Кездесуде Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі жалпы Қазақстан халқы Ассамблеясы мен оның бірлестіктерінің ел дамуында алатын орнын атап өтіп, мемлекетіміздің бірлік пен ынтымақты ту етіп отырғанын жеткізді. «Президент Жолдауының тақырыбы «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» деп аталғаны белгілі. Елімізде бәріне бірдей мүмкіндік беретін әділетті қоғам құрылып жатыр. Мемлекеттік мүдде жолында бірге еңбек ету – әрбір азаматтың міндеті. Бұл ретте этномәдени бірлестіктер еліміздің ынтымағы мен бірлігі үшін елеулі еңбек етіп келеді. Мәселен, Қостанайдағы орман өрті кезінде этномәдени бірлестіктер зардап шеккен жандарға 60 млн теңге қаражат аударып, 243 тоннадан астам гуманитарлық көмек көрсетті. Бұл біздің ел болып ұйыса білетініміздің айқын көрінісі», деді министр.
Жиында Президент Жолдауында айтылған басым бағыттар талқыланды. Өз кезегінде ұйым өкілдері ведомство басшысына бірқатар мәселені жеткізіп, ҚХА мүшелерінің еліміздегі бейбітшілік пен келісімді нығайтудағы рөлі, мемлекеттік реформаларды қолдау бағытында атқарылуға тиіс жұмыстар туралы пікірлерін айтты.
Сондай-ақ Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі Алматыда заманауи медиа өкілдері мен креатив жастармен де жүздесті. «Түрлі платформаларда шығармашылық әлеуетін танытып жүрген жастар жан-жақты мәселелерді ортаға салды. Өте пайдалы кездесу болды деп ойлаймын», деп атап өтті министр.