Бокс • 24 Қаңтар, 2017

Абылайхан Жүсіпов VS Садриддин Ахмедов. Даниярдың орнын кім басады?

6939 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Былтыр Павлодарда өткен бокстан ел чемпионаты, ұлттық құраманы олимпиададан соң қағып-сілкіп алуға тамаша мүмкіндік болды.

Абылайхан Жүсіпов VS Садриддин Ахмедов. Даниярдың орнын кім басады?

Әр олимпиада немесе әлемдік дода аяқтала салысымен, ұлттық құрамаға өзгеріс керек деп жатамыз ғой. Бұл жолы құрама онсыз да жаңарғалы тұр екен. 49 килода үш олимпиада ойындарына қатысып, ширек финалда сүрінген Біржан Жақыпов пен 60 килода атой салған Берік Әбдірахманов рингпен қош айтысты. Бірі басшы болып та үлгерді. Бірі мүмкін бапкер болар. Ал 52 килода бокстасқан Олжас Сәттібаев енді WSB жобасындағы «Астана Арландары» бокс клубының мүшесі һәм капитаны. Құрамаға оның орнына мықты боксшы керек.

Әуесқой боксшы алуы қажет атақтың бәрін иеленген Данияр Елеусіновтің (69 кило) кәсіпқойға кетем деген шешімі құптауға тұрарлық. Әуелгі кездесуіне Шанхайда шығады депті ресми дерек көздері.

Қос олимпиаданың қоласын таққан Дычко да әне-міне кәсіпқой бокс әлеміне кетеді деген сөз желдей ескені қашан. Демек, бұл жағдаяттарды әжептәуір өзгеріс деп айта аламыз. Осыдан соң құрамадағы өзге жігіттер де «салмақ қосты». Ілияс Сүлейменов 56-ға, Абылайхан Жүсіпов 69-ға, Жәнібек Әлімханұлы 81-ге ауысты. Бас бапкер Мырзағали Айтжанов қазір өзгерген құраммен бірге АИБА бокс академиясында дайындыққа кірісіп кетті.

Енді негізгі тақырыпқа ойысайық. Арысы 2000, берісі 2004 жылдан бастап олимпиададағы «қазақтың салмағы» 69 килоның қаһарманына айналған Данияр орын босатқаннан кейін, бұл салмаққа үміткер кім деген заңды сауал қойылары сөзсіз. Ә дегенде еске екі былғары қолғап шебері түседі. Олар: Абылайхан Жүсіпов (20 жас) пен Садриддин Ахмедов (19 жас). Екеуі де 20-ға келіп жалындап тұрған, сен тұр мен атайын жігіттер. Сиднейдегі Ермахан, Афиныдағы Бақтияр, Бейжіңдегі Бақыт, Лондондағы Серік, Риодағы Данияр салған даңғылды Токиода кім лайықты жалғастыра алуы мүмкін? Абылайхан ба әлде Садриддин бе?

Бауыржан Аманбаев пен Андрей Райштан тәлім алатын Абылайхан жасөспірімдер арасында жүрген шағында жеңілістің дәмін татып, тұзын байқап көрмеген бала еді.  ҚР чемпионы деген атақтарын былай қойғанның өзінде, түрлі халықаралық бәйгелердің алдын бермей келе жатқан тұлпар ретінде көзге ілікті. Бірақ, ересектерге ауыса салысымен Рио додасына түсіп, жеңілді. Рингтегі қимылы мен боксшылық әлеуеті туралы әңгіме қылмай тұрып, көпке танымал емес, бірақ бокс мамандарының жоғары бағасына ие болған Садриддин Ахмедов туралы да сыр шерте кетейік. Мақтааралдың тумасы да сан түрлі құрлықтық һәм әлемдік бәсекелдердің алтынын өңірінде жарқыратыпты. 2015 жылы Ахмет Комерт мемиоралының бас жүлдесін, 2016 жылы Кличко турнирінің бас бәйгесін, Golden Glove of Vojvodina халықаралық бәсекесінің алтынын қанжығаға бөктерген. Біраз ай бұрын ғана Ресейге барып, жастар арасындағы әлем чемпионы деген мәртебелі атақты да иеленіп қайтты.


