Елорда • 13 Қыркүйек, 2022

Ұлттық өнер насихатталады

360 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезі аясында елордада бірқатар мәдени іс-шара ұйымдастырылады. Қала әкімдігінің хабарлауынша, бұған арнайы заманауи этностық музыка жанрында ауқымды жоба әзірленген.

Ұлттық өнер насихатталады

«Фестиваль мақсаты – турис­терді, съезге қатысушыларды Ұлы даланың мұрагері – қазақ халқының бай мәдениетімен таныстыру. Іс-шараларда дәстүрлі бағыттағы өнер иелері, этно-фольклорлық ұжымдар және басқа да танымал қазіргі заманғы этностық бағыттағы әртістер өз өнерлерін ортаға салады», деді Нұр-Сұлтан қалалық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Нұран Қамзин.

Іс-шара «Бәйтерек» монументінің жанында орналасқан Этноауыл аумағында өтеді. Он­да сегіз қанатты киізүйлер тігіліп, алтыбақандар орнатылады. Қолөнер шеберлерінің бұйым­дары қойылатын «Шеберлер ауы­лы», шағын сәулет нысандары және т.б. алаңдар құрылады.

Этноауылда тұрғындар және қала қонақтары дәстүрлі қолөнер түрлерімен – төрт киізүйде отандық қолөнер шеберлерінің көрме-жәрмеңкесі, заманауи ұлттық нақыштағы киім, зергерлік өнер, кілем және кесте бұйымдары қойылған жәрмеңкені тамашалай алады. Сонымен қатар 3 киізүйде Ы.Дүкенұлы атындағы халық музыкалық аспаптар музейінің музыкалық аспаптары қойылады. Сонымен қатар «Аңшы үйінде» халық кәсібінің түрлері ұсынылады. Онда мамандар халыққа қыран бүркіт пен аңшы иттерін қалай ұстау керектігі мен ептілігін көрсетеді.

«Ұлы дала сазы» этно­фес­тивалі 12-16 қыркүйек аралы­ғында өтеді. Этноауыл сағат 10:00-19:00 аралығында ашық болады. Келушілер көшпенді халықтың мәдениетімен, тұр­мысымен танысады, сондай-ақ шеберлік сыныптарына, ұлт­тық ойындарға қатыса алады. Күн сайын кешкілік концерт ұйым­дастырылады. Бұл іс-ша­ралар 18:00-де басталып, 20:00-ге дейін жалғасады.