Руханият • 13 Қыркүйек, 2022

Бекасыл әулие

6522 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Биыл Бекасыл Биболатұлының туғанына 200 жыл толады. Оның мерейтойы осы жылдың қыркүйек айының 17 жұлдызында туған жерінде халықаралық қазақ-қырғыз зиялыларының V форумының аясында аталып өтіледі деп күтілуде.

Бекасыл әулие

Бекасыл Биболатұлы қа­зіргі Түркістан облысының Төлеби ауданындағы Есім хан ордасының іргесінде 1822 жылы өмірге келіп, 1915 жылы туған жерінде қайтыс болған.

Бекасыл Биболатұлы – Сайрам, Қарнақ, Ташкент, Самарқант, Бұхара, Шам (Сирия) еліндегі білім ордаларын түгел меңгерген данышпан, теолог, астролог, астроном, математик, философ, шипагер, бақ қонған, кие дары­ған кісі, Ислам қағидаттарын, өмір салтын терең меңгерген дана, асқан ғұлама, Есім ханның уәзірі Құдайберді бидің тікелей ұрпағы,Төле бидің жақын аталас туысы, «Еңсегей бойлы Ер Есім» мен «Төле бидің тарихы» атты дастандардың авторы Қазанғап Байболовтың ұстазы.

Бекасыл Биболатұлы туған жерінде мед­ресе ашып, сол аймақтың балаларын оқыт­қан, шығармашылықпен айналысып, көптеген кітап жазған. Көзінің тірісіде-ақ Бекасыл әулие атанған.

Бүгінгі ұрпаққа Бекасыл Биболатұлынан әзірге жеткені «Зикзал» атты ғибрат кітабы – халқымыздың тəуелсіздік жыл­дарында тап­қан асыл қа­зы­наларының бірі. Он тоғы­зын­шы ғасыр­да қағазға түскен бұл құнды қол­жазба тәуелсіз­дік жылдары төрт рет шыға­рылып, ғылыми айналымға түсті, бірнеше ғылыми кон­фе­ренцияға арқау болды. Тек қазақ халқының ғана емес, бүкіл адамзаттың қымбат жау­һарларының бірінен санала­тын бұл шығармада Ислам­ның асыл қасиеттері, адамзат­тың байтақ тәжірибесі, салт-дәстүрі, замананың ой санасы, ғылымның сан-саласы қам­тылған, қазақ топырағында бұрын кездес­пеген, өмір тыл­сымдарының сырлары мен құпияларын ашатын, адамның күнделікті өмі­ріне керекті пайдалы кеңестер, ғылыми мәлі­меттер мен басқа да тұ­жырымдар бар.

Қазақ руханиятындағы алып тұлғалар­дың бірі Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының Оңтүстік­ке сапарын баяндайтын, «Қазақ баласы оқы­дым, тоқыдым десе де, Бекасыл хазрет бола ма» деп аталатын мақаласында Бек­асыл әулиені аса құрметпен хазрет, ұстаз деп атайды және пір тұтады, ғұламаның қадір-қасиетін айшықты аша түседі, оның «Зикзал» атты еңбегін аса құнды, баға жетпес туынды деп бағалайды.

Отандық ғалымдардың пі­кі­рінше, «Зикзал» – кез келген қазақтың төрінде тұратын қасиетті кітап.

Қазақстан мұсылмандары діни басқар­ма­сы Ғұламалар кеңесінің мүшесі, белгілі дін­танушы, араб, парсы және шағатай тілдерінде жазыл­ған «Зикзалды» қазақ тіліне аударған Зәріпбай Оразбай бұл еңбекті әлемдік деңгейдегі Ханафи мазһабын дәріптейтін бірден бір ғы­лыми кітаптардың қатарына жатқызады.

