Өнер • 12 Қыркүйек, 2022

Қазақстанның Ресейдегі мәдениет күндері

314 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстан мен Ресей арасындағы дипломатиялық қатынас­тар­дың орнағанына 30 жыл толуына арналған мерекелік іс-шаралар Астрахань мемлекеттік опера және балет театрында үлкен мерекелік концертпен басталып, басқа қалаларда жалғасты.

Қазақстанның Ресейдегі мәдениет күндері

Әуелі 7 қыркүйекте «Қазан Халықаралық мұсылман киносы фестивалі» аясында қазақстандық фильмдердің көрсетілімі ұйым­дастырылды, онда режиссер Юлия Захарованың «Тарлан» фильмі­­нің тұсаукесері өтті. Бұл кар­­тина Ғалымжан Ибраги­мов­тың «Алмачуар» повесінің же­лісімен түсі­рілген «Татаркино» және Alma­pictures бірлескен жо­басы.

Байқауға сондай-ақ режиссер Адай Әбелдиновтің толық­метрлі тарихи анимациялық «Күл­тегін» фильмі ұсынылды. Таспа көптеген көшпелі этнос­ты бір тудың астына бірік­тірген Түркі қағанатының бел­гілі әскери қолбасшысы Күл­те­гіннің жас кезі туралы баян­дайды. Фес­тиваль аясында Гүл­нәр Сәр­сенова мен Вахтанга Хубу­тия­ның Владимир Куниннің аттас кітабына негізделген «Орыс­тар Мариенплацта» атты дра­малық фильмі де көрсетілді.

Британдық кинорежиссер және сценарист Джесси Джон­сон­ның «Аве Мария» филь­мін Қазанда продюсер Ер­кен Ялгашев таныстырды. Қазан­дық көрермен үшін тағы бір тарту – Generation14Plus бағдар­ламасында Берлин кинофес­тивалінің Гран-приін жеңіп алған Фархат Шәріповтың «Схема» фильмінің көрсетілімі өтті. Бұл сенсациялық «18 килогерц» фильм трилогиясының екінші бөлімі. Сол сияқты Мұса Жәлел атындағы Татар мемлекеттік академиялық опера және балет театрында Қазақстан Республи­касы өнер шеберлерінің гала-концерті болды. Концертке Құр­манғазы атындағы Қазақ ұлт­тық халық аспаптар оркестрі, Қа­зақстанның еңбек сіңірген әртіс­тері Секен Тұрысбеков, Айгүл Үлкенбаева, Қазақстанның еңбек сіңірген қай­раткерлері Айгүл Елшібаева, Салтанат Ахметова, Батыржан Мықтыбаев және елі­міз­дің басқа да танымал әнші­лері мен шығармашылық ұжымдары қатысты. Концерт басталар алдында Елабуга мем­лекеттік тари­хи-сәулет және сәу­лет өнері қоры­нан алынған қазақ­стандық су­рет­шілердің сурет көр­месі ұйым­дастырылды.