Қоғам • 13 Қыркүйек, 2022

Фермерлер несиеге өтінімді онлайн береді

212 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Аграрлық несие корпорациясы» шағын несие беру үшін онлайн өтінімдерді қабылдауға кі­ріс­ті. Бұл фермерлерге үйден шықпай-ақ не­сиені алдын ала мақұлдауға мүмкіндік береді. Кор­по­рацияның басым бағытының бірі – несие беру үдерісін цифр­лан­дыру. Бұл міндетті шешу үшін несие өнімдері оңтайландырылып, шағын несиеге өтінімдерді онлайн қарау жүйесі әзірленген.

Фермерлер несиеге өтінімді онлайн береді

Жүйе «Іскер» бағдарламасы бойынша 6 млн теңгеге дейін несие ресімдегісі келетін әлеует­ті клиент­терге құжаттар жинау мер­­зімін қысқартуға, филиал­ға келуді азайтуға, өтінім­ді қарау ба­рысының сапасы мен ашық­ты­ғын арттыруға көмек­т­е­седі. Үйде отырып-ақ шаруа жеке сәйкестендіру нөмірі (ЖСН) ар­қылы шағын несие алуға өтінім бере алады. Автоматтандырылған жүйе мемлекеттік және өзге де дерекқордың мәліметтерін пайдаланып, әлеуетті қарыз алушының төлем қабілетін тексереді. Бұл ретте, кепіл мүлік онлайн баға­ла­нады.

Алдын ала мақұлдауды ал­ған кезде фермер кепіл мүлік жө­нін­дегі құжаттармен бірге корпорацияның филиалына барады. Егер қандай да бір себеппен клиент алдын ала мақұлдауды алмаса (банк немесе басқа қаржы институты алдындағы мерзімі өткен берешек, салық, теріс несие тарихы және т.б.), филиалға барудың қажеті жоқ.

«Аграрлық несие корпорациясы» АҚ басқарма төраға­сы­ның орынбасары Руслан Тө­ле­геновтің айтуынша, бизнес үдерісті оңтайландыру – кор­пора­ция қызметінің маңызды бағы­тының бірі. Өтінімді қарау­дың электронды форматы адами факторды азайтады. Сонымен қатар қажетті құжаттар саны да кемиді. Онлайн несиеге өтінім бе­ру фермердің 10 минуттан ар­тық уақытын алмайды.

«Несиені алдын ала онлайн мақұлдау туралы өті­ніш беру үшін не істеу керек? Егер мал ша­р­уа­­шы­лығы немесе егіншілікті дамытуға қаржы ал­ғы­ңыз келсе, agronesie.kz платформасына кіріп, әмбе­бап келісімге қол қойыңыз. Өтінімді жеке кабинет арқылы жолдаңыз. Кепіл берушінің деректерін енгізіңіз (ЖСН және телефон нөмірі) және мүлікті алдын ала онлайн бағалатыңыз. Ұсынылған кепіл жет­кілікті бол­ған жағдайда жүйе қарызды алдын ала мақұлдау туралы хабарлама жіберіп, Аграрлық несие корпорациясының облыстық филиалына жүгінуге қа­жет қажетті құжаттардың тізбесін жолдайды», делін­ген корпорацияның ресми хабарламасында.

Елімізде «Іскерден» бөлек фермерлерге тиімді шарттармен несие ұсынатын «Кең дала» (жылдық тиімді сыйақы мөлшер­ле­месі 1,5 пайыздан басталады) және «АгроБизнес» (1 млн теңгеден 5 млрд теңгеге дейін береді) бағдарламалары да бар.

Бұған дейін елімізде фермерлерге ауыл шаруа­шылығы техникаларын жеңілдетілген лизингпен беру бағдарламасы іске қосылған еді. Ол үшін «Жасыл Даму» АҚ есебінен – 30 млрд, «ҚазАгроФинанс» АҚ есебінен 10 млрд теңге қарастырылған. Қазірге дейін бағдарлама аясында мыңнан астам өтінім тіркеліп, соның 369-ы 16,6 млрд теңге сомасына қаржыландырылған. Жалпы, қазақстандық фермерлер жалпы құны 43,6 млрд теңге болатын 1 089 ауыл шаруашылығы техника бірлігін алуға ниетті. Бірақ бағдарламаға бөлінгені – 40 млрд теңге. Сұраныстың бұл сомадан асып кеткенін ескеріп, мемлекет алдағы уақытта қаржыландыру көлемін ұлғайтуы да бек мүмкін.