Бокстасу тәсілдері

Абылайхан Жүсіпов. Шаршы алаңға шыққан бетте бірінші нөмірмен қимылдауға әрекет жасайды. Аяқпен жақсы ойнайды. Бокс мамандары мен жанкүйерлер осы қасиеті үшін оны Серік Сәпиевке ұқсатып жатады. (Айтпақшы, екеуі де Абай аудандық бокс мектебінің түлегі).

Оң қолымен қарсыласын шалғытып, сол қолымен қатты және дәл соққылар жасайды. Қорғаныста қателіктер жібергенімен, аяғының жылдамдығы арқасында қарсыластың соққысынан жалтарып кете алады.

Садриддин Ахмедов. Рингте өзін ринг қожайыны ретінде еркін сезінеді және қарсыласқа реті кеп тұрса бірінші болып соғуға ұмтылады. Қарсыласы шабуылға шыққанда және қорғанысы ашық қалғанда сериялы соққылар жасап қалуға тырысады. Физикалық дайындығы мықты, ашық шайқастан қашпайды. Ұрыс мәнері кәсіпқой боксшыларға келеді. Абылайхан ауыр соққыны сол қолымен жасаса, Садриддин керісінше екі қолмен де ұрады. Оң қолының соққысы сол қолына қарағанда әлдеқайда ауыр.


Жетістіктері

Абылайхан Жүсіпов: жасөспірімдер арасында ҚР чемпионы (2013), Азия және әлем чемпионы (2013); жастар арасында ҚР чемпионы, халықаралық турнирдің жеңімпазы (Германия, 2014), Азия және әлем чемпионы (2014), жастар арасындағы олимпиаданың жеңімпазы (2014), ересектер арасында Ғ.Жарылғаповты еске түсіруге арналған халықаралық турнирдің жеңімпазы (Қарағанды, 2014), Минск (2015) және Ғ.Жарылғапов турнирлерінің қола жүлдегері (2015), Венгрия (2016) және Қытайда өткен азиялық іріктеу турнирлерінің жеңімпазы (2016). Ересектер арасында Қазақстан чемпионы, Павлодар (2016).

Садриддин Ахмедов:  жастар арасындағы Қазақстан чемпионы (2011), жастар арасындағы Қазақстан чемпионының күміс жүлдегері (2012), жастар арасындағы Қазақстан чемпионатының қола жүлдегері (2013), жастар арасындағы Қазақстан чемпионы (2014), Ахмет Комерт мемиоралының жеңімпазы (2015), жастар арасындағы Қазақстан чемпионы (2015), айығнды Кличко турнирінің жеңімпазы (2016), Испаниядағы халықаралық турнирдің чемпионы (2016), Сербияда өткен 34-ші Golden Glove of Vojvodina  халықаралық турнирінің жеңімпазы (2016), жастар арасындағы Қазақстан чемпионы (2016), жастар арасындағы Әлем чемпионы (Санкт-Петербург 2016).


Түйін

Абылайхан Жүсіпов ересектер құрамасына Садриддиннен 2 жыл ерте ауысқаны болмаса, екі боксшының әлеуеті бірдей. Дегенмен, дәл қазіргі сәтте 69 келіде Ұлттық құраманың бірінші нөмірлі боксшысы Абылайхан Жүсіпов болуы мүмкін. Өйткені, ол 2016 жылғы бокстан ҚР чемпионы. Ал, Садриддин жастар құрамасынан ересектер құрамасына биыл қосылды. 2017 жылдың еншісінде халықаралық ірі турнирлерден бөлек, Әлем және Азия чемпионаты бар. Қай чемпионатқа кім баратынын және бірінші нөмірлі боксшы кім болатынын Ұлттық құрама бапкері Мырзағали Айтжановтың өзі таңдайтын болады. Ал құрметті оқырман, Сіздің ойыңызша кім бірінші нөмірлі боксшы болуға лайықты?

Әли Битөре, журналист