Аймақтар • 13 Қыркүйек, 2022

Қоғамдық кеңестің жұмысы ауқымды

582 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Мемлекетті айтпағанның өзінде Алматы сияқты ірі шаһарлардың шешімін таппаған мәселелері қай кезде де жеткілікті. Ал қала басшыларының жағ­дайды толық бақылап, бәрін көріп-біліп отыруға уа­қыты да, аяғы да жете бермейді. Қоғам­дық кеңес сондықтан да керек. Олардың ішінде өз саласындағы жағдайды жақсы біле­тін­дер, нақты мәселе көтеріп, оның шешілуіне ықпал ете алатындары, азулы айтқыштары да баршылық.

Қоғамдық кеңестің жұмысы ауқымды

Жаңадан құрылған Алматы қалалық Қоғамдық кеңестің жұмысына жақында жүз күн толды. Кеңес төрағасы Алтынай Көбееваның айтуынша, ұйымға белсенді азаматтық ұстанымы, белгілі бір мәселелерді шешуде ықпалы бар адамдар енген. «Билік жүзеге асыратын азаматтық қоғам өкілдерінің ұсыныстарының саны артты. Бүгінде қоғамдық кеңестердің қызметін ақпараттық қамту деңгейі мен сапасы жақсарды», дейді кеңес төрағасы.

Биыл құрылған Қоғамдық кеңестің құрамына 39 адам кірген. Оның ішінде үкіметтік емес ұйымдар мен БАҚ өкілдерінен – 20 (51,3%), білім беру саласынан – 5 (10,2%), мемлекеттік органдардан – 3 (7,7%), денсаулық сақтау саласынан – 1 (2,6%), мәдениет және спорттан – 3 (7,7), бизнес құрылымдардан 7 (20,5%) адам бар.

БАҚ өкілдерінің қатысуымен өткен брифингте Алтынай Көбеева ІІІ шақырылымдағы Қоғамдық кеңестің қызметіне кеңінен тоқталды. «Кеңес қызметі бүгінде азаматтарды толғандыратын мәселелерді шешуде ауқымды жұмыс атқарып келеді. Мұны нақты істерден-ақ көруге болады. Қоғамдық кеңес билік пен азаматтық қоғам арасын байланыстырушы буын ретінде әрекет етіп, сол арқылы жұртшылық пен биліктің тиімді диалогін құрып келеді», деп атап өтті ол.

Қоғамдық кеңестің бюджет жобасын, оның орындалуы туралы есепті, стратегиялық даму жоспарларын, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қозғайтын нормативтік-құқықтық актілерді талқы­лау­дан бастап, өкілеттіктердің үлкен тобы бар еке­нін ескере отырып, нақты және пәндік қызметті қам­та­масыз ету үшін бес комиссия құрылған. Бұл топтың әрқайсысының өз жауапкершілік аймағы бар.

Осы уақытқа дейін кеңес қоғамдық бақылау нысандарын пайдалана отырып, қоғамдық мониторинг, қоғамдық тыңдау, қоғамдық сараптама, мемлекеттік органдардың есепті кезеңдегі есептерін тыңдау, 25 отырыс өткізген болса, осы басқосуларда ұзын саны 62 мәселе қаралған. Сонымен қатар құқықтық актілерге 17 қоғамдық мониторинг пен 30 қоғамдық сараптама жүргізіліпті. Жалпы, 100 күндік жұмыс барысында кеңес сұранысы бойынша қалалық басқармалар атқарған жұмыстар мен бюджет қаражатының игерілуі туралы 14 есеп беріліп, жеке және 77 заңды тұл­ғалардан 58 өтініш, 80 сұраныс жіберілген. Сондай-ақ әртүрлі мекемелерге жіберілген ұсыныс, талап-ті­лектер тағы бар.

Алтынай Көбееваның айтуынша, жиындарда ауқымды мәселелер де, жергілікті сипаттағы өзек­ті мәселелер де талқыланады. «Атқарушы органдар қабыл­дай­тын нормативтік-құқықтық актілерге жүргізілген мониторинг нәтижелері бойынша Қоғамдық кеңес мүшелері өз қорытындылары мен ұсынымдарын бұл актілердің тұрғындардың негізгі бөлігінің мүддесіне қайшы келмеуін, ал қалалық қызметтер ұсынатын және қалың жұртшылықтың талабы арасынан мәміле табу керектігін ескере отырып дайындады», дейді спикер.

Қоғамдық мониторинг аса өткір сұрақтарды да қамтыған көрінеді. Бұлар – көше-жол желісін дамыту, қоғамдық көлік жұмысы, тұрғын үй құрылысы, медициналық қызмет көрсету, балалар мен жасөспірімдер үшін спорт секцияларының қолжетімділігі, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықтағы реформалар, «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» заңын іске асыру мәселелері, көліктік қызмет көрсету мәселелері мен кәріз желілерінің жағдайы, қаланың коммуналдық меншігін пайдалану, жасыл желектердің жай-күйі және күтіп-ұстау сынды мәселелер.

Есептік кезеңде Қоғамдық кеңестің көшпелі отырыстары да ұйымдастырылып, «Қазақстан Респуб­ли­ка­сында қоғамдық кеңестер апталығын ұйымдастыру және өткізу» тұжырымдамасы аясында Алматыда мониторингтік топтың жұмыс кездесулері жүріп жатыр.

«Біз қаланың сегіз ауданында 5 диалог алаңын өткіздік. Негізгі мәселелерге – шағын және орта бизнес бағдарламаларын іске асыру шарттарын ұйымдастыру мен жетілдіру, қаладағы қоқыстарды шығару, қаттау мен шығаруды бақылау, мүлік иелерінің бірлестігі және ПТ құру үшін тұрғын үй қатынастарының жаңа жағдайларының проблемалары, халықтың әлеуметтік осал топтарын мемлекеттік қолдау бағдарламаларының тиімділігін анықтауға талдау мен мониторинг жүргізу жатады», дейді А.Көбеева.

Мұнан бөлек қалалық деңгейде әлеуметтік қызмет көрсету мен мемлекеттік басқару саласын цифрландыру мәселелері бойынша Парламент Мәжілісі және мәслихат депутаттарымен бірге жұмыс кездесулері өткен. Мұндай басқосулардың арасында Алматы қаласы бойынша Медициналық-әлеуметтік сараптама комиссияларының қызметін ұйымдастыру және мониторинг жүргізу жөніндегі мониторингтік топтың отырыстары бар. Осы іс-шаралардың қорытындысына сәйкес Алматы қалалық Қоғамдық кеңесі қала әкімдігі мен Үкімет басшысы Әлихан Смайыловқа ұсыныстар жолдады.

 

АЛМАТЫ