгері болып алынады.

Қайырлы Уатайұлы соғысқа басынан аяғына дейін қатысқан. 8-гвардиялық атқыштар дивизиясы құрамында пулеметші болған, Кеңес Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллинмен бір ротада әскери борышын өтеген. Белоруссия, Поль­ша, Эстонияны азат етуге қа­ты­сады. 1943 жылы ақпанда Ржев­тегі қанды майданда ауыр жа­ра­ланған, жеңісті Дрезденде қар­сы алады.

Ұлы Отан соғысында көрсет­кен ерліктері үшін «Қызыл Жұл­дыз», және ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, «Ерлігі үшін», «Мәс­кеуді қорғағаны үшін» сияқ­ты басқа да медальдармен мара­патталғанын айта кету керек.

Соғыс аяқталғаннан кейін ол кісі Самар аудандық атқару коми­тетінде бөлім меңгерушісі қыз­метін атқарып, әрі қарай аудан­дық Тұтынушылар одағы жүйе­сінде басшылық лауазымдарда қызмет атқарып, 1983 жылы құрметті еңбек демалысына шығады. Бес бала тәрбиелеп өсірген ардагер бүгінде үбірлі-шүбірлі әулеттің атасы.

 

АЛМАТЫ