2020 жылы пандемияның ең өршіп тұрған шағында Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, «Зикзалдағы» індет­ке қарсы қолданылатын қасиетті 7 аятты Қазақстан мұ­­сыл­­мандары діни басқар­ма­сының сайтына іліп қой­ды, бүкіл дүние жүзіндегі мұ­сылман елдерінің имамда­рына үндеу жасап, олар­мен бір мезгілде Құран оқып, Жаратушыдан адам баласының күнәларын кешіріп, індеттің бетін қайтаруды сұраған болатын. Сонымен қатар биыл Нау­рызбай қажы Тағанұлы «Зик­залды» еліміз медреселерінің оқу бағдар­ламасына енгізу ­туралы ниет білді­ріп, Бекасыл Биболатұлының 200 жылдығын атап өту туралы, оның есімін ­ұлы тұлғалар тізіміне қосып, түркі дүниесінің ­рухани астанасы Түркістан мен еліміздің бас қаласы Нұр-Сұлтанда­ғы көшелерге беру жөнінде ­бас­тама көтерген еді. Ол бас­тама жұрт­шылықтың көңі­лі­нен шығып, зиялы қауымның ішінде зор қолдауға ие болды.

Қазақ ұлттық меди­ци­на университеті­нің И.Ә.Құл­ман­бетов, Р.И.Құл­манбетов, Д.С.Карас­кова деген бір топ ғалымы өзде­рінің 2019 жылғы «Бекасыл Биболатұлының ме­дициналық канондары» деген мақаласында Бекасыл әулие­нің «Зикзалын» клини­ка­лық медицина мен фармаколо­гия сала­сын­­­да­ғы медициналық энцикло­пе­дия­лық ғылыми ­еңбек деп ба­ғалаған.

Бекасыл Биболатұлының өмірбаяны мен еңбегі туралы деректер Қазақ елінің мұсыл­ман ойшыл-ғұламалары Әл-Фараби, Жүсіп Баласағұн, Мах­муд Қашқари, Ахмет Иүгінеки, Хусамеддин Сы­ғанақи, Мәшһүр Жүсіппен бірге Қа­зақ­стан Республикасының Білім және ғылым министрлігі ұсынған (2016 ж.) жалпы білім бе­ретін мектептердің 9-сыныбына арналған академик Ғарифолла Есімнің жетекшілігімен да­йындалған «Зайырлық және дінтану негіздері» және «Свет­кость и основы религоведения» атты оқулыққа енгізілген.

Қазіргі кезде Бекасыл Бибо­латұлының «Зик­залы» қазақ оқырмандарының тарапынан зор сұраныс тудырып отыр.

2022 жылы Қазақстан Республикасының Президен­ті Қ.Тоқаевтың шешімімен қазақ руха­ниятындағы алып тұлғалардың, дала даналары мен ғұламаларының есімі және қасиетті жерлердің атауы қайта жаңғыртылып жатыр. Оның жарқын көрінісі биылғы жылы құ­рыл­ған Абай, Ұлытау, Жетісу мен орта­лы­ғына Д.Қонаевтың аты беріл­ген Алматы облыстары.

Осы орайда жоғарыда айтыл­ған Бас мүфти Наурыз­бай қажы Тағанұлының Бек­асыл Биболатұлын ұлықтау туралы бастамасы Қазақстан Үкіметінің тарапынан қолдау табады деп сенеміз.

Бүгін еліміздің астанасын­да Әлемдік және дәстүрлі дін­дер көш­басшылары­ның кезекті VII съезі өтіп жатыр. Араға бір­неше күн салып қазақ-қыр­ғыз зиялыларының V фо­ру­­мы аясында Бекасыл Бибо­латұлының 200 жылдық мерейтойы қасиетті Түркістан жерін­де аталып өтпекші. Менің пікірімше, бұл да кездейсоқ нәрсе емес. Ол ғұлама баба­мыздың ұстанымы мен рухы биіктігінің дәлелі.

 

Мырзатай ЖОЛДАСБЕКОВ,

Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтың лауреаты