Жасыратыны жоқ, жеңілдетілген несиенің тапшылығы отандық бизнес үшін өзекті мәселеге айналғалы қашан?! Президент айтқандай, елімізде шағын және орта бизнесті қаржыландыру үшін 42 млрд долларға жуық қаражат жетіспейді. Алайда банктерде трлн теңгеге жуықтайтын қаражат ұлттық экономикаға бағытталмай, босқа жатыр. Бұл – ойландыратын мәселе. Сондықтан Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық банк, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі және Үкіметке бірлесіп, аталған секторды тұрақты әрі қолжетімді несиемен қамтамасыз етуге бағытталған нақты шешімдер пакетін әзірлеуді тапсырды.
Аграрлық салада көптен бері шешімін таппай келе жатқан қордаланған проблема жетерлік. Мәселен, кез келген өнімді өндіру үшін алдымен жер қажет екені белгілі. Жері жоқ адам бизнеспен айналыса алмайды. Мемлекет басшысы кәсіпкерлерге жер телімдерін ашық әрі жедел бөлудің тиімді тәсілдерін дайындау керектігін айтты. Бұл орайда әр өңір мен елді мекенде бос жатқан немесе мақсатына қарай игерілмеген жердің бар-жоғын анықтау қажет. Аталған іс-шаралар кәсіпкерлердің ғана емес, жалпы экономиканың бәсекеге қабілетін арттыра түсетінімен келісеміз. Бірақ мынаны ескеруіміз қажет. Қазірдің өзінде мемлекетке қайтарылған жердің көлемі аз емес. Мәселе – жердің құны тым төмен бағаланып отыр. Шаруалардың кәсібін дөңгелете алмауының бір сыры осыда жатыр. Кредит алып, шаруа қожалығын ұлғайтқысы келеді, бірақ банк кепілдікке қойылуға тиіс жер учаскесін тым арзанға бағалайды. Мысалы, егістік алқаптарын суаруға арналған техниканың құны шамамен 10 млн теңге болса, 10 мың гектар жердің бағасы әрі кетсе 5 млн теңгеден әрең асады. Осыдан кейін фермер қажетті техниканы қайтып алады? Банктер арзан жерді кепілдікке алмайды. Жылжымайтын мүлікті кепілдікке қояйын десе, ауылды жердегі үйлердің құнын қаржы институттары тағы да төмен бағалайды. Сол себепті еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін құнттағымыз келсе, отандық тауар өндірушілеріне лайықты қолдау көрсетілуге тиіс. Сонда ғана Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігі арта түседі.
Қуаныш СҮЛЕЙМЕНОВ,
Абай облысының мәслихат хатшысы